16.06.2016, 6:04
Қараулар: 47
Кәсіпкерлік қарқынды дамуда

Кәсіпкерлік қарқынды дамуда

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Сейсенбіде  Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметі БҚО филиалында  кезекті баспасөз мәслихаты өтті.


Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мержан Сатқанов 20152019 жылдарға арналған ҚР индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу жағдайын баяндады. Басқарма басшысының сөзінше, ел ауқымындағы өндіріс көлемінің тоғыз пайызын Батыс Қазақстан облысы қамтамасыз етіп отыр.

— Ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 450 млрд. теңгеден астам болса, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 10,3 пайызға ұлғайған. Өңірлердің кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде құны 329,6 млрд. теңгені құрайтын 42 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 2297 тұрақты жұмыс орны құрылды. Осы 42 жобаның 33-і (құны 274,7 млрд. теңге) бүгінде іске асырылып, 1901 адам жұмыспен қамтылды. Ағымдағы жылы құны 52,4 млрд. теңге болатын тағы жеті жаңа жоба  жүзеге асырылмақ. Осы жобалардың нәтижесінде 293 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Олар «Конденсат» АҚ-ның жобасы бойынша экологиялық К5 класты мотор майын өндіретін зауыт құрылысы, «Батыс Нык» ЖШС жобасы бойынша ет өңдеу зауытының құрылысы, “Фирма Родник” ЖШС жобасы бойынша бөтелкелерге құйылған  ауыз су өндірісі кешені, бөлшек бетон бұйымдарын өндіретін зауыт құрылысы («СпецстройСервис» ЖШС жобасы), темірбетонды жабын плиталарын өндіруді ұйымдастыру («Орал Полимер» ЖШС жобасы), 600 тонналық жаңа класты теңіз кемелерін  жасауды ұйымдастыру («Орал «Зенит» зауыты» АҚ), қара уылдырық және бекіре тауары өндірісі бойынша ірі аквамәдени кешенін құру («Аквамәдени тәжірибе-өнеркәсіптік өндіріс оқу-ғылыми кешені» ЖШС), сұйық натрий әйнегі мен пеноәйнек және минералды ұнтақ өнімдерін өндіруге арналған зауыт құрылысы («Foamsil» Орал пеносиликат компаниясының жобасы), кеме жасау құрылысын жаңарту және кеңейту мақсатында шағын катерлер өндіру ісі («Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ жобасы). Бұдан басқа 2018-2019 жылдар аралығында құны 2,4 млрд. теңге болатын екі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 103 жұмыс орны ашылмақ.

Ал инвестиция тарту мәселесіне келер болсақ, ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 95,4 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49,2 пайызға жоғары. Өнеркәсіпке салынған инвестиция көлемі 84,4 млрд. теңге (60,4 пайызға жоғары), соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,7 млрд. теңгені (10,9 пайызға жоғары) құрайды, сыртқы  инвестициялар көлемі 65,4 млрд. теңгені құрап отыр (80,7 пайызға жоғары), деген Мержан Мұнайдарұлы өңіріміздегі құрылып жатқан индустриялық аймақ жөнінде де айтып өтті. Оның сөзінше, бүгінде «Akgun Group» түрік компаниясымен бірлесе отырып, индустриалдық аймақ құру жұмысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа Теректі ауданына қарасты Пойма стансасының маңынан 300 гектар жер телімі бөлінген.

Қазіргі таңда облыста 46 мың орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері болса, соның 39 мыңы жұмыс істеп тұр, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға жоғары. Шағын және орта бизнес саласында 105,6 мың адам жұмыс істейді.

Ағымдағы жылы несие бағамын субсидиялауға жалпы құны 1 377,6 млн. теңгені құрайтын 23 жоба мақұлданған. Соның ішіне 1 335,6 млн. теңгенің 13 жобасы, яғни жалпы мақұлданған жобалардың 47 пайызы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге тиесілі. Облыс бойынша, жергілікті бюджет және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ есебінен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін аймақтық қаржыландыру бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бұған дәлел ретінде ағымдағы жылдың наурыз айында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ есебінен 500 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 500 млн. теңгенің бөлінетіндігі туралы меморандумға қол қойылғанын айтуға болады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі құралдарын қайта жаңғырту және сатып алу, 8,5 пайыздан жоғары емес сыйақы бағамында айналым құралдарын толықтыру үшін екінші деңгейлі банктерде 1 млрд. теңге орналастырылады. Несиелеу мерзімі – 7 жыл, несиелеу сомасы 50 млн. теңгеге дейін.

ҚР Индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өнімдерді сыртқы нарыққа өткізу бойынша іс-шаралар атқарылуда. Сонымен бірге ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Еуразиялық экономикалық кеден елдері және барлық елдермен тауар айналымы 1101,5 млн. АҚШ долларын құрап, 36,7 пайызға төмендеді. (2015 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1741,4 млн. АҚШ долларын құрады). Сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында экспорт көлемі 888,6 млн. АҚШ долларын құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен (1587 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда 44 пайызға төмендеді. Ал импорт көлемі көрсетілген кезең аралығында 212,9 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,9 пайызға ұлғайды. Осы деректерге сүйене отырып, өңірімізде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді деп айтуға әбден болады.

Өңіріміздегі кәсіпкерліктің даму барысы жөнінде осылайша қысқа да нұсқа мәлімет берген Мержан Сатқанов жүзеге асырылып жатқан және іске асырылуы жоспарланып отырған бірқатар жобалар туралы да нақты мысалдар келтірді.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан кәсіпкерлік саласына қатысты бірқатар сұрақтар қойылып, бұған тиісті жауап қайтарылды.

Айша  ӨТЕБӘЛІ,

«Орал  өңірі»

Бағдат ІЗМАҒАНБЕТ,

модератор:

— Менің сізге екі сауалым бар. Бірінші сұрақ, бұйырса, алдағы жылы «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі басталады. Бұған біздің облысымыздың дайындығы қандай? Жалпы, бұл көрмеге біздің облыстан қанша жоба ұсынылмақ? Екінші сұрақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу арқылы да пайда табуға болады деп естідік. Бұл, бір жағынан, экологиялық жағдайдың жақсаруына да септігін тигізетіні анық. Сұрайын дегенім, біздің өңірімізде осындай жобаны жүзеге асыруға талпынушылар бар ма?

Мержан САТҚАНОВ,

облыстық кәсіпкерлік және индустриалдықинновациялық даму басқармасының басшысы:

— «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне ұсынуға болатын жобалар біздің өңірімізде де баршылық. Әзірге аталмыш көрмеге 50-ден астам жобаны лайықты деп тауып отырмыз. Алдағы уақытта бұл жобалар іріктеуден өтеді. Солардың ішіндегі ең озық жоба деп танылғандары халықаралық көрмеге ұсынылады. Сондай-ақ халықаралық көрмені тамашалауға облыстан 60 мыңдай адам баратын шығар.

Ал екінші сұрағыңызға келер болсақ, қала сыртындағы полигонда 1975 жылдан бері жиналған 1,5 млрд. тонна тұрмыстық қатты қалдық жатыр. Бұл көпшілікке  қажетсіз нәрсе секілді көрінгенімен, қатты қалдықты өңдесе, мол пайда әкеледі екен. Биыл біздің өңірімізге қатты қалдықты өңдеу жөніндегі жобасын жүзеге асырғысы келген екі бірдей инвестор келді. Оның бірі — финляндиялықтар болса, екіншісі — Араб эмиратының азаматтары. Қазіргі таңда шетелдік инвесторлар осы бағыттағы жобаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстануда.

Клара ҚАМБЕТОВА,

«Қазақстан-Орал» телеарнасы:

— Облыстың аудан-ауылдарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп орындары бар ма? Болса, олар қаншалықты тиімді?

Мержан САТҚАНОВ:

— Жалпы, ауылдық жерлерде өңдеу өнеркәсібімен айналысу қиын. Өйткені  бұл жерлерде халық саны аз. Бірақ соған қарамастан, сүт өнімдерін өңдеу өнеркәсібін дамытқысы келіп жүрген азаматтар баршылық. Мысалы, Бекболат Шканов дейтін кәсіпкер Сырым ауданында осындай өнеркәсіп орнын ашқысы келеді. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданында да сүт өнімдерін өңдеу зауытын құрғысы келетін кәсіпкерлер бар. Ауылдарда шағын өңдеу өнеркәсіп орындары мен жылыжайлар құру тиімді. Өйткені  олардың өнімдері халықтың негізінен тұтынатын тағамы болып табылады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар