21.06.2016, 6:03
Қараулар: 47
Қос ауданның көрмесі ашылды

Қос ауданның көрмесі ашылды

20160620_154440


Кеше ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданының қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің туындыларынан құралған көрме салтанатты түрде ашылды.


Қадыр ақын атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өткен «Тәуелсіздікке тарту» атты көрменің ашылуына қаламызда тұратын Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының ардагерлері жиналды. Көрмені облыстық мәдениет және өнер орталығы мен Қазақстан Суретшілер одағының БҚО филиалы бірлесе ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын аудан өнерпаздарының бейнелеу өнері, фотоөнері және қолөнер туындыларымен таныстырып, әсемдік әлеміне, тарихи өлкеге саяхат жасату болды.

Көрмеге қос ауданның мектептен тыс тәрбие орталығының мүшелері мен жетекшілерінің, Бөкей ордасы тарихи мұражайының, аудан қолөнершілерінің кескіндеме, мүсін, фотоөнері, зергерлік, сәндікқолданбалы өнер бұйымдары қойылған. Әр туындыда қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениеті мен тарихынан, тәуелсіздігінен сыр шертер белгілер айқын көрсетілген.

— Біз өнерді жаңадан ойлап тапқанымыз жоқ. Ол — ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дәстүр. Бабаларымыздың киген киімдеріндегі сән-салтанат пен тұтынған ыдыс-аяқтарындағы әдемі бедерлердің өзі олардың аса жоғары деңгейдегі өнер иелері болғандығын паш етеді. Бүгінгідей аудан өнерпаздарының көрмелері жыл бойына жалғасады. Жыл аяғында қорытындыланып, әр ауданнан жұмысы озық шыққан бес қолөнерші марапатталады.

Таңдаулы туындылар облысымыздың атынан Астана, Алматы қалаларында өтетін көрмелерге жол тартатын болады, — деді Қазақстан Суретшілер одағы БҚО филиалының атынан құттықтау сөз алған Бақтығали Оразов.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева және Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов көпшілікті көрменің ашылуымен құттықтады. Салтанатты шарада облысқа танымал әнші-күйшілер өнер көрсетті. Келушілер аталмыш көрмені бір ай бойына тамашалай алады.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар