21.06.2016, 6:06
Қараулар: 81
«Жұмыссыз жастарды еңбекке тартуымыз керек»

«Жұмыссыз жастарды еңбекке тартуымыз керек»

IMG_5485


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Тасқала ауданында болып, бірқатар мекеме-кәсіпорындарды, құрылыс нысандарын, кәсіпкерлік нысандары мен шаруа қожалықтарын аралап, олардың жұмыстарымен танысты.


Өңір басшысы ауданға сапарын “Орал – Тасқала – РФ шекарасы (Озинки)” аутожолын қайта төсеу жұмыстарының жүру барысымен танысудан  бастады. Облыс әкімі еліміздегі “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша өңірімізде жүзеге асып жатқан бірден-бір жол құрылысының сапалы және уақтылы атқарылуын тапсырды. «Қаз-автожол» АҚ БҚО филиалының тапсырысымен мердігер «Uniserv» ЖШС салып жатқан жолға 17088,9 млн. теңге бөлінген. Осы жылы жолдың 11 шақырымына тас жол төселеді деп жоспарлануда. Жол сапасын техникалық қадағалауды «Жол сапа» ЖШС бақыласа, «Таурус», «РКДС» ЖШС қосалқы мердігерлер  болып  табылады.

– Мемлекеттік бағдарламамен жөнделіп жатқан бұл жолдың сапасы жоғары болуы тиіс. Өткен жылы салынған жолдың Переметный ауылы бағытына бұрылар тұсында кемшіліктер орын алды. Жолдың екінші қабатын төсеу барысында сол жерлердің тегістелуін қадағаларсыздар. Маусым айы да аяқталып қалды. Өткен күз айларында ауа райының қолайсыздығынан  аудан халқы жол азабын тартқаны белгілі.  Сондықтан күздің жауын-шашынына қалмай, жолды сапалы және уақтылы аяқтауымыз керек. Жол жөндеу жұмысын немқұрайлы орындап, кейін қайта жасағаннан гөрі сапасын бірден қатаң қадағалау қажет. Себебі өңірімізде мұндай мемлекеттік бағдарламамен қомақты қаржыға жол жыл сайын жөнделе бермейді, соны ескеріңіздер, — деді Алтай Көлгінов.

Бұдан соң облыс әкімі Тасқала ауданы орталығындағы “Сәулет” мектеп-лицейінде болып, дарынды оқушылардың қолынан шыққан өнер туындылары қойылған көрмені тамашалады. Мектептің дәлізінде өнертапқыш жас өрендер робототехника саласындағы жетістіктерімен таныстырды.  Одан әрі облыс басшысы мектепті үздік бітірген түлектермен кездесіп, сәттілік тіледі.

Сондай-ақ өңір басшысы аудан орталығындағы жеке кәсіпкер Сейітқали Шотановтың аяқ киім тігу цехында болды. Цех иесі 2014 жылы “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ арқылы 2 млн. теңге несие алып, өз кәсібін ашып, бүгінде бес адамды жұмыспен қамтуда. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 40 мың теңге. Болашақта қосымша 3 млн. теңге несие  алып,  кәсібін  кеңейтпек.

– Алғашында аяқ киім жөндеумен айналыстым. Кейін мемлекет тарапынан жеңілдікпен несие алдым. Өз қаржымды қосып, осы ғимаратты салдым. Сол жылы аяқ киім тігетін құрылғыларға да қол жеткіздім. Ендігі жерде осы шағын цехымды кеңейтіп, тағы да бір-екі тәлімгер баулысам деймін. Біз тіккен аяқ киімге тапсырыс берушілер көп. Көршілес аудандардан да келушілер бар. Бүгінгі күні елімізде кәсіп ашып, еңбектенемін деген жанға барлық жағдай жасалған. Сол үшін де өзіңіз секілді ат үстіндегі азаматтарға алғысым шексіз, – деді кәсіпкер  Сейітқали  Шотанов.

Өңір басшысы жеке кәсіпкер Гүлайым Жақыпованың ет өнімдерін сататын “Бәйтерек” дүкенінде, орталық базарда болып, өнім түрлері мен азық-түлік бағаларын біліп, тұрғындармен жүздесті.

Тасқала аудандық мәдениет үйінде аудан кәсіпкерлерімен өткен кездесуде облыс басшысы  А. Көлгінов өңіріміздегі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Аудан кәсіпкерлері өз істері, болашақ жоспарларымен бөлісіп, түйткілді сауалдарға тиісті жауаптар алды.

– Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға аса назар аударып отыр. Біздің өңірде жалпы ішкі өнім көрсеткіші 36,8 пайызды құрайды. Ол, әрине, шағын және орта бизнеспен айналысатын өздеріңіз секілді кәсіпкерлерден түсетін кіріс, солардың еңбегінің жемісі. Бизнесті одан әрі дамыту мақсатында биылғы жылы облыста «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 1 млн. теңге, субсидиялық қолдауға 2 млн. теңге бөлінді. Осы мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздықты жою жолында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруымыз керек. Бүгінгі сіздермен кездесуіміздің басты мақсаты – сіздердің  айналысатын кәсібіңіз, жеткен жетістіктеріңіз туралы білу. Сонымен қатар даму жолында кездесетін кедергілер, қиындықтармен бөлісіп, ой-пікірлеріңізді, талап-тілектеріңізді есту, – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Кездесуде сөз алған аудан кәсіпкерлері жетістіктерімен қатар несие алудағы құжаттың көптігі, кей саладағы мамандардың тапшылығы туралы сөз етті. Кәсіпкерлердің сауалдарына облыстық құзырлы мекеме-кәсіпорын мамандары жауаптар қайтарды.

Аудандарда болған жұмыс сапарларымызда кәсіпкерлер ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтын мамандардың тапшылығын жиі айтады. Ал, екінші жағынан, ауылдарда жұмыссыз жүрген жастарымыз көп. Осы екі арнаны ұштастырып, ауылдық жерге аса қажет мамандарға кәсіби білім беріп немесе қайта даярлықтан өткізу арқылы жұмыссыздықты жою жолдарын қарастыруымыз керек. Жаңа ғана осы ауылдан тігін цехын ашқан Юлия Степанова, аяқ киім тігетін Сейітқали Шотанов кәсібін дамытып, кемі екі адамды жұмыспен қамти алатындықта-рын айтты. Ал Арман Мұхтаров жетекшілік ететін «Арман» шаруа қожалығы жаз айларында он шақты адамға жұмыс тауып беремін деп отыр. «Луч» ЖШС басшысы Нариман Мусенов темір жонушы, кран басқарушы секілді тапшы мамандықтарын игеремін деушілерді ақылы болса да, өз қаржысына оқытпақ. Ендеше, кәсіпкерлер ұсынған осы мүмкіндікті пайдаланайық. Ауданда кәсіптік білім беретін колледж бар. Қала берді облыс орталығындағы оқу орындары бар. Солар арқылы қажет мамандарды дайындап, жұмыссыз жастарды еңбекке тартуымыз керек. Осы бағыттағы жұмысты қолға алуды аудан әкімі мен сала басшыларына тапсырамын, – деді өңір басшысы.

Кәсіпкерлермен болған кездесуден соң облыс басшысы ауданға қарасты Ақтау ауылы бағытындағы “Жәнібек” шаруа қожалығының егіс алқаптарында болып, егін салумен айналысатын ірі шаруа қожалықтардың жетекшілерімен кездесті.

Ержан Хаиров жетекшілік ететін “Жәнібек” шаруа қожалығы иелігінде 1533 гектар егіс алқабы бар. Оның 90 гектары – күздік  бидай, 180 гектары – жаздық бидай, 329 гектары – күздік қара бидай, 54 гектары – көпжылдық шөптер. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар биылғы жылдың ауа райы егістік үшін өте қолайлы болғандықтан, егіннің бітік шыққандығын айтты. Өңір басшысы аудан әкіміне егінді уақтылы, шашаусыз жинап алуы үшін шаруа қожалықтарына барынша жағдай жасауды тапсырды.

– Көктемгі ылғалдың мол болуының арқасында өңірімізде егін бітік шығуда. Түсетін өнім де мол болады деп есептейміз. Осы ырыздықты ысырапсыз жинап алу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Мал өсірумен айналысатын қожалықтарда қырлық пен шабындықта мол шыққан мал азығын барынша шашаусыз жинап алуы керек. Біздің өңірдің ауыспалы климаты жағдайында дәл бұндай өнімнің жыл сайын бола бермейтіні анық. Сондықтан 2-3 жылдық мал азығын жинап алған шаруа ұтады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Екінші Шежін ауылында болған өңір басшысы Нұртай Жұмашев басшылық ететін “Лайге” ЖШС өз қаржысына салып жатқан 50 орындық интернат құрылысымен танысты. Жоба құны – 90 млн. теңге.  Жалпы көлемі 2250 шаршы метрді құрайтын интернатта 616 шаршы метр  демалыс бөлмелері, 220 шаршы метр асхана орналасқан. Өткен жылы құрылысы басталған нысан жақын күндері пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар облыс әкімі бұл күндері күрделі жөндеуден өтіп жатқан Шежін мектеп-балабақшасында болды. 624 орындық білім ордасының күрделі жөндеу жұмысын Ораз Мұхамбетов басшылық ететін «Дизайн-D.A» ЖШС жүргізуде. 101,5 млн. қаржыға жөнделіп жатқан балабақша тамыз айында пайдалануға берілмек.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар