23.06.2016, 6:04
Қараулар: 3
Қалдықтың да қайырын көрсек

Қалдықтың да қайырын көрсек

мусора


Облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі жылма-жыл ұлғайып келе жатқаны жасырын емес. Облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапановпен сұхбаттасқанымызда, бұл бағытта біраз қат-қабат мәселенің бар екенін аңғардық. Оның мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін өңірде жалпы аумағы 550 гектардан астам жерді алып жатқан 6,5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Көлемі жағынан ең ірілерін атап өтсек, Орал қаласы маңында 1975 жылы пайдалануға берілген полигонда 3,5 млн. тонна қалдық бар. Ақсай қаласындағы қоқыс алаңына 30 жылдан бері 800 тонна қалдық үйілген. Негізінен, бұлардың әу бастағы жобада белгіленген пайдалану мерзімі аяқталған. Орал қаласына жаңа полигон құрылысын салу үшін жобалау құжаттары әзірленуде. Шаһарға қоныстанушылардың көбеюі, ескірген инфрақұрылымдар полигонның ұлғаюына әсер етуде.


Облысымыздағы қоқыс үйінділеріне жыл сайын 100 мың тонна коммуналдық, 70 мың тонна өндірістік қалдық қосылады екен. Қауіпті қалдықтарды қабылдайтын, іріктейтін арнайы қосын жоқ. Орал қаласында «Кускова», «Глухова», «ВТС-Уральск», «А.Үсенов» сынды кейбір жеке кәсіпкерлік нысандары ішінара макулатура (бүлінген, ескі қағаз, картон) мен полимер (пластикалық, синтетикалық) бұйымдарды жинап, базарда, көтерме сауда дүкендерінде сатумен айналысады. Қазіргі кезде макулатураның келісі 30 теңге құрағандықтан, бұл іске өз еркімен бет бұрған тұрғындар да бар. Былтыр қоқысқа лақтырылған 1,72 мың тонна материал өңделген. Яғни облыстағы қатты қалдықтардың 1,7 пайызы ғана кәдеге жарады деген сөз.

Облыстағы 415 елді мекеннің жанында қоқыс үйіндісі бары анықталса, 228-інің ғана жер телімі заңдастырылған. Яғни жергілікті атқарушы орган шешімі мен жер актісі рәсімделген. Ал елді мекендердегі күл-қоқыс алаңдары құрылыстарының бірде-бірінің жобалық құжаттамасы жасалмаған. Осы құжатты дайындау қыруар қаржы талап ететіндіктен, жергілікті әкімдіктер бұл мәселені шеше алмай отыр. Ал Орал мен Ақсай шаһарларын қоса алғанда, өңіріміздегі төрт-ақ ауыл әкімдігі  полигоннан қоршаған ортаға келтіретін залалға  ақы (эмиссия) төлеп отыр. Облыс бойынша полигондарға қатысты ортақ кемшіліктер жетерлік. Мәселен, қалалар маңындағы ірі қоқыс алаңдары орналасқан аумақтар экологиялық тұрғыда тиімсіз. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар ескерілмеген. Полигондарда қалдықты сақтаудың технологиясы жиі бұзылады. Кей қалдық жанатын болғандықтан, ауаға улы қоспалар таралады. Дезинфекциялық тосқауыл (барьер) қойылмаған. Салмағы жеңіл қалдықтарды жел сыпырып әкетіп, жан-жаққа шашып тастайды. Пакет, қағаз атаулысының мал азығына айналып жататыны да бар.

Аталған өзекті мәселелерді шешу жолын қарастыру үшін департамент басшысы Қабижан Қапанов екі жылдан бері «Экологиялық мәселелер» картасы жасақталып жатқанын айтты. «ҚР Энергетика министрлігі жанында Жасыл экономика, Қалдықтарды басқару департаменттері жұмыс жасайды. Біздің міндетіміз – облыстағы жергілікті атқарушы органдар мен министрлік құрылымдары арасында берік байланыс орнату», – деді ол.

Әрине, облыстағы экологиялық ахуалға қатысты барлық мәселе картаға енгізілген соң, сала-сала бойынша жіктелген. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтардың орындарын, нақты көлемін, жасақталған мерзімін, құжатын түгендеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ 15 қалдық орнының ешқандай шаруашылыққа тиесілі емес екені белгілі болды. Мәселен, Теректі ауданындағы Аңқаты ауылдық округінде 150 шаршы метр аумақта химикаттар қалдығы табылса, Долинный ауылдық округінде 500 шаршы метр аумаққа селитра төгілген. Жергілікті әкімдік соған байланысты құжат рәсімдеп, сотқа жолдаған. Осы тұста айта кеткен жөн, аталған полигондар сот шешімінен соң ғана ҚР Экологиялық кодексінің 254-бабына сәйкес республикалық  иесіз қалдықтар кадастріне енгізіледі. Содан кейін ғана республикалық  және жергілікті бюджеттен қажетті шара алу үшін қаржы бөліне бастайды. Ал Ақжайық ауданындағы Ақсуат ауылдық округінде 134 мың 250 шаршы метр аумақтағы топырақ мұнай өнімдерімен ластанған. Топырақ құнарлығын қалпына келтіру үшін жер телімі өткен жылы «Қазтрансойл» АҚ-ның Орал мұнайқұбыры басқармасының қарауына уақытша берілген. Былтыр кәсіпорын 23 мың шаршы метр аумақты тазартса, қалған бөлігін өңдеуді 2016-2020 жылдарға есептелген бизнес-жоспарына енгізген.

Қабижан Қапанов жақында облыс әкімінің қатысуымен онлайн режимде өткен кеңесте аудан әкімдіктеріне ортақ мәселені бірлесе шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізгенін тілге тиек етті. Өңіріміздің бас экологының айтуынша, қалдықтарды тасымалдау, жою, қай шаруашылықтың иелігінде екенін анықтау жұмыстарын жуық арада еңсеру мүмкін емес. Бюджеттен бірден қыруар қаражаттың бөлінбейтіні түсінікті. Жыл сайын прокуратура өкілдерімен барып тексеріс жүргізіп, елді мекен тазалығына жауапты құрылымдардың басшы-қызметкерлеріне айыппұл сала бергеннен нәтиже шықпайды.  Сондықтан алдымен аудан әкімдіктері ұзақ жылдық бағдарлама жасақтап, оған қоқыс алаңдары туралы мағлұматты толық енгізіп, сол бағытта кезең-кезеңімен тиімді жұмсалуы үшін қаржы көлемін анық көрсетуі тиіс. Реті келгенде, жергілікті билік бағдарламаны құзырлы органдарға ұсына отырып, бірге жұмыстану үшін меморандумға қол қойған жөн. Мәселен, ҚР Энергетика министрлігімен келісімшарт жасасуға болады. Әрине, мұндай жобалардан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тыс қалмайтыны анық.

Қазіргі уақытта департамент қарауындағы мемлекеттік инспекторлар аудан әкімдіктерімен бірлесіп, арнайы комиссия құрып, әлі де белгісіз иесіз қалдықтар санын анықтаумен шұғылданып жатыр екен. «Экологиялық кодекстің 292-бабында елді мекен аумағындағы коммуналдық қалдықтарды тасымалдаумен, залалсыздандырумен жергілікті атқарушы органдар шұғылданатыны анық көрсетілген. Яғни аудан әкімдіктері жауапты. Мұндай жұмыстарды солар ұйымдастыруы тиіс. Біздің мекеме жергілікті бақылаушы орган болып есептеледі», – деп түсініктеме берді департамент басшысы. Маусым айы соңында инспекторлар мәлімет бере бастайды. Сондықтан  карта бойынша жұмыс  ауқымы  кеңейе  түспек.

Қабижан Қапанов облыс бюджетінен экологиялық мәселелерді шешуге бөлінетін қаражат мардымсыз екенін айтты. Тарқатып айтсақ, қоршаған ортаға белгілі мөлшерде залал тигізетін мекеме-кәсіпорындардан алынатын экологиялық төлем (эмиссия) жергілікті бюджетке, ал рұқсат етілген шекті  сақтамағаны анықталғанда салынатын айыппұл республикалық бюджетке түседі. Кейін сол қаражаттың бәрі экология саласына бағытталмайды, басқа әлеуметтік түйіндерді шешуге жұмсалады. «Менің ойымша, бұл қаржы түгелімен экологиялық мәселелерді шешуге жұмсалуы керек. Еліміздің кейбір облысында бір пайыз, кейбіріне бес пайызы ғана бөлінуі мүмкін. Экологиялық төлем, айыппұлдарға қатысты ашықтық қағидаты болуы керектігі талай мінберде айтылды. Депутаттар да құлағдар. Міне, сондықтан экологиялық картаға сүйеніп әкімдік бағдарлама жасаса, құжат негізінде қарастырылатын қаражат айқындалып, жоспарлы іс-шаралар жүзеге асар еді. Алдағы уақытта жауапты орган өкілдері іс-шаралар есебін нақты бере алады. Әйтпесе, кейде ауылдық округ иелігіндегі қалдық жөнінде нақты мағлұматтар бермей жатады», – деді облыстың бас экологы.

Облыстық экология департаментінің өкілдері жыл сайын рейд жүргізу арқылы елді мекендерде орын алған заңбұзушылықтарды анықтап, алдын ала қажетті нұсқаулық береді. Айта кетерлігі, газдандыру жұмысы жүргізілген соң, кей елді мекендер аумағында бұрын отынға пайдаланылған түрлі көлемде қырыққа жуық мазут қалдығы бар  орындар анықталды. Кейін жергілікті атқарушы органдар қалдықтар үйіндісін тазартуға кіріседі. Соның нәтижесінде күні бүгінге мазуттың орындары онға дейін қысқарған. Дегенмен бұл мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Мәселен, Сырым ауданындағы Тоғанас ауылында 10 мың шаршы метр аумақты басқан мазут қалдығы иесіз қалдықтар санатына енген.

Тоқетері, «Экологиялық мәселелер» картасы аясында күрмеулі түйіндерді жіліктеп қарастыру көзделген. Соның ішінде жыл сайын көбейіп келе жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау, жою, қоршауға алу жұмыстары кезең-кезеңімен шешуді қолға алу жоспарлануда. Сондай-ақ аудандарда құрамындағы сынабы бар бұйымдарды қабылдайтын мекеме-ұйымдар ашу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта облысымызда қалдықты өңдеуге шетелдік инвесторларды тарту көзделуде. Десек те елімізде қалдықты сұрыптау, кәдеге жаратудың жаңа технологиясын енгізу кенжелеп тұрғаны алаңдатады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар