16.06.2016, 10:15
Қараулар: 31
Судьялардың жаңа әдеп кодексің жобасын қоғамдық талқылау

Судьялардың жаңа әдеп кодексің жобасын қоғамдық талқылау

Жоба

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Орталық кеңесі 

2016 жылғы 21 қаңтарда мақұлдаған

Судьялардың мінез-құлық қағидаттары мен

қағидаларының әдеп кодексі

(атаудың бірінші нұсқасы)

Судьялардың әдеп кодексі

 (судьялардың мінез-құлық қағидаттары мен

қағидалары)

(атаудың екінші  нұсқасы)

Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз, бейтарап және әділ сот арқылы әркімнің құқықтары мен бостандықтарының қорғалатындығына кепілдік береді. Мемлекет судьялардың тәуелсіздігін және оларға ешкімнің тиіспеуін, жоғары деңгейде материалдық және әлеуметтік қамтамасыз етілуін, сот қызметіне араласпаушылықты  қамтамасыз етеді.

Сот төрелігі алдында тұрған жоғары әрі жауапты міндеттер судьялардың өзінің кәсіби қызметін халыққа адал қызмет ету, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындау, адалдық, сатылмау, әділдік, халық арасындағы шүбәсіз бедел, қызметте және тұрмыста адамгершілік пен мораль нормаларын, мінез-құлықтың әдеп қағидаларын сақтау негізінде атқаруын көздейді.

Қазақстан Республикасының судьялары, судьяның кәсіби және моральдық бейнесіне қоғамның өскелең жоғары талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі  туралы» Конституциялық заңға сүйене отырып, «Адам құқықтарының жалпы декларациясын», «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактті», «Судьялар мінез-құлқының Бангалор қағидаттарын», сондай-ақ судьялар мінез-құлқының бірыңғай әдеп стандарттарын орнықтырудың қажеттілігін назарға ала отырып, қоғамның биліктің сот тармағына сенімінің негіздері ретінде осы Судьялардың мінез-құлық қағидаттары мен қағидаларының әдеп  кодексін қабылдайды.

I тарау.  Жалпы ережелер

1-бап. Судьялардың мінез-құлық қағидаттары мен ережелерінің  әдеп  кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) белгіленген бірыңғай стандарттарға негізделген қағидалар мен ережелерді судьялардың кәсіби қызметте, қоғамда және тұрмыста сақтауына байланысты қарым-қатынастар Осы Кодекстің нысанасы болып табылады.

2-бап. Кодекспен бекітілген қағидаттар мен қағидалар Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларына негізделген.

3-бап. Кодексте белгіленген қағидаттар мен қағидалар атқарып отырған лауазымына қарамастан барлық судьялар үшін, сондай-ақ орындарынан түскен судьялар үшін міндетті болып табылады.

4-бап. Судья әдебіне байланысты қандай да болмасын мәселелер осы Кодекспен реттелмеген жағдайларда судья адамгершілік пен моральдың жалпы жұрт таныған қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігі мен судья әдебін сақтау саласындағы халықаралық стандарттарды басшылыққа алуы керек.

5-бап. Судья оның алдағы мінез-құлқы не теріс қылығы осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетіні-келмейтіні туралы сұрау салып судьялар қоғамдастығының уәкілетті органына жүгінуге құқылы, сұрау салу орындау үшін міндетті.

6-бап. Судьяның мінез-құлық қағидаттары мен қағидаларын бұзу фактісі  судьялар қоғамдастығының уәкілетті органының азаматтар мен ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, сот төрағаларының өтініші бойынша қабылданған шешімі негізінде ғана анықталуы мүмкін. Уәкілетті орган судьяның әдеп қағидаларын бұзғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламаны өндіріске қабылдауға және өз бастамасы бойынша қарауға құқылы.

7-бап. Заңда көздеген жағдайларда судьялар қоғамдастығының уәкілетті органы судьяның мінез-құлықтың әдептік қағидаттары мен қағидаларын өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қоюға құқылы. Судьяның мінез-құлықтың әдептік қағидаттары мен қағидаларын өрескел бұзу фактісін нақтылы мән-жайларды және туындаған салдарларды негізге ала отырып уәкілетті орган анықтайды.

8-бап. Кодексте пайдаланылатын ұғымдар:

судья – жергілікті соттар мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, жергілікті соттар мен Жоғарғы Соттың төрағалары, жергілікті соттар мен Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары;

судьялар қоғамдастығы органы – Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Орталық кеңесі, облыстық және оған теңестірілген Судьялар одағы филиалдарының кеңесі.

Судьялар  қоғамдастығының уәкілетті органы – облыстық және оған теңестірілген Судьялар одағы филиалдарының жанындағы судья әдебі жөніндегі комиссиялар.

судьяның жақын туыстары – жұбайы, зайыбы, балалары, соның ішінде асырап алған балалары, туған аға-інілері мен әпке-қарындастары, аталары, апалары, немерелері.

судьяның жұбайы, зайыбы – судьямен заңды некеде тұратын адам.

судья отбасының мүшесі – жұбайы, зайыбы, балалары, судьямен бірге тұратын кез келген басқа жақын туысы.

II тарау.  Судья мінез-құлқының әдептік қағидаттары

9-бап. Судьялар тәуелсіздігі және олардың тек заңға ғана бағынуы.

Судья істің сотта заңды әрі әділ шешілу кепілдігінің негізі ретінде судьялар тәуелсіздігі қағидатын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс.

  1. Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өзінің кәсіби қызметін сот отырысында тексерілген тек дәлелдемелер және деректерді басшылыққа ала отырып іске асыруға, азаматтар мен ұйымдар, лауазымды адамдар, мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан болатын қысымдарға, қатерлерге, тікелей және жанама араласушылыққа қарсы тұруы керек.
  2. Судья қызметін жария талқылау, кімнің болса да оның атына сын- пікірлер айтуы ол қарап отырған іс бойынша сот актісінің заңдылығы мен негізділігіне әсер етпеуі керек.
  3. Ол шығаратын шешімге ықпал ету мақсатында сот қызметіне заңсыз араласу, тікелей немесе жанама қысым көрсету фактілері туралы судья жоғары тұрған соттың төрағасына, судьялар қоғамдастығы органдарына не прокуратура органдарына хабарлауы керек.
  4. Ұйымдық өкілеттіліктері бар сот жүйесінің лауазымды адамдары, егер осы факт жоғары тұрған сот сатысының заңды күшіне енген сот актісімен анықталған жағдайда ғана судьяның заңдылықты бұзғандығы туралы жария талқылай алады. Оқыту мақсаттарында сот практикасын талқылау бұған жатпайды.

10-бап. Сот пен заң алдындағы теңдік қағидаты.

  1. Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өзінің кәсіби қызметін атқару кезінде баршаның сот пен заң алдындағы теңдік қағидатын қамтамасыз етіп, процеске қатысушылардың жынысына, нәсіліне, ұлтына, мүліктік және әлеуметтік жағдайына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатысына қарамастан олардың  барлығына бірдей қарауы керек.
  2. Судья өзінің кәсіби міндеттерін тараптардың біріне артықшылық көрсетпей, жасырын немесе ашық түрде үстірт пікір білдірмей, кемсітпей жүзеге асыруға, тараптардың өздерінің процестік міндеттерін орындауы үшін қажетті жағдай жасауға, азаматтық процесте тараптарды татуластыруға тырысуға, сот процесінде  шиеленісті жағдайларға жол бермеуге, тараптардың өздерінің процестік құқықтарын жосықсыз пайдалану фактілерінің, соның ішінде сот процесін соза түсу жөніндегі әрекеттерінің алдын алуға тиіс.

11-бап. Адалдық пен сатылмау қағидаты.

  1. Судьяның сот ісін жүргізу мен сот отырысы барысында және одан тыс жерде судьяның мінез-құлық қағидаларын сақтауы қоғамның сот органдарының адалдығына және сатылмайтындығына деген сенімін туғызуға және қалыптастыруға тиіс.
  2. Судья сот төрелігі өкілдерін, іске қатысушыларды істі қарау барысында белгілі болған сатып алу әрекеттері туралы сот төрағасына және құқық қорғау органдарына хабарлауы керек.
  3. Судья өзінің сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты емес қызмет бабына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгілеген мөлшерлерден артық сыйлықтар алуға құқылы емес.
  4. Судья салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, коммуналдық және өзге шығындарды уақтылы төлеуге, жеке өзінің ақшалай міндеттемелерінің, соның ішінде кредит шарттары бойынша міндеттемелерінің орындалмауына жол бермеуге, кірістері мен шығыстары туралы декларацияны уақытылы беруге және олардағы тиісті мәліметтерді дұрыс көрсетуге тиіс.

12-бап. Жек адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаты.

  1. Судья процеске қатысушылардың, іске қатысушы адамдардың, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, олардан сот төрелігінің өкілдеріне осындай көзқарасты талап етуге міндетті.
  2. Судья жеке өмірді, отбасылық және коммерциялық құпияны, адамдар арасындағы және басқа да қатынастарды қозғайтын мәліметтерді, егер олар  оған өзінің қызмет бабына байланысты белгілі болса, жария түрде таратуға тиіс емес.

III тарау. Судьяның кәсіби міндеттерін атқару кезіндегі

мінез-құлқының әдептік қағидалары

13-бап. Судья сот отырысының жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, сотқа шақырылған азаматтар сот төрелігіне үлкен құрмет көрсетуі үшін процестерді ұдайы судья мантиясын киіп, мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Туы тұрған үй-жайларда өткізуге тиіс.

14-бап. Сот отырысында төрағалық етіп отырған судья материалдық және процестік құқық, сондай-ақ сот практикасы бойынша тиісті кәсіби білімін көрсетуге, өзінің біліксіздігінен немесе істің материалдарын білмеуі салдарынан сот отырысын басқа мерзімге ауыстыруға  жол бермеуге міндетті.

15-бап. Судья өзі тәртіпті болуға, сот отырыстарын нақты белгіленген уақытта өткізуге, істерді қарау кестесін сақтауға, кеңсе қызметкерлерінен іске қатысатын адамдарды, куәлерді, сарапшыларды, аудармашыларды шақыру жөніндегі міндеттерін дұрыс орындауын талап етуге, сот аппараттары қызметкерлерінің берекесіздігі, әуре-сарсаңға салуы, немқұрайдылығы, тәртіпсіздігі салдарынан сот жүйесінің беделін түсіруге жол бермеуге міндетті.

16-бап. Үкімдер мен шешімдер Қазақстан Республикасының атынан шығарылатындықтан, судья сот актілерін жоғары  кәсіби деңгейде ресімдеуге тиіс. Судья сот актілерінің мәтіндерін сауатты, жатық тілмен жазуға, олардың көлемінің артып кетпеуіне, нанымды, қисынды, жан-жақтылы дәлелді болуына мән беруге міндетті. Дұрыс ресімделген сот актілері азаматтар мен ұйымдардың сотқа құрметпен қарау сезімін тудыруға тиіс.

17-бап. Судьяның кәсіби қызметі саясатпен сыйыспайды. Судья өзінің саяси көзқарасы мен пікірлерін көпшілік алдында білдіруге, партияларға немесе саяси мақсаттағы қоғамдық бірлестіктерге мүше болуға, оларға сот дауларының нысанасы болуы мүмкін мәселелер бойынша консультациялар түрінде құқықтық көмек көрсетуге құқылы емес.

18-бап. Судья биліктің сот тармағының өкілі ретінде діни қызметпен айналысуға, яғни діни ұйымдардың басшы органдарына, әртүрлі діни іс-шараларды, жоралғыларды өткізу жөніндегі комиссиялардың құрамына кіруге, діни делегациялардың, конференциялардың, съездердің ұйымдастыру комитеттерінің мүшелері болуға тиіс емес. Судья өзінің діни нанымдары мен көзқарасын білдірмеуі керек. Ол діни білімді насихаттаумен айналыспауға, діни бірлестіктің мүшелеріне сот дауының нысанасы болуы мүмкін мәселелер бойынша кеңес бермеуге тиіс.

19-бап. Судья оның мәртебесі үшін белгіленген шектеулерді сақтай отырып, пікірін еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте ол соттың беделі мен бейтараптығына күмән тудырылуы мүмкін барлық жағдайларда ұстамдылық танытуға керек.

20-бап. Жария мәлімдемелер жасау егер сот төрелігінің мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса, судья олардан тартынуы керек. Судья сот актілеріне түсіндірме беруді соттардың баспасөз қызметтеріне қалдырып, оның төрағалығымен не басқа судьялардың төрағалығымен шығарылған, заңды күшіне енбеген сот актілеріне түсіндірме беруге құқылы емес.

21-бап. Судья кәсіби қызметін атқару кезінде мемлекеттің заңдары мен құқықтық саясатын көпшілік алдында сынауға құқылы емес. Мұндай  пайымдарын ол ғылыми-практикалық конференцияларда, дөңгелек үстелдерде, семинарларда және оқу сипатындағы басқа да іс-шараларда білдіруге құқылы.

IV тарау. Судьяның отбасы мен тұрмыстағы мінез-құлқының әдептік қағидалары

22-бап. Некеде тұратын судья өз отбасының беделін сақтап, балаларын дұрыс тәрбиелеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасы мен отбасының басқа да мүшелеріне көмек көрсетуге күш-жігерін жұмсауы керек.  Өзінің отбасылық жағдайының өзгеруі, некенің бұзылуы және оның себептері туралы сот төрағасын немесе судьялар қоғамдастығы органын хабардар етуге міндетті.

23-бап. Судьялыққа кандидат конкурсқа берілетін құжаттарда отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының сотталғандығы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс. Судья отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының қылмыс жасау фактісі туралы сот төрағасына немесе судьялар қоғамдастығы органына дереу хабарлауға міндетті. Отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қасақана қылмыс жасау фактісінің өзі, егер судьяның кәмелетке толмаған балаларын тиісінше тәрбиелемегені не отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының қылмыстық әрекеттерін жасырғаны немесе қолдау көрсеткені туралы мәліметтер болмаса, судья тарапынан мінез-құлықтың әдептік қағидаттары мен қағидаларын бұзу болып табылмайды.

24-бап. Судья өзінің отбасы мүшелерінің, жақын туыстары мен басқа да адамдардың оның сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты қызметіне ықпал етуіне жол бермеуге тиіс.

25-бап. Судья отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының және басқалардың өздерінің қызметтегі және тұрмыстағы жеке мүдделеріне қол жеткізуі, сондай-ақ олардың қандай да болмасын материалдық игіліктер алуы үшін судьялық лауазымының беделін пайдалануға құқылы емес. Судьялық лауазымдарға кандидаттар өздерінің отбасы мүшелері, жақын туыстары судья болып істейтін өңірлерде конкурсқа қатысудан бас тартуға тиіс. Егер қандай да бір дәлелді себептермен бір облыста жұбайлардың екеуі де не олардың отбасы мүшелері не жақын туыстары судья болып жұмыс істеп жүрген болса, өздерін басқа жерге ауыстыру туралы мәселе қоюға не өз еріктерімен орындарынан түсу туралы мәлімдеуге тиіс.

26-бап. Судья оның беделіне зиян келтіруі мүмкін мәмілелер жасаудан тартынып, жеке танысулар мен қарым-қатынастар кезінде абай болғаны жөн.

27-бап. Судья, егер оның жұбайы (зайыбы), отбасы мүшелері, жақын туыстары істің аяқталуына тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса және өтініштері мен тілектерін айтып оған қысым туғызса, істі қараудан бас тартуға тиіс.

28-бап. Судьяның соттан тыс мінез-құлқы, оның процестің басқа  қатысушыларымен өзара қарым-қатынасы қоғамның сот төрелігі органдарының объективтілігі мен бейтараптығына деген сенімін қолдауға ықпал етуге тиіс. Судья прокурорлармен, адвокаттармен, тараптардың өкілдерімен, мүдделі адамдармен сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылау жөнінде процестен тыс қарым-қатынастарға бармауы керек.

29-бап. Судья саламатты өмір салтын ұстануы керек. Адамгершілікке жат қылық көрсету, спирттік ішімдікке салыну, құмар ойындармен әуестену Фемида қызметшілерінің мәртебесімен сыйыспайды.

30-бап. Судья, егер оның беделіне зиян келтіретін болса, көпшілік орындарға (ресторандарға, түнгі клубтарға, құмар ойын казиноларына және т.б.) барудан аулақ болуы керек.

V тарау. Қорытынды ережелер

31-бап. Осы Кодекстің қағидалары мен нормалары Кодекс қабылданған сәттен бастап қолданысқа енгізіледі және Қазақстан Республикасы Судьялар одағының съезі өзгертуі және күшін жоюы мүмкін.

32-бап. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының V съезі 2009 жылғы 18 қарашада қабылдаған Судья әдебі кодексінің күші жойылған деп танылсын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар