21.06.2016, 6:01
Қараулар: 73
«Біздің малды алуға Ақтөбе мен Атыраудан да келеді»

«Біздің малды алуға Ақтөбе мен Атыраудан да келеді»

DSC_0263


Күні кешегі кеңес өкіметі кезінде атақ-даңқы алты айшылық жерге дейін жеткен  «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының негізі 1929 жылы қаланған-ды. Бұл шаруашылық КСРО кезінде асыл тұқымды мал өсіру зауыттарының республикалық тресіне енген еді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық қатынасқа бейімделуге ден қойған шаруашылық  2004 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде қайта құрылған. Өткен ғасырдың соңын ала талай кеңшар-ұжымшардың шаруасы біржола қожырағаны мәлім.


Алайда «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-ның ұжымы Ерболат Нысанбаевтың тәжірибелі басшылығымен маманданған саласынан айнымады.

Шаруашылық тізгінін ұстап отырған қария бүгіндері біраз шаруаның негізгі жауапкершілігін ұлы Бауыржан Нысанбаевқа сеніп тапсырған. Ауылдастары арасында беделді азамат Бауыржан Ерболатұлы қарапайым жан екен. Бірден тіл табысып, ашық-жарқын әңгімелесе кеттік. Баукеңнің негізгі мамандығы  зоотехник көрінеді. 1993 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды бітірген соң Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылында мал маманы болып еңбек жолын бастаған. Содан кейін сол ауылдық округте бөлімше меңгерушісі болып қызмет етті. Бертін келе жеке шаруа қожалығын құрған. 2001 жылы әкесінің шақыртуымен Теректі ауданындағы Шағатай ауылына көшіп келеді. Содан бері осы ауыл-аймақта асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға етене араласып келеді.

Шағатай ауылдық округінің аумағы – нулы, сулы жер. Өткен аптада біз барған күнгі зеңгір көкте қалықтаған бұлттар ақ шуда іспетті. Күн мейірлене шапағын молынан төгіп тұр. Жаздың бастапқы ыстығына қайғыра қоймаған ен даланың жасыл жамылғысы шұрайлы шүйгін күйінде көз тартады. Күре жолдан оңға бұрылып, кең жазықта жайылып жүрген табын қасына тоқтадық.

— Мұнда 183 ақбас асыл тұқымды қашар бағылады. Бәрі де алғаш күйектен өтті, – деді «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-ның атқарушы директоры Бауыржан Нысанбаев. Бұдан кейін Қарабас елді мекеніне тарттық. Сол жақта асыл тұқымды сиыр табыны бар екен. Аутокөлік жақындағанын көрген соң, қос салт атты малды бермен айдады.

– Биыл жайылым жақсы. Күндіз суарып, мал асықпай жайылған соң, іңір қараңғысында жазғы  орынға айдап апарамыз. Көмекшім бар, малға екеуміз бірге қараймыз, – деді аға малшы Өркен Тілепбергенов.

Жалпы, серіктестік қарауында асыл тұқымды ақбас ірі қара жеті табынға бөлініп, бағылады екен. Оның ішінде, сиыр табыны – үшеу.

Малшылар биыл бүгінге дейін 230 бас бұзау қатарға қосылғанын айтты. Төл алу әлі жалғасуда. Кейін бұқашықтары іріктеліп, қараша айында округ орталығының маңындағы қораға қамалады. Онда құжат бойынша тегінен шығатын тармақтары жіктеп көрсетіледі. «Былтыр 100 бас асыл тұқымды  бұқаны саттық. Орташа есеппен алғанда, біреуінің салмағы 300-350 келі шығарды. Бағаны келісіне 1 мың теңгеден қоямыз. Сатып алушылар өз облысымыздың аумағын айтпағанда, Ақтөбе мен Атырау облыстарынан да келеді.

Өзіміздің өңірден негізінен қазталовтықтар белсенді. Биыл 110 бас асыл тұқымды бұқашықты сатуды жоспарлап отырмыз. Күні бүгінге елуін өткіздік. Профилактикалық шаралар уақтылы жүргізіледі. Серіктестік қарауында екі мал дәрігері бар. Олар ауылдың ветеринар мамандарымен бірлесіп қан алу, түрлі ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргізеді, – деді бізбен әңгіме-дүкен барысында шаруашылықтың бас зоотехнигі Жүсіп Айбеков. Зоотехниктің зауыттағы еңбек өтілі 30 жылдан асыпты.

Бауыржан Нысанбаев асыл тұқымды ірі қарадан бөлек, 500 бас қой, 120 бас жылқы өсіруде екендігін айтты. Қысқы мал азығын қамдау жұмыстары басталған. Далалық жолмен сол қам-қарекет барысын көруге тартып бердік.

Бригада темір тұлпарларын қаңтарып, түскі ас қамына кіріскен екен. Шабындық басында жүрген Төлеген Қарасаев пен Құрманғазы Байжанов Шағатайдан болса, Серік Сармалаев Қызылжар ауылынан  келген. Олардың айтуынша, биыл шөп қою, бітік шыққан. Шөп шабуға кіріскендеріне бір аптадай болыпты.

— Қысқы мал азығын дайындауға екі бригада атсалысуда. Техникадан  14 трактор, сегіз  орақ, екі украиналық дестелегіш, төрт тасымал іске қосылды. Оның сыртында үш шөп буатын құрылғы бар. Біреуін 2 миллион 600 мың теңгеге жаңадан алғанмын. Үкімет инвестициялық демеуқаржы есебінен жарты құнын қайтарады. Биыл 25 мың центнер шөп дайындауды жоспарлап отырмыз. Әр түрлі жағдайларға байланысты отағасыз қалған отбасылар мен жәрдемге қатты мұқтаж жандарға жыл сайын тегін шөп түсіріп беремін, – деді Бауыржан Ерболатұлы.

«Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының қолдан ұрықтандыру қосынын көрдік. Мұнда малдың тұқымдық қасиетін жетілдіру, сұрыптап-асылдандыру жұмыстарымен екі маман шұғылданады. Арнайы зертхана бөлмесі қажетті құрылғылармен жабдықталған. Біз барғанда, ауланың ортасында айқастырып салынған екі белтемір сағат тіліне кері бағытта бірқалыпты ырғақпен айналып тұр екен. Тұмсықтарына тағылған шығыршық пен белтемір ұшына ілінген шынжыр арқылы алып бұқалар жетекке алыныпты.

— Күніне екі мезгіл бір сағаттан осылай «серуендетеміз». Әйтпесе бұл алыптардың өз бетімен қозғала қоюы неғайбыл. Белгіленген мерзімде үш келіден жем беріледі. Кешке жайылысқа шығарып, қазыққа байлап  қоямыз. Мына үш бұқаның  әрқайсысының салмағы 900 келіден 1 тоннаға дейін тартады. Ал қатарға қосылған екі бұқашық – баспақтар, – дейді осы малдардың бағым-күтіміне жауапты Айболат Боранбаев. Оның айтуынша, дене мүшелеріне тазалық жұмысын жүргізу үшін бұқаларды абайлап жығады екен. Бірден қарабайыр әдіспен құлатса, қабырғалары сынуы мүмкін. Бұл жерде мотормен жерасты суы тартылады. Яғни асыл тұқымды аталық малды уақтылы суғаруға және шомылдыруға жағдай жасалған.

Бауыржан Нысанбаевты суы кеміген Жайықтың жағдайы қатты алаңдатады екен. Жайықтың жайы мүшкіл болғандықтан, негізінен сол өзеннен тасыған сумен қоректенетін ауыл іргесіндегі Жезбұға көлінің жағдайы да мәз емес.

— Бес-алты жыл бұрын егін салып көргенбіз. Бірақ өнімнің түсімі тым төмен болды, — дегенді айтты сөз арасында Баукең.

«Ауыл  балаларының бағы  жанар  еді…»

Кәсіпкер қазіргі уақытта ауылдық округке тартылған электр желілерінің ескіргенін, қыс мезгілінде жарықтың жиі сөніп қалатынын тілге тиек етті. Бұл жағдай ауылдағы әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесінің қалыпты істеуіне қауіп төндіреді екен. Электр желілерін жөндейтін мамандарға аутокөлік берілсе, ең болмаса тақымдарында «Беларусь» тракторы болса дейді. Әрине, кәсіпкердің өзі аузын қу шөппен сүртіп отырған жоқ. Ауыл көшелерін жарықтандыру үшін ауыл әкімдігіне биыл 100 мың теңге қаржылай көмек берген.

Кәсіпкердің айтуынша, бұрын жылыжай ашып,  көктем және күзгі уақыттарда өнім алып отырған. Төрт жыл шұғылданғаннан кейін бұл шаруаны доғарған. Өйткені көмірмен жылытылатын болған соң, қыста бұл нысанның ішкі температурасын қалыпты ұстау мүмкін болмаған. Сосын былтыр күзде 250 бас тауық алып, жылыжай ғимаратын құс ұстауға ыңғайлап қойған. Енді алдағы тамыз айында «Ақас» шаруа қожалығынан 2000 бас тауық сатып алмақ.

Кәсіпкердің 160 орындық тойханасы бар. Бұл нысанда шағатайлықтардың бірі ұлын үйлендірсе, енді бірі қызын ұзатады. Бір орынды жалдау ақысы – 800 теңге. Өмір болғасын қуанышына қоса, қайғысы да болып тұрады ғой. Ондай жағдайда шегерім жағы міндетті түрде ескеріледі.

ЖШС басшылығы жыл сайын 1 қазан – Қариялар күніне орай ауыл әкімдігімен бірлесіп, әр түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырады. Ауыл қарияларына арнап төл мерекелерінде тегін дастарқан жайылады. Айтпақшы, тойханаға жапсарлас наубайхананың наны керім өтімді көрінеді.

— Күніне 80-100 бөлке нанды 65 теңгеден  сатамыз. Бір бөлкенің салмағы – 750 грамм. Жергілікті жұрттың айтуынша, нанымыз қалаға қарағанда, әрі дәмді, әрі арзан. Орал қаласындағы жергілікті комбинаттардан астық алдыртамыз, – деді наубайханашы Жұмақыз Өтепова.

Серіктестік басшылығы 5-6 жыл бұрын мешіт ашып, молда ұстаған. Кейін ғимаратты әкімшілік қарауына береді. Біраздан бері тұрақты имам жоқтықтан жүдеңкіреп тұрған мешітті Бауыржан Нысанбаев егер имам табылса, қайта жөндеп беруге даяр екенін айтты. Жалпы, серіктестік ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жандануына әуелден ұйытқы болып келеді. Тоқсаныншы жылдардың соңына таман жеке бала-бақша ашып, бірер жылдан соң бөбекжай ғимаратын төмен бағамен әкімдіктің құзырына өткізеді. Сол кезеңде ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлген. Күні бүгінге дейін балабақшада ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шаралардың шығынын кәсіпкер өз мойнына алып отыр.

Ауыл азаматының қайырымдылығы мұнымен шектелмейді. Спортқа құштар балалардың аудандық, облыстық жарыстарға қатысуына әрдайым мүмкіндік жасап, материалдық тұрғыдан қолдап отырады. Бауыржан Ерболатұлының өзі де кезінде еркін күреспен айналысып, бірнеше мәрте облыс чемпионы атанған екен.

— Қазіргі уақытта ауылдық округ орталығында екі қабатты ғимарат бос тұр. Аудан басшылығына ғимаратты бірлесіп күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешенін ашуды ұсындым. Сонда  жасөспірімдер күрес үйірмесіне қатысып, ал ауылдың өзге тұрғындары дене шынықтырып, денсаулығын нығайтумен белсенді айналысса, сөйтіп, біздің ауыл-аймақта саламатты өмір салты нығая түсер еді. Әсіресе, спортқа қабілетті ауыл балаларының бағы жанар еді, –  дейді Ерболаттың Бауыржаны мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік аясында жобасын жүзеге асыруға бек ынталы екенін алға тартып.

Шаруашылық басшысы ауылда кенеттен науқастанғандарды көршілес Ақжайық ауылындағы аудандық ауруханаға апаруға көлік бөлуден тартынған емес. Себебі ауылдағы «Жедел жәрдем» көлігі жиі бұзылады екен. Санитарлық-экологиялық айлық аясында ауыл тұрғындары  жинаған күл-қоқысты тасымалдауы үшін жылма-жыл қажетті техника бөледі. Ұялы байланыстан «Aktiv» желісінің мұнарасын серіктестік меншігіндегі бұрынғы диірмен нысаны үстіне орнатуға сеп болған. Қоғамдық шараларға белсене қатысатын Бауыржан Нысанбаев ағартушылық бағытта шаруашылық кеңсесінде қоғамдық музей ұстап отырғандарын әңгімеледі. Көрмеге «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының құрылу тарихы, жетістіктері, ауылдың еңбек адамдары туралы мәліметтер мен фотосуреттер  қойылған.

«Ауылдың алма  бағында…»           

Бұрынғы кеңшар кезінде Шағатайдың асыл тұқымды малына қоса, алма бағының да даңқы алысқа тарап еді-ау. Осыны ауылдың байырғы тұрғындарынан естіп-біліп жүрген кәсіпкер Б. Нысанбаев енді алма бағын қолға алып, бағбандық шаруашылықты өрістетуге ден қоюда. Былтыр 100 түп, биыл 100 түп жазғы алма көшетін отырғызған. Бақты күтіп баптайтын арнайы бағбан бар. Енді бірер жылда жергілікті жұрт бұрынғы алма бағы туралы аңыз айтудан гөрі, жаңа бақтың алмасының тіл үйірер дәміне көбірек тамсануы тиіс…

Шағатай ауылында шаруашылықтың машина-тракторын жөндейтін арнайы цех жұмыс істейді. Цех мамандарының арқасында 20 шақты темір тұлпар әрдайым бабында болады. Жалпы, серіктестік қарауында тұрақты түрде 70 адам еңбек етсе, маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 90-ға жетеді екен.

Бауыржан Нысанбаев 500 бас асыл тұқымды ірі қараның әр аналығына былтыр үкіметтен 20 мың теңгеден демеуқаржы алғанын тілге тиек етті. Биыл да осы мөлшерде демеуқаржыға қол жеткізуді көздеп отыр. Бұған қоса шаруашылық аясын кеңейтіп, қойды 700 басқа, жылқыны 500 басқа дейін көбейтуге ниетті. Кәсіпкер азамат ауылда мал бағымы дұрыс ұйымдастырылмай отырғаны да үлкен мәселе екенін атап өтті. Бақташы табылған күннің өзінде тұрғындар меншігіндегі тұяқтыларын қоғамдық табынға қосуға ықылассыз. Серіктестік шаруашылық жүргізуге 24 мыңнан астам гектар жерді пайдаланады. Жайылым үшін алакөз болмаса да, Бауыржан Ерболатұлы су көзі ортақ болғандықтан, тұқымы асыл түліктің санитарлық жағдайына алаңдаулы.

Сөзімізді түйіндесек, кәсіпкерлік тізгінін мығым ұстаған айналасына жанашыр азамат ауыл-аймағын гүлдендіруге үнемі мүдделілік танытып келеді. Зайыбы Қарлығаш екеуі ұл-қызын өсіріп, шаруасын өрістетіп, осы жерде өркен жая бермек ниетте.

«Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының ірі қара тұқымын асылдандыру бағытындағы жетістіктері 2002 жылы  XVI халықаралық  Cana конвенциясына сәйкес Нью-Йоркте өткен байқауда жоғары бағаланып, ұйымдастырушы тарап Қазақстан елшілігі арқылы алтын медаль жолдады. Ал «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС 2008 жылы Мәскеуде сырттай өткен халықаралық байқауда «Сапаның алтын сертификатымен» марапатталды.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Теректі ауданы