16.06.2016, 6:09
Қараулар: 36
Кәсіби мемлекеттік аппарат халықтың билікке сенімін нығайтады

Кәсіби мемлекеттік аппарат халықтың билікке сенімін нығайтады

Фото М.Нуртазин


Өткен жылы ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялады.


Ұлт жоспарының бірінші институционалдық реформасы кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып табылады. Оның бірінші қадамында мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту көзделген. Осыған орай 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы қолданысқа енгізілді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке қабылдау түбегейлі өзгертілді. Егер бұрынғы талаптар бойынша белгілі бір мемлекеттік орган ішінде мемлекеттік қызметшілердің ауысуы тек мемлекеттік қызметшінің өтініші және өкілетті органның келісуімен жүзеге асырылса, енді бұл тек конкурс негізінде жүзеге асырылады. Яғни біліктілік талаптарына сәйкес келетін және тиісті мемлекеттік қызметтегі өкілі бар сол мекеменің мемлекеттік қызметшісі бірінші кезекте ішкі конкурсқа қатыса алады. Нақтырақ түсіндіретін болсақ, мемлекеттік қызметшілерді ілгерілету төменгі лауазымдарда жұмыс өтілі болған кезде және ішкі конкурс өткізу жолымен жүзеге асырылады (әңгімелесу арқылы). Алғашқы кезеңде ішкі конкурс мемлекеттік органның өз қызметшілерінің арасында өткізіледі. Тиісті үміткер болмаған кезде, ішкі конкурстық іріктеу барлық мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіледі.

Ішкі конкурста да үміткер анықталмаған жағдайда, өкілетті органмен келісу бойынша, жеке немесе квазимемлекеттік секторда салыстыруға келетін еңбек өтілі бар азаматтардың арасында жалпы конкурс өткізілуі мүмкін. Бұл басшы лауазымға іріктеу жағдайында жүзеге асырылады. Ұлт жоспарының бірінші қадамында мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс деп аталып өткендей, мемлекеттік органның ең төменгі лауазымына еліміздің барлық азаматтары қатыса алады.

Ағымдағы жылдың есептік кезеңінде Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметке орналасу бойынша жергілікті атқарушы органдарда жалпы саны 240 конкурс өткізілді. Оның ішінде бірінші ішкі конкурстар (белгілі бір мемлекеттік мекеменің ішіндегі немесе оның құырылымдық бөлімдерінің мемлекеттік қызметшілері ғана қатыса алады) саны — 77, екінші ішкі конкурстар (кез келген мемлекеттік қызметшілер қатыса алады) саны — 41, жалпы конкурстар (барлық азаматтар қатыса алады) саны 122-ні құрайды.

Бірінші ішкі конкурстар нәтижесінде 17 мемлекеттік қызметшінің лауазымы, екінші ішкі конкурстар негізінде төрт мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарылады. Жалпы, конкурстар негізінде 44 адам мемлекеттік қызметке қабылданып, оның ішінде төменгі болып табылмайтын лауазымдарға үш адам қабылданды.

Көп оқырмандардың көкейінде жүрген сұрақтардың бірі мемлекеттік қызметке қалай кіруге болады немесе тестілеу қалай өтеді? Осы мерзімге дейін түскен ұсыныстарды саралау нәтижесі бойынша, белгілі бір заңнан шекті мәніне бір бал жетпей көпшілігі тестілеудің оң бағасын ала алмаған. Азаматтар мен қоғамдық институттар ұсыныс негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеу ережесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан қабылданды.

Тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Бірінші бағдарлама: тоғыз заң, 110 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік-құықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (135 сұрақ) 95-тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша бестен кем емес дұрыс жауаптар. Екінші бағдарлама: сегіз заң, 100 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік-құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (120 сұрақ) 72-ден кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар. Үшінші бағдарлама: алты заң, 80 минут, тестілеуден өту мәні – барлық нормативтік-құқықтық актілер бойынша сұрақтардың жалпы санының (90 сұрақ) 45-тен кем емес дұрыс жауаптар және әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар.

2016 жылдың төрт айында Батыс Қазақстан облысының тестілеу орталығына өтуге жалпы саны 920 адам өтініш білдірген. Оның ішінде қаңтар айында 111 (соның ішінде 64 шекті мәнді жинаған, 47-сі шекті мәнді жинай алмаған), ақпан айында 186 (соның ішінде 80 шекті мәнді жинаған,106-сы шекті мәнді жинай алмаған), наурыз айында 144 (соның ішінде 72 шекті мәнді жинаған, 72-сі шекті мәнді жинай алмаған), сәуір айында 233 (соның ішінде 109-ы шекті мәнді жинаған, 124-і шекті мәнді жинай алмаған), мамыр айында 246 (соның ішінде 98 шекті мәнді жинаған, 148-і шекті мәнді жинай алмаған), тестілеуден өтті. Жалпы, өтініш білдіргендердің 46%-ы тестілеудің шекті мәнінен өтіп, тестілеудің оң қорытындысын алған.

Шекті мәннен жоғары нәтижелер алған кандидат 20 минуттың ішінде автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне жіберіледі. Автоматтандырылған жеке қасиеттерін бағалау шеңберінде кандидаттардың даму деңгейлері анықталады: жігерлілігі, коммуникативтілігі, талдамалылығы, ұйымдастырушылығы, мінез-құлқы, сапаға бағдарлануы, тұтынушыға бағдарлануы және сыбайлас жемқорлыққа шыдамсыздығы. Заңнаманы білуге арналған тестілеу нәтижелері бойынша сертификат, жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бойынша қорытынды беріледі. Олар бір жыл ішінде қолданылады және мемлекеттік органдармен әңгімелесу нысанында өткізілетін үшінші сатыға – жалпы конкурсқа қатысу үшін құжаттардың ажырамас бөлігі болып табылады.

Біз бұл жерден меритократия, яғни мемлекеттік қызметтің мансаптық моделінің айқын жолын көреміз. Бұрынғыдай өзінің танысын немесе біреудің телефон арқылы мемлекеттік қызметшінің лауазымын көтереді деген заңмен шектелген. Мемлекеттік қызметшінің лауазымын жоғарылатушылық және жариялы түрдегі конкурстар негізінде іске асырылады. Байқаушылар мен сарапшылар ол конкурстың әңгімелесу сатысына міндетті түрде қатысуы заңдастырылған.

Міне, бұл жұмыстардың нәтижесі «Қазақстан – 2030» стратегиясында негізі салынған мемлекеттік қызметтің тиімді моделінің қалыптасқанын көрсетеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бірінші институционалды реформасын іске асыру алыс және жақын шетелдердің тәжірибесін назарға ала отырып жүргізілуде.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа Әдеп кодексі бекітілді. Осы уақытқа дейін болған тәртіптік істері жөніндегі комиссиялар жұмыстарын тоқтатып, оның орнына жаңадан әдеп жөніндегі комиссиялар құрылды.

2016 жылдың бес айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті жанындағы әдеп жөніндегі кеңестің төрт отырысы оздырылды. Әдеп жөніндегі кеңестерде 23 мемлекеттік қызметшінің ісі қаралып, Әдеп кодексі нормасын сақтамағаны үшін бес мемлекеттік қызметшіге ескерту, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылыққа жол бергені үшін жеті мемлекеттік қызметшіге қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Ал іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық жасау белгілерінің болмауына байланысты 11 мемлекеттік қызметшінің істері тоқтатылды.

Бұл жерден әдеп жөніндегі кеңестің мемлекеттік қызметшілерді тек жазалау үшін ғана құрылған кеңесші орган емес екендігіне көз жеткізуге болады. Әдеп жөніндегі кеңеске келіп түскен әр материал жіті зерделеніп, комиссия мүшелеріне ұсынылады. Кеңес құрамында үкіметтік емес ұйым, кәсіподақ, кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген.

Өкінішті жері 12 мемлекеттік қызметшінің әдеп жөніндегі кеңестің тарапынан берілген ұсыныс негізінде жазалануы, әлі де болса, мемлекеттік қызметшілердің өз істеріне жауапты қарамауы (жауапсыздығы) немесе жаңадан енгізілген заң нормаларын білмеуі байқалады. Мемлекеттік қызметшілер мұндай олқылықтарға жол бермеуі үшін, олар әрдайым өздерін жетілдіріп отыруы қажет.

Білікті маманның кез келген кәсіпорын үшін маңызды ғана емес, сонымен қатар кәсіпорынның пайда табуы мен өміршеңдігі бағытында да орны ерекше. Ал бұл жағдайды мемлекет тарапынан қарайтын болсақ, онда әрбір мемлекеттік қызметші «Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл білім ал, оқы» деген қанатты сөзін естерінде ұстануы арқылы, мемлекетіміздің «Мәңгілік ел» болуына үлес қоса алады. «Мәңгілік ел» идеясын іске асыруда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төрт және бес реформалары «Біртектілік пен бірлік» пен «Есеп беретін мемлекеттік қалыптастыру» бағыттары бойынша жүргізілуде. Осы аталған жұмыстардың барлығы кәсіби мемлекетті аппаратты құруға бағытталған. Әр мемлекеттік орган, әр мемлекеттік қызметші «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыра отырып, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына негізделген қазақстандық бірегейлік пен бірлікті ілгерілету үшін еңбектенеді.

Мирболат  НҰРТАЗИН,

ҚР МҚІМ БҚО бойынша  департаментінің басшысы,

әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар