16.06.2016, 6:10
Қараулар: 37
Қамидолла ИРМЕНОВ: «Бес жылда 24 нысан пайдалануға берілді»

Қамидолла ИРМЕНОВ: «Бес жылда 24 нысан пайдалануға берілді»

IMG_2328


Қазақстандықтарды жаңа белеске көтеретін Ұлт жоспарында медицина саласының дамуына да жете мән берілген. Ондағы міндеттер биылдан бастап қолға алынып жатқан «Денсаулық» бағдарламасында көрініс тапқан. Осы бағдарлама аясында өңірімізде жүзеге асырылатын іс-шаралар  және бұл саладағы өзге де мәселелер жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовпен сұхбаттасқан едік.


— Қамидолла Мүтиғоллаұлы, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өткен жылы мәреге жеткені мәлім. Осы бағдарлама бойынша Батыс Қазақстан облысының медицина саласы қандай нақты нәтижелерге қол жеткізе алды?

— Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында көптеген іс-шара жүзеге асты. Нақтылап айтсам, облыс бойынша күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы 2,9 жылға ұлғайды және ол өткен жылы 71,7 жасты құрады (2011 жылы – 68,8), туу көрсеткіші 5,2%-ға өсіп, былтыр 1000 тұрғынға шаққанда 20,5-ті құрады (2011 жылы – 19,48), жалпы өлім көрсеткіші 10,6%-ға төмендеп, өткен жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,69-ды құрады (2011 жылы – 9,72), нәресте шетінеуінің көрсеткіші 30,4%-ға төмендеп, былтыр 1000 тірі туылғанға 8,3-ті құрады (2011 жылы – 11,93). Сондай-ақ туберкулезден болған өлім көрсеткіші 45%-ға, онкопатологиядан өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 12%-ға, қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын өлім 10,6%-ға, жарақаттанулардан, жазатайым оқиғалар мен уланулардан орын алатын өлім 24,1%-ға төмендеді.

Бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауру-сырқаудың алдын алу, облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту мен сақтау бойынша белсенді ақпараттық-насихаттық және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары жүргізілді. Бес жылда 1180178 іс-шара өткізіліп, оларға 14511292 адам қамтылды. Салауатты өмір салтын қалып-тастыру бойынша ақпараттық-білім материалы 8 млн. данадан асып, облыс тұрғындарына таратылды. Медицинаның өзекті мәселелеріне, салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын қалыптастыруға арналған 37 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.

Тұрғындар арасында қан айналым жүйесі аурулары, қант диабеті, глаукома, В және С гепатиттері, онкоскрининг шеңберінде: сүт бездерінің обыры, жатыр мойнының обыры, қуықасты безінің обыры, колоректалдық обыр, асқазан және өңеш обыры, бауыр обыры бойынша скринингтік іс-шаралар жүргізілді. Жалпы, облыста травматология, кардиохирургия, офтальмология, нейрохирургия, онкология, гинекология және балалар хирургиясы бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмектің 100-ден астам түрі енгізілді.

2011-2015 жылдары 4775 жағдайға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Облыста ауылдық елді мекен тұрғындарына тұрғылықты жерлерінде медициналық көмек көрсету үшін үш жылжымалы медициналық кешен жұмыс жасайды. Олар арқылы жыл сайын облыстың 10 ауданындағы 200 елді мекенінің 35 мыңнан астам тұрғыны білікті және мамандандырылған медициналық көмек алады.

Бес жыл ішінде тоғыз телемедициналық орталық базасында жоғары білікті мамандар 6974 қашықтан консультация беруді өткізді, олардың ішінде шалғай елді мекендердегі пациенттер де бар. Өткен жылы диспетчер бөлімшесін автоматтандыруды қамтамасыз ету бойынша «Жедел жәрдем» қызметі жетілдірілді, GPS навигациясын орнату және облыс бойынша барлық жедел медициналық қызметті радиофикациялау аяқталды. 17 реанимобиль мен 78 дана санитарлық автокөлік сатып алынды. Облыстың 38 (74,5%) медициналық ұйымында онлайн-режимдегі байланысты қамтамасыз ететін медициналық ақпараттық жүйе орнатылды. Облыстың 50 медициналық ұйымында пациентке қолдау көрсету және ішкі аудит қызметі енгізілді. Былтыр Call орталығы ашылып, оған қашықтан 36 медицина ұйымы қосылды. Орталықта 2721 қоңырау мен 585 өтініш өңделді. Облыстың медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында 127 әлеуметтік қызметкер мен 54 психолог жұмыс істейді. 35 медициналық ұйым байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйым мәртебесіне көшу арқылы өз дербестіктерін кеңейтті.

2011-2015 жылдары облысқа 400 жас маман келіп, оның ішінде 196 маман ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты (49%). Орал қаласы әкімдігінің, аудандық әкімдіктердің қолдауымен 80 маманға тұрғын үй бөлінді. Бес жыл ішінде облыста 24 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді, олардың 17-сі ауылдық жерлерге тиесілі. Осы соңғы бес жылда іске қосылған нысандардың қатарында Жаңақала және Бөрлі аудандарының орталығындағы емханалар, сондай-ақ Орал қалалық №6 емханасы бар. Сонымен қатар Бөкей ордасының Бисен ауылында, Зеленов ауданының Зеленый, Трекин, Мичурин ауылдарында, бұған қоса Теректі ауданына қарасты Жаңаөмір және Подстепный елді мекендерінде, жалпы облыс бойынша ұзын-саны сегіз дәрігерлік амбулатория ашылды. Ал 2,1 млрд. теңге қаражатқа 556 дана медициналық жабдық сатып алынды, соның нәтижесінде медициналық жабдықтармен жарақтандыру 2011 жылмен салыстырғанда 13,9%-ға өсті.

— Ал енді биылдан бастап қолға алынған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай іс-шараларды күн тәртібіне қойып отырсыздар?

— ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының іс-шаралары жоспарын жүзеге асыру бойынша келесі шаралар атқарылуда: облыс әкімінің орынбасары деңгейінде жіті миокард инфаркті, инсультті, жарақаттануларды, онкологиялық ауруларды, босануға жәрдемдесу мен балалар қызметін басқару бойынша интеграциялық модельдерді енгізу жөніндегі өңірлік жол карталары бекітілді. Жол картасы шеңберінде медициналық құралдармен, санитарлық автокөліктермен жабдықтауға қаражат бөлінді, қалалық үш емханада ауруларды басқару бағдарламасы (АББ) енгізілді, барлық алты қалалық емханада жалпы тәжірибе дәрігері (ЖТД) мен мультидис-циплинарлық топ мамандарын оқыту басталды. Азия даму банкінің қолдауымен шетелдік инвесторларды анықтау үшін мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік шеңберінде құрылыс және күрделі жөндеу бойынша денсаулық сақтау нысандарының тізбесі жасалып, облыс әкімі орынбасарымен бекітілді. Тұрғындар, жұмыс берушілер, медицина қызметкерлері арасында міндетті медициналық сақтандырудың негізгі талаптарын түсіндіру жұмыстары бойынша кең көлемді акция басталды.

Ретті жерінде айта кетейік, мемлекет халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылары мен қызметкерлері үшін салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейді.

Еліміздің барлық өңірінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай – МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталғандығын жоғарыда айтып өттім. Құрамында денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы қатарлы мамандары мен ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаменттерінің басшылары бар арнаулы мобильдік топтар ел-жұртпен кездесу-семинарлар өткізіп, МӘМС-ті енгізуге байланысты барлық сұраққа жауап беретін болады. Медициналық қызметкерлермен кездесу ҚР ДСӘДМ-ның биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіретін болады.

— Осыдан бірер ай бұрын облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы емханаларды арнайы аралап, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Содан бері не өзгерді?

— Халықаралық стандарттарға сәйкес амбулаторлық-емханалық деңгейде 75%-ға дейінгі медициналық көмек көрсетіледі. Ал 25%-ы стационарлық және мамандандырылған бағытқа жатады. Стандарт бойынша учаскелік қызмет деңгейінде тұрғындардың 55%-ы көмекке жүгінуі тиіс.

Пациенттер ағымын реттеу мақсатында өткен жылдан бастап аймақтық СаІІ орталығы жұмысын іске қосып, қабылдауға алдын ала жазылу және бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. №6 қалалық емхана соңғы салынған және жаңа нысан болғандықтан, оның жұмысы біртіндеп жүйелендірілуде. Сонымен қатар қала және аудан тұрғындарының ақпараттық жүйе арқылы облысымыздың стационарлық мекемелеріне, диагностикалық орталыққа жазылу мүмкіндігі жолға қойылды.

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (БМСК) жұмысын одан әрі жетілдіру бағытындағы облыс әкімінің бірқатар тапсырмаларын орындау бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Яғни кезектілік мәселесін шешу бойынша тұрғындардың пациент маршруты, емханаларға СаІІ орталығы, ғаламтор қорлары арқылы жүгіну бойынша хабарландыру деңгейін арттыру үшін ақпараттық қызмет күшейтілді. БМСК нысандары мен кеңестік-диагностикалық бөлімдерде пациенттердің жүру маршруты ілінді. Емделушілердің жаппай келу уақытын ескере отырып, учаскелік дәрігерлер мен емханалардың басқа мамандарының жұмыс уақыты таңғы сағат сегіз бен кешкі сағат сегіздің аралығын қамтитындай болып қайта түзілді. Отбасылық денсаулық орталықтары қосымша кадрлармен қамтылып, зертханалардың жұмыс кестелеріне өзгертулер енгізілді. Соның нәтижесінде клиникалық талдамаларды сағат 8.00-ден 15.00-ге дейін алу уақыты ұзартылды. Орал қалалық №5 емхана негізінде медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша мәселелерді шұғыл шешуге ықпалдасатын СаІІ орталығы іске қосылды. Қалалық емханаларды электронды табломен қамтамасыз ету мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 99 млн. теңгелік бюджеттік тапсырыс жолданды. Кезектілікті азайтуға септігін тигізетін электрондық таблоны орнату мәселесі облыстық мәслихаттың сессиясында қаралмақ.

— Қамидолла Мүтиғоллаұлы, Орал өңірі бойынша бизнес пен медицина саласының әлеуметтік әріптестігі сізді қанағаттандыра ма?

— Өңірімізде мемлекеттік тапсырыс алып отырған 42 емдеу мекемесі бар. Соның жетеуі – жеке медициналық ұйым (17%). Жеке медициналық мекемелерде стационарлық көмек, стационар алмастырғыш, консультативтік-диагностикалық көмек бойынша кепілдендірілген медициналық жәрдем беріледі. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстардың ілгерілей түсуіне біз де мүдделіміз.

— Санитарлық авиация – жергілікті медицинаның нағыз жан қысылғанда, яғни басқа амал қалмағанда иек артатын саласы. Осы саланың бүгінгі деңгейі, материалдық-техникалық әлеуеті жөнінде айтып берсеңіз?

 — Облыс тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсету үшін санитарлық авиация бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл мекеме төрт УАЗ автокөлігімен, екі реанимобиль және шалғай аудандардан ауыр халдегі науқастарды тасымалдау үшін авиакөлікпен қамтамасыз етілген. Реанимобильдер жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған көліктік кювезбен, дефибриллятормен, кардиостимулятормен, пульсоксиметриямен, нейрохирургтің және акушер-гинекологтың құрал-жабдық жиынтығымен, неонатологтар үшін реанимациялық медаспаптар жиынтығымен, трахеостомикалық, үлкен операциялық құрал-жабдықтар жиынтығымен және басқа да көптеген керек-жарақпен қамтамасыз етілген.

Ағымдағы жылдың бес айы ішінде санавиация саласына 127 шұғыл шақырту түсіп, ол шақыртулар бойынша 174 маман қызмет көрсетті. 85 санитарлық тапсырма бойынша автокөлікпен, 20 санитарлық тапсырма бойынша «АН-2» ұшағымен, 22 санитарлық тапсырма бойынша республикалық санавиация көлігімен қызмет көрсетілді.

— Қамидолла Мүтиғоллаұлы, облыс аумағында дәрігерлер жетіспеушілігін қаншалықты шегере алдық? Бүгінгі таңда медицинаның қандай салалары бойынша қанша маманға мұқтажбыз?

— Соңғы бес жыл ішінде (2011 жылдан бері) облыстағы дәрігерлер жетіспеушілігі 204 маманға азайып, 2016 жылдың 1 қаңтарына 56 маманды құрап отыр. Соның ішінде аудандық медицина мекемелеріне 26 дәрігер, облыс орталығындағы меди-циналық нысандарға 30 дәрігер қажет. Дәрігерлердің жетіспеушілігі негізінен жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, офтальмолог және невропатолог мамандықтары бойынша көрініс тауып отыр. Ағымдағы жылы облысқа 95 жас маман тартылып, жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр және хирургия мамандықтары бойынша сұраныс толықтай қанағаттандырылуы тиіс.

— Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мейрамы қарсаңында біздің газет арқылы әріптестеріңізге қандай тілек жолдар едіңіз?

— Төл мерекемізге орай денсаулық сақтау саласының әрбір қызметкеріне шын жүректен алғысымды жолдаймын. Сіздер отандастарымыздың денсаулығын нығайту жолында уақытпен санаспай еңбек етіп келесіздер. Соған орай сіздерге өз ризашылығымды білдіремін! Еліміздің басты байлығы – халқымыздың денсаулығы жолындағы игілікті қызметтеріңізге әр кез сәттілік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!

Сұхбаттасқан Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар