21.06.2016, 6:02
Қараулар: 45
Ақылбектің «алтын» тауықтары

Ақылбектің «алтын» тауықтары

_DSC0140


«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөз Зеленов ауданына қарасты Переметный ауылының тұрғыны Ақылбек Алманбетовтің өмірлік ұстанымы.


Еңбекқор жігіт өз қорақопсысынан шағын құс фабрикасын ашып алған. Күніне 80-90 жұмыртқа беретін «фабрика» осы күні пайда түсіре бастапты.

– Барбастау жағында тұратын досымның құс фабрикасы бар, соған қарап ылғи қызығып жүретінмін. Бір күні сонда барғанда, осындай жұмысты мен де істеп көрсем, қалай болар екен деген ойға қалдым.  Сөйтіп, үйге келген соң тауық тұратын арнайы орынның қалай жасалатынын ғаламтор желісінен қарап, өлшемдерін шығардым. Бұл бағыттағы жұмысымды досым да құптап, маған көп кеңес берді, – деді  ол кәсібін қалай бастағанын сұрағанымда.

Бүгінде 100-ге жуық тауық асырап отырған шағын «фабрика» иесі жеке кәсіпкерлігін құрып, тауықтарының өнімін облыс ор-талығына өткізеді.

– Бұл істі бастауға бар болғаны 50 мың теңге қаражат жұмсадым. Тауықтарды Оралдағы құс фабрикасынан сатып алдым. Басында неше түрлі қоспа жеп жаман үйренген тауықтар ауырды. Ол кезде жұмыртқалары да көңілімнен шықпайтын еді. Қазір тауықтарым таза өнімге үйренді. Жұмыртқалары да жақсы, – деп шағын бизнесін бастаған кездегі қиындықтарын еске алады Ақылбек.

Кейіпкеріміздің шағын «фабрикасы» электронды түрде жұмыс жасап тұрмаса да, өнімін беріп тұр. Тауықтардың астын тазалап, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп тұратын жігіт қыс кезінде ауылдың бір азаматын қасына көмекке алып, оны жұмыспен қамтамасыз етіп отыратындығын  да  айтты.

– Жасаймын деген адамға қай кезде де жұмыс табылады. Тек жалқаулықты ысырып қойып, ойлаған ісін аяғына дейін жеткізуді көздесе ғана болды. Ал «Маған анау жетпейді, мынау аз» деп сылтаурата берсең, ешбір істе береке болмайды, – деген ол болашақта шағын құс «фабрикасын» кеңейтуді  көздеп  отыр.

Ешкімнің қолдауынсыз, өз еңбегінің арқасында бала-шағасын асырап, басқаны да жұмыспен қамтып отырған Ақылбектей азаматтардың ісі өзгелерге үлгі болса екен дейміз.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы