16.06.2016, 6:06
Қараулар: 68
«Қазпоштаға» өкпеміз бар және Мәстексай сапалы ауыз суға зар…

«Қазпоштаға» өкпеміз бар және Мәстексай сапалы ауыз суға зар…

кызылобадагы кездесу


Жуырда Жаңақала өңіріне арнайы сапарладық. Ондағы мақсат – «Орал өңірі» газетінің оқырмандарымен кездесу, олардың ой-пікірлеріне, ұсыныстарына құлақ түру. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын мазалайтын мұң-мұқтаждарына назар аудару болатын. Сол кездесулерде біраз аманаттар да айтылды.


Ақжайық ауданымен шекаралас Қызылоба ауылдық округінің үш елді мекені, 1883 тұрғыны бар. Ауылда мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, дәрігерлік амбулатория секілді әлеуметтік нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр. Мал өсіруді кәсіп еткен ауылда 8 мыңдай ірі қара, 2,5 мыңдай қой-ешкі, 3712 бас жылқы малы өсірілуде.

Ауыл әкімшілігінде тұрғындармен өткен кездесуде ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Табылды Масатов ағамыз атқарылған бірқатар игі істермен қатар түйткілді мәселелерге де тоқталды.

— Ауыл-аймағымыз тыныш. Ел қатарлы ғұмыр кешудеміз. Елдегі болып жатқан жаңалықтарды көгілдір экран немесе газет-журнал арқылы естіп-біліп отырамыз. Соның ішінде облыстық басылым мен аудандық газеттен қол үзіп көрген емеспіз. Жақында екінші жартыжылдыққа газет-журналға жазылу бағасы қымбаттағанын да естідік. Құнының өсу себебін баспасөзден оқып білдік. Өмір бойына рухани азығымыз болған газеттің құны қымбаттады екен деп жазылмай қалмаймыз. Дегенмен газет-жорнал оқырманның қолына уақтылы тимесе, оның мән-маңызы төмендейді. Осы ретте баспасөз өнімдерін халыққа тарататын «Қазпошта» АҚ-ға өкпеміз бар. Ауыл орталығынан әсем ғимарат салды. Зейнетақы, еңбекақыларымызды уақтылы алып тұрамыз. Тек осы газет-жорнал таратуға келгенде, олардың жұмысына өкпемізді жасырмаймыз. Себебі пошта таратушының арнайы штаты жоқ. Әкімдік жанынан қоғамдық жұмыс арқылы бір адамды уақытша қызметке алады. Ол адам белгіленген бір-екі ай мерзімі біткесін жұмыстан босатылып, газет-жорналдың таратылуы тағы кешеуілдейді.

Осы мәселені «Қазпошта» АҚ арнайы штат беру арқылы шешсе екен дейміз. Жалпы, облыстық басылымға көңіліміз толады. Оқырман көңілінен шығатын түрлі тақырыптарды қамтып отыр. Болашақта газеттің 100 жылдық мерейтойына орай шығу тарихы туралы, денсаулық сақтау, пайдалы кеңестер секілді айдарлар ашылса, құба-құп болар еді, — дейді Табылды ағамыз.

«Қазпошта» қызметіне, соның ішінде газет-жорнал тарату мәселесіне қатысты сын бұдан соң Пятимар, С. Меңдешев, Мәстексай ауылдық округтерінде өткен оқырмандармен кездесу жиындарында да айтылды.

Пятимар мен С. Меңдешев ауылдық округтерінде де бірқатар ұсыныс-пікірлер қозғалды. Аталған ауылдардағы ағайын облыстық газет бетінен имандылық, қайырымдылық, жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтары туралы мақалаларды жиі көргісі келеді.

— Жалпы, жергілікті басылымдар арқылы еліміздегі, қала берді өңіріміздегі оң өзгерістердің куәсі болудамыз. Ауылымыз кө-гілдір отын, электр жарығы, ауыз су секілді адам өміріне қажетті жағдайлармен толық қамтылған. Ауыл іргесіндегі көлтабандар мен шабындыққа мол келген суды тұрғындар ырыздыққа балап отыр. Облыс орталығына қатынайтын жолымыз да жақсы. Ендігі жерде ауылымызға кіреберіс 10 шақырым жол жөнделсе, жауын-шашынды уақытта жол азабынан құтылар едік, — дейді Пятимар ауылының тұрғыны Ақжүніс Ғаббасова.

Бөкей ордасы ауданымен шекаралас орналасқан Мәстексай ауылдық округінде жалпы орта білім беретін мектеп, «Алтын сақа» атты мектепке дейінгі мекеме, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, «Қазпошта» бөлімшесі, кітапхана, талшықты оптикалық интернет, ұялы телефон жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Округ бойынша тоғыз азық-түлік дүкені, наубайхана, екі тойхана, дәріхана, кеңсе тауарлары дүкені жұмыс істеп, өрнектас шығаратын цех та халыққа қызмет жасауда. Ауылдық округте 2031 тұрғын бар екен.

— Бүгінде ауыл тұрғындарын толғандыратыны ауыз су мәселесі болып отыр. Өткен жылдардағы қуаңшылыққа байланысты өзендегі судың деңгейі төмендеп кетті. Соның салдарынан шығар, «Таза су» қондырғысының жұмысы уақытша тоқтап тұр. Ауыл тұрғындары суды құдықтан ішіп отыр. Сонымен қатар электр желісі мен бағандарының тозуынан ауылда жарық жиі сөнеді. Ауыл тұрғындарын тазартылған ауыз сумен және үздіксіз электр жарығымен қамту жайы назардан тыс қалмаса екен, — дейді ауыл тұрғыны Ақболат Тілекқабылов.

Ауыл әкімі Сәуле Мұхамбетжанова да осы тақырыптағы бірқатар мәселелерді айтып өтті.

— Бастауын Ресейден алатын Қараөзенге өткен жылы судың келу қарқыны төмен болды. Өзен суының сапасы нашар болғандықтан, су тазартқыш құрылғы істен шықты. Бүгінде құрылғыны іске қосуға жұмыстанудамыз. Тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында ауыл ішіндегі бес құдық тазартылды. Бұған қоса тағы бес ауыз су құдығы жаңадан қазылып, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ауыл халқы қазылған құдық суларын пайдалануда. Сонымен қатар аудан орталығынан да тазартылған ауыз су тасымалданып тұр. Бүгінгі күні өзендегі су деңгейі төмен, осы айдың ортасында өзендегі су көтеріледі деп күтілуде. «Ақ бұлақ» бағдарламасының сметалық жобасы жасалынған болатын. Ол бағдарлама да жақын жылдары іске қосылады деп жоспарлануда, — деді ол.

Аудан орталығындағы кездесуде де тұрғындар күрмеулі түйіндер барын айтты. Мәселен, Шайдолла Тілеубергенов (суретте) ауылға техникалық судың берілмеуін тілге тиек еткен болатын.

— Зейнеткер болғасын қарап жатпай, ауламызға азын-аулақ бау-бақша саламыз. Биыл да сол үрдіспен қияр, қызанақ, сәбіз, қызылша секілді бақша дақылдарын ектім. Ауламда жеміс ағаштары да бар. Жылда уақтылы берілетін техникалық су биыл кешеуілдеуде. Сол себепті бақшаны қолмен суаруға мәжбүрміз. Осы мәселе тезірек шешімін тапса екен, — дейді ауыл ақсақалы.

Міне, құрметті оқырман, «Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, ауыл-елді аралағандағы естіп-білген түйткілді мәселелердің бірқатарын тізбектеп шықтық. Ондағы мақсатымыз оқырман аманатына қиянат жасамау еді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

P.S.: Бет қатталып жатқанда, Жаңақала ауылдық округі әкімінің орынбасары Жанболат Бақтыгереев хабарласып, ауылға техникалық су жіберілгендігін айтты.