23.06.2016, 6:03
Қараулар: 28
Тергеушінің дәптерінен: Сыңар аяқ киім

Тергеушінің дәптерінен: Сыңар аяқ киім

мурат туйгынбетов 001


Мұрат Санжарұлы Тұйғынбетов – Қарағанды жоғары милиция мектебінің түлегі. Чапаев АІІ бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, кейін сол ауданның прокуратурасында тергеуші қызметтерін атқарған. Соңынан Тайпақ, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарында аудан прокуроры болды. Әділет кеңесшісі, прокуратура органының ардагері.


М. Тұйғынбетов соңғы жылдары тергеушілер өмірінен кітап жазып жүр. Онда өзінің және құқық қорғау саласында қанаттас еңбек еткен әріптестерінің қиын да қызық жұмыстары жайлы баяндалады. Күрмеуі қиын, ауыр қылмыстардың түйінін тарқатып, қылмыскерді анықтауда күні-түні тыным таппайтын тергеушілер өмірінен жазылған ол хикаяттардың бір-екеуі бұған дейін «Орал өңірі» газетінде жарияланды. Автор бүгін әріптестерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, болашақ кітабына енетін төмендегі хикаятын оқырмандар назарына ұсынады.

Бұрынғы Чапаев ауданының (қазір Ақжайық) ішкі істер бөліміне уайым мүжіп, қайғы қажытып, әбден шаршаған бір қарт ана келді.

Ол ауданға қарасты совхоздардың бірінен екен. Мен кезекті бір қылмыстық істі сотқа жөнелтуге реттеп отырғанмын. Қарсы алдымдағы орындыққа «Уф, Алла…» — деп барып отырған кейуананың ентігін басып, демін алуын күттім. Бөлмеміздің жартылай ашық тұрған торлы терезесінен лекілдеген самал жеңіл шілтерді тербетіп қояды.

Сыртта жаймашуақ жазға тән қайнаған тірлік. «Ех, Жайықтың жағасына барып жатар ма еді, шіркін…» — деп іштей армандайсың осындайда. Бірақ тергеушінің сағатпен, күннің мезгілімен санасуға мұршат бермейтін тынымсыз жұмысы оған мүмкіндік бере ме дейсің де іштей, ұшы-қиыры жоқ жұмысыңа қайтадан кірісесің. Мен де Жайықтың саялы жағасын көңілден әрі ысырып, қарияның әңгімесіне құлақ түрдім.

— Қарағым, балам, — деді ауыр күрсінген кейуана. — Қойдың жасындай жасым қалғанда, жалғызымнан көз жазып, оның тірі-өлі екенін білмей сенделген жанмын. Бармаған жерім, сұрастырмаған адамым қалған жоқ. Жалғызымды табуға көмек сұрап келіп отырмын. Осылай деп әңгімесін әріден бастаған әжей баласының ауылдас жігіттің машинасымен аудан орталығына сапарлап кеткеннен қайтып оралмағанын айтты. Баласын ең соңғы көрген автомобиль жүргізушісінің сөзіне қарағанда, ол жолшыбай көліктен түсіп қалғанын, содан кейін оның үйге келмегенін, ешкім көрмегенін тәптіштеп баяндады.

Осынау істі өндірісіме алған соң, көп ұзамай, шетімен шеті жоқ тергеу-тексеру, іздестіру шараларына кірісіп кеттім. Онда анықталғанындай, жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде «ЗИЛ-130» автокөлігіне отырған екі азамат аудан орталығына жолға шығады. Олардың біреуі көліктің жүргізушісі де, екіншісі оның ауылдасы. Аудан орталығындағы шаруаларын бітіргеннен кейін екеуі Чапаевқа іргелес, сол кездегі Феофан ауылына, жүргізушінің танысына барады. Сол үйде күннің күйіп тұрғанына қарамастан, біраз арақ ішіледі. Мен  ол үйді тауып алып, ондағылармен сөйлескенде, үй иелері екі азаматтың келгенін, қонақ болғанын, ішімдік ішілгенін жасырмай жайып салды. Содан кейін қос жолаушының бірге аттанып кеткенін айтып, ант-су ішті. Мен арақ ішілген отырыстың төңірегінен орағытып әңгімеге тартып көріп едім, отырыс бойында ешқандай ұрыс-керіс, әсіресе, екі қонақтың тарапынан бірбіріне деген реніш болмаған. Кештете екеуі ішілген арақтың әсерімен мәз-мейрам күйлерінде «ауылға кеттік» — деп бұл үйден дін аман аттанған. Сол себепті мен әрі қарай тергеу тобымен бірлесе отырып, жоғалған азаматпен бірге болған, оны соңғы рет көрген делінген көлік  жүргізушісін сұрақтың астына алдым. Жүргізуші қонақ болған үйлерінен аттанып кеткеннен кейін ауылдасының Чапаевтың шетінде орналасқан училищенің маңайына келгенде, «Қалаға барамын» — деп, көліктен түсіп қалғанын айтып, азар да безер болып отырып алды.

— Мен де қызғынмын, ол тіпті масайып қалды-ау деймін.  «Қалаға баратын шаруам бар» — деп айтқанымды тыңдамай, көнбей көліктен түсіп қалды. Мен арақ ішіп қойғандықтан, бірдемеге ұшырап қалармын деп  сол жерден тура ауылға қайттым, — деді жүгізуші. Азамат осы сөзін осымен нешінші рет қайталап отыр? Мүмкін рас шығар…

Біз оның сөзіне сенгіміз-ақ келіп отыр. Бірақ ол жігіт қайда кетті?

– Сонда атпалдай азаматты жер жұтты ма, аспанға ұшты ма? Қайда кетті?..  Осылай деп мен жүргізушіге қайта шүйліктім.

— Қалада таныстары көп еді, солармен сайрандап жүрген шығар, — деп мұрнының астынан міңгірлеген жүргізуші бұл жолы да бұрынғы әңгімесінен танбады. «Байғұс, шынында да, расын айтып отырған болар… Кінәсіз адамды босқа қинап жүрген жоқпыз ба?» — деген күдік енді біздің өзімізді мазалай бастады… Осылайша күндер зымырап өте  берді. Тергеу тобы қарап жатқан жоқ еді, облыс көлеміндегі ауруханалар мен айықтырғыштардан, жоғалған азаматтың баруы мүмкін деген тума-туыстарынан, тіпті мүрдеханадан да сұрастырып, тиісті құжаттар тексеріліп, іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіле берді.

Ал жанын қайда қоярға білмеген анасы да бұл кезде баласын өз бетімен іздестіруін жалғастыра берді. Тіпті көріпкел-балгерлерге дейін барып, қарайған ақшасын төлеп, тас аштырып тыным таппады. Олардың бірі — «Тірі, бірақ бір жерде отыр» — деп үміттендірсе, екіншісі — «Өзі келеді» — деп одан сайын қуантыпты, ал үшіншісі — «Балаңыз бұл дүниеде жоқ» — деп үмітін кескен. Бұл оқиға аудан көлемінде әр түрлі алыпқашпа әңгіме туғызып жатты. Олардың арасында «Милиция не бітіріп жатыр, жоғалған адамды таба алмай?» — деп тергеу тобын ағаш атқа теріс мінгізіп жатқандары да бар еді. Ал тергеушілер болса, жоғарыда айтқанымдай, қол қусырып қарап отырған жоқ еді. Бірден дұрыс қабылданған жорамал негізінде іздестіру-тергеу жұмыстары бір сәт те баяуламай, аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілдері  Е. Айтқалиев, С. Кәкімов, Х. Есенғазиев барлық тергеу шараларының шытырман түйінін көлік жүргізушінің төңірегінен тарқатып, осы маңайды тереңдетіп, «қаза» берді. Сөйтіп, жолаушы азаматтың жоғалып кеткеніне 40 күн толғанда, тергеу тобы қолда бар барлық тергеу материалдарындағы жинақталған дәлелдемелер негізінде жүргізушіні күдікті ретінде қамауға алдық. Оған жолаушы жолдасының бұл дүниеден ғайып болғанына 40 күн толғанын, егер оның өмірде жоқ екені рас болса, бүгін 40 күндігі екенін, ал марқұмның анасы оның не өлі, не тірі екенін білмей, қайғыдан қан жұтып жүргені тағы да қайталанып есіне салынды.

— Марқұмның аруағы тыныш табуы үшін денесі мұсылмандық жолмен жер қойнына берілуге тиіс, оны жасырып күнәға бата берген мұсылман баласына екі дүниеде де ауыр айып, кешірілмес күнә емес пе? – деп күдіктіге мәселені қабырғасынан қойдық. Сол-сол-ақ екен, жүргізуші еңкілдеп жылап жіберді. Сөйтсе, сол күнгі қарт ананың жалғыз ұлын жазатайым еткен қайғылы оқиға былай болған екен. Феофаннан шықан көлік Орал – Атырау күре жолына түскеннен кейін қатты жылдамдықпен Мойылды ауылының тұсына әп-сәтте жетіп барады. Сол тұста араққа әбден тойып алған жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдан шығып кетеді.

Зымырап келе жатқан сүйегі ауыр «ЗИЛ-130» қатты екпінімен барып, жол жиегіндегі теректерді жапырып өтіп, үюлі топыраққа қатты соғылады. Осы кезде қалғып-мүлгіп, бейқам отырған жолаушы жігіт ашылып кеткен есіктен ұшып кетеді. Сол жерде алған ауыр дене жарақатынан қаза болған. Бірақ кім біледі, жолаушы жарақат алған алғашқы минуттарда тірі болған да шығар. Алайда жүргізуші болса, оған көмек көрсетудің орнына жол жиегіндегі қалың тал-теректердің арасына сүйреп апарып, жапырақтармен, тал-бұталарымен жауып тастаған. Сөйтіп, оқиға болған жерден ізін суытып, бой тасалаған.

Осыдан кейін жүргізуші тергеу тобын оқиға болған жерге өз еркімен бастап барып, мән-жайды толық айтып берді. Сүйекті жасырған жеріне дейін көрсетті. Мезгіл шілде айы болғандықтан, аптап ыстықта, 40 күн бойы жатқан марқұмның мүрдесі әбден бүлінген. Осы айналаны тергеу тобы әрі қарай шиырлағанда, топырақтың арасынан бір сыңар аяқ киім табылды… Оны кейін жоғалып кеткен жолаушы жігіттің анасына танытуға ұсынғанда, кейуана әдейі қойылған бірнеше аяқ киімнің ішінен оны бірден танып, жылап қоя берді.

Бұл қылмыстық іс кейін аудандық сотта қаралып, сотталушы – жүргізушінің қылмыстық әрекеттерін өзінің толық мойындап берген жауаптарымен қатар, басқа да құжаттар мен тергеу тобының таққан айыптары түгелдей расталды. Жүргізушіге сот ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға  үкім кесті. Осылайша бейкүнә жанның қанын мойнына жүктеген қылмыскер тергеушілердің арқасында тиісті жазасын алды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, аудандық соттың жеке қаулысымен жаздағы науқандық жұмыстардың қайнап жатқан шағында білдей бір техниканы тізгіндеп, күні бойы арақ ішіп жүргендерге тыйым салмаған ауылдық кеңестің төрағасына, милицияның аймақтық өкіліне ұсыным жолданды. Онда аталған бұл органдардың қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарының сын көтермейтіндігі қадап көрсетілді.  Ол кездегі кеңестік тәртіп мұны қатаң талап ететін.

Мұрат  ТҰЙҒЫНБЕТОВ,

құқық  қорғау  саласының  ардагері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар