21.06.2016, 6:05
Қараулар: 75
Ассамблеяның құзыреті артады

Ассамблеяның құзыреті артады

IMG_6108


Өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко кеше қаламыздағы Достық үйінде облыстық ассамблея мүшелерімен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті.


Жиынды ашқан облыс әкімі, облыстық ассамблеяның төрағасы Алтай Көлгінов мәртебелі мейманға «Қош келдіңіз!»  айтып, өңіріміздегі ұлтаралық татулықты нығайтуда атқарылып жатқан іс-шаралар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Парламент Мәжілісінің вице-спикері ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы ішінде қол жеткізілген табыстарға тоқталды. Бұл табыстарға жетуімізге республикамыздағы бірлік пен ынтымақ негіз болғанын баса айтты.

– Жақында біз ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың Конституциялық жолдауын тыңдадық. Онда ол «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің орындалуына мониторинг жасауды ассамблея өз мойнына алуы керек деп мәлімдеді. Неге? Себебі бүгінгі қоғамда ассамблея беделі зор, сөзі өтімді, ықпалды институтқа айналды. Өздеріңіз білесіздер, ассамблеяның алдында үл-кен міндеттер тұр. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар алынуда. Оған ассамблеядан сайланған Парламенттегі  тоғыз  депутат та өздерінің үлестерін қосуда. Мәселен, біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген бірлік пен біртектілік идеяларына сәйкес Мәжілісте бес жұмыс тобын құрдық. Ондағы мақсат – Парламенттің  мемлекеттік басқару құрылымдарына ықпал ете алатын құзыретін пайдаланып, ұлттық идеяларды жүзеге асыру. Бірінші кезекте – бұл  заңнамалық құжаттар. Біз Парламентке түскен заң жобаларын қарау кезінде осы мәселелерге жете мән беретін боламыз. Мұның бәрі бюджетті жасақтау кезінде де ескеріледі. Сайлаушыларымызбен кездескен кезде олар Парламент жұмысы туралы көбірек айтсаңыздар екен деп өтініш білдіріп жатады. Соған орай айта кетейін, бүгінгі таңда біз 22 заң жобасын қарау үстіндеміз.  Оның бірі – «Жайылымдық  жерлер туралы». Жер туралы заң секілді ол заң жобасы да үлкен дау тудырмас үшін оны жан-жақты талқылап жатырмыз. Бүгінде біздің қоғамда өзекті болып табылатын төлем және төлем жүйесі, кен орындары мен кен орындарын пайдаланушылар, тұрғын үй қатынасы, электр қуаты сынды мәселелерді қамтитын заңнамалар да қарастырылу үстінде.  Бізде «Парламент сағаты» өтеді. Оған түрлі ведомства басшылары келіп  есеп береді. Таяуда Мәдениет және спорт министрінің баяндамасында спортқа бөлінетін қаржының тек 15 пайызы ғана бұқаралық спортқа бағытталатыны айтылды. Яғни көпшілікті, соның ішінде жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға тәриелеу, спортқа кеңінен тарту ісінде әлі де олқы тұстар жетерлік. Одан кейін Ішкі істер министрі есеп берді. Халық қалаулылары жергілікті полиция қызметіне байланысты сауалдарын жолдады. Сөздің шыны керек, аты өзгергенімен, оның заты өзгерген жоқ. Учаскелік полицейлер өз аумағының тұрғындарын білмесе, тұрғындар да оны танымайды. Олардың халықпен байланысын дамытуға бағытталған жұмыс та мәз емес. Сондай-ақ депутаттар Әділет, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрлерінің де есептерін тыңдап,  өз сын-ескертпелерін айтты. Жалпы алғанда, біздің сайтымыз арқылы Парламент қабырғасында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы, қандай заңнамалар қабылданып, қандайы қаралу үстінде екенін білуге болады. «Парламент сағатына» кім келгенін, оған қандай сұрақтар қойылғанын, қандай жауап алынғаны да жазылады. Сайтта әрбір депутаттың өз парақшасы жасақталып, оның қандай депутаттық сауал жолдап, ақпарат құралдарында қандай мақалалары шығып, қандай хабарға қатысқаны жөнінде де мәлімет бар, — деген Владимир Божко «Қазақстандағы орыс, славян және казак ұйымдарының ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің облыстық филиалын құру туралы ұсыныс жасады. Аталмыш бірлестік төрағасының орынбасары болып табылатын Владимир Карповичтің айтуынша, қауымдастық аталмыш ұйымдардың жұмысын жаңа арнада дамытуға мүмкіндік береді.

Соған орай  бұл бірлестіктің өңіріміздегі үйлестіру кеңесі құрылып, оның 20 мүшесі сайланды. Көпшіліктің ұсынысы бойынша кеңес төрағасы болып облыстық мәслихаттың депутаты Иван Енютин, оның орынбасары болып орыс мәдениеті орталығының жетекшісі Сергей Погодин белгіленді.

Жиын барысында Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар  өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде сұрақтарын қойды. Мәселен, «Еділ-Жайық» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде ветеринария саласын жетілдіру жөнінде мәселе көтерсе, Жайық казактары одағының жетекшісі Вячеслав Солодилов көгілдір отынның бағасын реттеу жайын айтты, қалалық мәслихаттың депутаты Валентина Михно мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды жетілдіруге қатысты өз ойымен бөлісті.

– Владимир Карпович, уақыт тауып өңірімізге іссапармен келіп, Парламентте атқарылып жатқан үлкен жұмыстар, ассамблея аясындағы іс-шаралар жөніндегі кеңірек әңгімелегеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.  Бүгінгі жиналыс барысындағы өңіріміздің көптеген мәселесі айтылды. Сіз өзіңіздің беделіңіздің арқасында орталық басқарушы органдарға ықпал етіп, дәл қазіргі уақытта  өзекті болып тұрған мәселелердің оң шешімін табуына жәрдемдесетініңізге сенімдіміз, – деді жиынды қорытындылаған  Алтай  Сейдірұлы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар