16.06.2016, 6:05
Қараулар: 80
Ұшқышсыз ұшатын ұшақтар шығарылады

Ұшқышсыз ұшатын ұшақтар шығарылады

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


«Беспилотная технология Казахстана» ЖШС компаниясы Оралда ұшқышсыз басқарылатын аппараттар өндірісін жолға қоймақ. Бұл туралы «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-ның мәслихат залында өткен «Ұшқышсыз басқарылатын автоматты жүйенің өндірісі және оны түрлі салаларда қолдану» инновациялық  жобасының тұсаукесерінде мәлім болды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.


Жаңа өндірісті жолға қоятын бұл компания одан кейін де  сондай техникаларға сервистік қызмет көрсетпек. Сондықтан басқосуға мамандандырылған қызметтердің, түрлі салалардағы компаниялардың өкілдері қатысып, аталмыш техникамен танысты.

– Бұрын «Мир масел» ЖШС деп аталған компания ұшқышсыз ұшатын аппараттың тәжірибелік үлгісінің тұсаукесерін жасады. Енді бұл жолғы тұсаукесер дайын үлгілерді көрсету-сату бағытында ұйымдастырылған. Бұл – болашақтың  жобасы. Алдағы 10 жылдан кейін ұшқышсыз басқарылатын техника экономиканың барлық саласында қолданылатын болады. Шетелдерде ондай техника қазірдің өзінде қолданылуда. Ұшқышсыз көлік құралдары жүйесінің халықаралық қауымдастығының зерттеулері 2025 жылға таман ұшқышсыз аппараттардың әлемдік нарығының 30 млрд. АҚШ долларына дейін өсуін болжап отыр.  Сондықтан біздің еліміз де әлемдік трендті ескере отырып, әмбебап дронға қатысты заңдылық негіздерді қарастыру және дайындау жұмыстарын қолға алды. Мұндай аппараттарды ауыл шаруашылығында, төтенше жағдайларда, шекара күзетінде және өзге де салаларда кеңінен қолдануға болады. Заманауи техниканы қазірден бастап экономиканың түрлі салаларында қызметті жеңілдету, шығындарды азайту мақсатында қолдануымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

«Беспилотная технология Казахстана» ЖШС-ның басшысы Абай Рысқалиевтің айтуынша, қашықтықтан, пульттің көмегімен басқарылатын робот тектес аппарат әскери мақсаттан бөлек қоршаған ортаның мониторингіне, аэрофото түсіріліміне, құбырларды, егіс алқаптарын тексеруге, ІІМ қажеттіліктеріне пайдаланылады. Сондай-ақ бақылау және барлау жұмыстарында, қоғамдық мақсаттағы табиғи апаттан жәбір көргендерді құтқару, өртті өшіру және шекара қызметтерінде таптырмас көмекші болады. Ондай техника композиттік материалдан дайындалады. Ең үлкен дегенінің салмағы 25 келіге дейін барады. Шағын көлемділері «қолдан» ұшырылса, салмақтылары арнайы қондырғының көмегімен әуеге қалықтайды. Оның автономды режимдегі ұшу қашықтығы 1000 шақырымды, биіктікке самғауы 5000 метрді құрайды. Мұндай аппараттардың бағасы көлеміне, мақсатына қарай түрліше, шағын аппараттың шамасы 10-12 млн. теңге болмақ.

– Соңғы жылдары ұшқышсыз аппараттар ауыл шаруашылығы саласында, топырақтың эрозиясын мониторингілеу, минералдық тыңайтқыштар себу жұмыстарына пайдаланылуда. Олар қолайсыз ауа райы жағдайында, жаңбырда да, боранда да, мысалға, «Ми-8» тікұшағы ұша алмайтын желдің екпіні секундына 20 метр болған жағдайда да жұмыс істейді. Бүгінде біз Ресейдің Мәскеу облысындағы Егерьевка азаматтық колледжімен ұшқышсыз аппараттар операторлығына  жастарды оқыту жөнінде келісімшарт жасадық, – деді Абай Рысқалиев. Оның айтуынша, аталмыш компания «Алгоритм» технопаркі» ЖШС-мен де жобаны бірлесіп іске асыру жөнінде меморандум жасаған. «Беспилотная технология Казахстана» ЖШС ұшқышсыз техника құралдары өндірісін технопарк ғимаратындағы арнайы алаңда жолға қоймақ. Бұл жобаға технопарк жанындағы инновациялардың аймақтық офисі тарапынан барлық қолдау көрсетілуде.

Жобаның тұсаукесерінен кейін жиынға қатысушылар қаланың құс фабрикасы шағынауданы маңындағы көпір аумағында ұшақсыз басқарылатын аппараттың қалай ұшырылатынын көріп, оның ұшу мүмкіндіктерін, берілген тапсырманы орындау әлеуетімен іс жүзінде танысты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар