23.06.2016, 6:06
Қараулар: 51
«Неге ауыл әкімдігінен ешкім жоқ?» «Заңсыз арақ саудасын тыю керек!»

«Неге ауыл әкімдігінен ешкім жоқ?» «Заңсыз арақ саудасын тыю керек!»

DSC_0193


Жақында «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Теректі ауданының Жаңа өмір, Ақжайық, Шағатай және Қызылжар ауылдарында болып, оқырман қауымның пікіріне құлақ түріп қайтты. Ел-жұртпен кездесу барысында әуелі басылым басшысы «Орал өңірі» бүгіндері бала тәрбиесі, діни сауаттылық, яғни қалың бұқараның жат діни ағымдардың шылауында кетуіне жол бермеу, халық арасында салауатты өмір салтын нығайта түсу, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларынан халықтың дер кезінде хабардар болуы, қазақстандық қоғамда заң үстемдігін біржола орнықтыру секілді көкейкесті тақырыптарға басымдық беріп отырғандығын айтып өтті. Сонан соң оқырмандардың пікіріне ден қойды. Біз бүгін үшбу елді мекендерде өткен кездесулерде оқырмандар ортаға салған кім-кімді де бейжай қалдырмас ой-пікірлерді көптің назарына ұсынып отырмыз.


Бекзат ҚҰБАЕВ,

ШЖҚ «Теректі аудандық ауруханасы» МКК-ның бас дәрігері:

«Неге  ауыл  әкімдігінен ешкім  жоқ?»

— Сіз жаңа халықты да, билікті де қатты толғандырып отырған көкейкесті тақырыптарды қозғап өттіңіз. Әсіресе, бала тәрбиесіне жүйелі көңіл бөлу, жастардың жағдайын жіті назарда ұстау, өскелең ұрпақты қаршадайынан адал еңбекке баулу, әсіресе, дәстүрлі исламды қазақ арасында нығайту, жат діни ағымдарды ел ішінен біржола аластату күні кешегі Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан кейін шұғыл қолға алынуы тиіс шаруа екендігі күмәнсіз. Ол үшін тек облыс немесе аудан орталықтарында ғана емес, біздің ауыл секілді ірі елді мекендерге діни сауаты мығым имам-молдаларға қоса, кәнігі теологтар керек. Міне, осындай күрделі мәселелер талқыға салынып жатқан жиынға неге ауыл әкімдігінен бірде-бір қызметкер қатыспайды? Бұра тартқанды жөнге салар, адасқанға ақыл айтып, дұрыс бағыт-бағдар сілтер бұл ауылдың ақсақалдары қайда? Тентекті тәубесіне келтіріп, тезге салар ақылман аналар қайда? Осындайда қариялар жұрттың алды болып келіп, көрген-білгендерін, көңілге түйгендерін ортаға салып, жөн-жоба айтпай ма?..

Редакциядан: Біздіңше, Ақжайық ауылының зиялы қауымы атынан бас дәрігер орынды ренішін білдіріп отыр. Халықты да, билікті де қатты толғандырып отырған өзекті мәселелер сөз болған жиынға Ақжайық ауылдық округінің әкімі аппаратынан бірде-бір мемлекеттік қызметкердің төбе көрсетпеуін қалай түсінуге болады? Облыстық газеттің басшылығы жергілікті оқырман қауыммен кездесуге баратындығын үш күн бұрын бас редактордың өзі ауыл әкімі Муфтах Дүйсенғалиевке телефон арқылы айтты. Жақсы, аяқ астынан ауыл әкімінің шұғыл шаруасы шығып қалды делік. Бірақ ол жергілікті әкімдіктің аппараттағы жалғыз мемлекеттік қызметші емес қой! Сонда бұл тұтас ауыл әкімі аппаратының жергілікті ел-жұртты менсінбегені ме, жоқ әлде бір ғасырға жуық бай тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетін көзге ілмегені ме? Бәлкім, екеуі де шығар… Редакция басшылығы ауыл әкімінен осы мәселенің аражігін ашып берер ресми жауап күтеді. Үшбу жиыннан біз «Жалпы, Ақжайық ауылдық округі әкімдігінің жергілікті жұртпен жүйелі байланысы, жанды жұмысы бар ма екен?» деген дүдәмал оймен шықтық…

Нұркен ШАМҒАЛИЕВ,

Теректі аудандық ІІБ Ақжайық полиция бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі:

«Теолог  керек»

— Жаңа ауылымыздың бас дәрігері орынды мәселені көтерді. Ақжайық – бұрынғы аудан орталығының ізіндегі ауыл болғандықтан, халық қарасы баршылық ірі елді мекен. Оның үстіне облыс орталығынан да тым қашық емес. Сол себепті біздің ауылға жат пиғылды, мысық тілеулі діни миссионерлердің назары аумайды, көзі түспейді деп өз басым айта алмаймын. Біздің халық үшін исламның дәстүрлі емес ағымдарын уағыздап жүргендерді тоқтатып, бұл әрекеттері заңға қайшы екендіктерін ескертсең, олар діни хадистерді алға тартады. Біз заңды жақсы білгенімізбен, хадис жағын жеткілікті біліңкіремейміз. Осындайда ауылымызға теолог керек екендігін қатты сезінеміз…

Руслан  МҮТИЕВ,

Шағатай ауылдық округінің әкімі, Теректі ауданы:

«Өнер  ұжымдары  неге ат  ізін  салмайды?»

— Қазақ арасындағы діни сауатсыздықты біржола жою үшін меніңше, кішігірім ауылдың өзінде дәстүрлі ислам бойынша сауат ашу курсынан өтіп, тиісті құжатқа қол жеткізген имам-молдалар болғаны жөн. Ондай кісі, әрине, әр ауылдың өзінен шықса, жүдә дұрыс. Өз басым ауылдастарымның арасында бүгіндері осындай бағыттағы әңгімені жиі айтып жүрмін. Сонымен қатар бала саны аздығынан кейбір ауылдардағы білім ошақтарына жабылу қаупі төніп тұр. Үлкендер жағы жастарға ауылдық жерлерге демографиялық дүмпу керек екендігін көбірек айтқаны дұрыс-ау.

Тағы бір айтпағым, аудан мен облыс орталығындағы өнер ұжымдары бұрынғы колхоз-совхоздардың бұрынғы бөлімшелеріне барып өнер көрсетуді сап тыйды. Колхоз-совхоздар құрығанымен, ауыл бар, ел бар ғой. Өнерпаздардың анда-санда арнайы келіп бір концерт қойға-нының өзі — ауыл халқы үшін ұлы оқиға. Әсіресе, әлгіндей өнер сапарлары биылғыдай ел тәуелсіздігінің мерейлі жылы көрініс тауып, ауыл-аймаққа рухани түлеу, рухани серпіліс әкелсе, қандай жарасымды!

Хамит  САЛАХИЕВ,

Қазақ  КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз:

«Қызылжар  мәдениет  ошағына  мұқтаж»

—  Мен ұзақ жыл педагогика саласында еңбек еткен адаммын. Біраз жыл осы Қызылжар ауылындағы сегіз жылдық мектептің директоры болып қызмет істедім. Біздің ауылдағы осы шағын мектептен білім-тәрбие алып, үлкен өмірге қанаттанған біраз шәкіртіміз Қазақстандағы алдыңғы қатарлы білім ордаларын тәмамдап, бүгіндері тәуелсіз Қазақстанның халық шаруашылығының әр саласында абыройлы қызмет атқарып, жемісті еңбек етіп жүр. Бұл олардың ата-анасына қоса, біздер, яғни ұстаздар үшін де үлкен абырой.

Ендігі айтпағым, біздің ауылдың тұрған жері шаруаға жәйлі, тұрмыс-тіршілікке қолайлы. Тіпті күні кешегі қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгерген өтпелі кезең, өліара шақта да бұл жерден ел үдере көшкен жоқ. Ауылымызда жастар, жас мамандар, мектеп оқушылары, шүкір баршылық. Демалыс күндері, мейрам кездерінде туған ауылына студенттеріміз келіп тұрады. Алайда олардың бас қосып, бос уақыттарын мәнді, мағыналы өткізетін Қызылжарда мәдениет ошағы жоқ. Біздің ауылға шағын да болса, бір мәдениет үйі керек, мәдениет ошағына қатты мұқтажбыз. Наурыз, Жеңіс күні, Тәуелсіздік мейрамы секілді мерекелерде ауылдың үлкен-кішісі бас қосып, арқа-жарқа болатын бір орын жоқ, халыққа обал тіпті…

Таңатар АБЫЛҒАЗИЕВ,

еңбек ардагері, Қызылжар  ауылы, Шағатай  ауылдық округі:

«Заңсыз  арақ  саудасын тыю  керек!»

Біздің құйтақандай Қызылжарда 3-4 үй арақ сатады деп естимін, соны қойғызу керек. Олар қайбір спирттік ішімдіктің қауіпсіздік технологиясына сәйкес шығарылған арақ сатып жатыр дейсің. Әншейін, халықты, әсіресе, жастарды улап жатыр. Басы ашық мәселе, заңсыз арақ сатуды тыю керек!

Қадірғали  БАЙНЕШОВ,

еңбек ардагері, Қызылжар ауылы, Шағатай ауылдық округі:

— Бүгіндері үлкенді-кішілі жиындарда жер мәселесі жиі талқылануда. Әр ауылдың маңында жекенің малы үшін қажет жайылымдық, шабындық жерлер ортақ қолданыста сақталуы тиіс. Осы аманатты жоғары жаққа жеткізіңіздер.

Баршагүл  ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Шаған орта мектебінің менеджері:

— Біздің мектепте 84 педагог бар. Біздің ұжым «Орал өңірі» газетіне жыл сайын белсенді жазылады. Оған себеп редакция қызметкерлерінің шығармашылық қызметкерлерінің ізденісі дер едім. Педагогика саласында қызмет істегендіктен, біз, әсіресе, бала тәрбиесі, ата-ана мен мұғалімнің байланысы, жасөспірімге уақтылы психологиялық көмек, жас буынды еңбекқорлыққа тәрбиелеу мазмұнындағы материалдарға бірінші кезекте назар аударамыз. Меніңше, мәселен, «Орал өңірінде» биыл жарық көрген «25 минут? Бұл тым аз…», «Мас апайларды қараймын деп қатып қалдым…», «Күн сайын бір баланы қуанта алсам…», «Қайғылы оқиғалардың алдын алайық» деген сияқты біраз мақалалар мұғалімдер қауымына қоса, ата-аналарды, жалпы қоғамды бейжай қалдырмауы тиіс материалдар деп есептеймін. Ізденістеріңіз нәтижелі, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!