16.06.2016, 6:03
Қараулар: 27
Инспекторлар жұмысын ширатуы тиіс!

Инспекторлар жұмысын ширатуы тиіс!

IMG_4041


Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов сейсенбі күні «Қазмедиа» орталығында онлайн режимдегі  халықпен кездесу өткізді. Министр жиында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрестің проблемалары және ішкі істер органдарының құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша есеп берді.


Ішкі істер министрінің есебін облыстағы құзырлы құрылымдардың өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен жоғары оқу орындарының басшылары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының  мәжіліс залында  тыңдады.

Министр есептік кездесуін полиция қызметкерлерінің жауапсыз іс-әрекеттері жөніндегі мәлімдемесімен бастап, учаскелік инспекторлардың жұмысын сынға алды.

– Біздің учаскелік инспекторлар әл-ауқаты нашар отбасылармен жоспарлы жұмысты тиісті түрде атқара бермейді. Жанжалды алдын алуға бағытталған іс-шаралар мерзімінде жасалмайды. Бұл жағдай тұрмыстық жанжалдар барысында кісі өлімінің санын арттырып отыр. Қазақстанда былтыр және ағымдағы жылы 100-ден астам адам тұрмыстық жанжал кесірінен көз жұмған. Тұрмыстық жағдайда жасалған ауыр қылмыстардың 10 пайыздан астамы іш-кіліктің кесірінен болған. Елдегі барлық 2700 учаскелік орталықтың 1400-іне жөндеу қажет. Оның үстіне қосымша 430 нысанды жаңадан салу керек. Учаскелік инспекторлардың үштен бірінде пәтер жоқ, ауылдық инспекторлардың үштен бірінде көлік пен радиостанса жоқ, – деген  ҚР ІІМ министрі заң мен тәртіп бұзған қызметкерлер қатаң тәртіптік жазаға тартылатынын да айтты. Оның айтуынша, өткен жылы ішкі істер органдарына 10 мыңнан астам арыз түссе, қызметтік тексеріс барысында 65 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке, 279-ы тәртіптік жазаға тартылып, 10 қызметкер жұмыстан босатылған.

Бұдан кейін Қ. Қасымов елдегі қылмыстық ахуалға тоқталды.

– Еліміз бойынша  барлық заңбұзушылықтың 60-63 пайызын ұрлық құрайды.  Ал  оның 25-27 пайызы – ұялы телефон ұрлығы. Ұялы телефон ұрлығымен күрес бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Көптеген елдерде ұрланған телефондарды ешқайда пайдаланылмайтындай, жарамсыз  етіп істен шығарады. АҚШ-та телефонды ешкім ұрламайды,  егер тауып алса, қайтарып береді. Біздер неге солай жасай алмай келеміз? Өйткені бірнеше жыл бойы елімізге контрафактілік өнім болып табылатын телефондар көптеп әкелінді. Егер телефон ұрлығы туралы шағым түссе, полиция қызметкерлері IMEI-ді бірден істен шығаруға қауқары бар. Бірақ бұл бірден 50-ден 100 қолданушыға дейін лицензияланбаған телефондардың бір мезетте істен шығуына әкеліп соғады. Сондықтан ұрлықпен күрес қызметінде барлық ұялы телефондарды реттеп, елімізге контрафактілі өнімдердің енуіне ты-йым салып, ұялы байланыс операторлары заңсыз телефондарға қызмет көрсетпеу үшін бұл жүйені АҚШ-тағыдай жүйелендіру керек, – деп атап өтті министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда  ұялы құрылғыларды қашықтан бұғаттау тек тіркелген гаджеттерге ғана қолданылады екен. Бүгінде Алматы облысы бойынша 200 мың ұрланған телефон тіркелген. Министр осы жылдың соңына дейін аталмыш мәселе  шешімін табатынын жеткізді.

Ол сондай-ақ елімізде жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы мен себептерінің жай-жапсарларына да тоқталып өтті. Жыл басынан бері Қазақстан бойынша 11 700 мас жүргізуші ұсталса, олардың 1 600-і қамауға алынған. Мұның сыртында 16 мыңнан астам жүргізуші куәлігінен айырылған.

– Біздің заңнамада жылдамдықты асыру, қызыл түске өтіп кету, қарсы бағытқа шығу сияқты заңбұзушылықтарға өте қатаң жазалар қарастырылғанымен, көлік жүргізушілердің тәртібі өте төмен деңгейде. Соңғы бес жылда Қазақстанда көлік саны 3,1 миллионнан 4,5 миллионға дейін артты. Былтыр жол-көлік оқиғалары 7 пайызға төмендесе, қаза тапқандар 5 пайызға, ал жарақаттанғандар саны 7 пайызға азайған. Биыл жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары 3,3 пайызға, көз жұмғандар 6,9 пайызға, жарақаттанғандар саны 3,5 пайызға кеміп отыр, — деді министр.

Қалмұханбет Қасымов кездесу барысында Ақтөбеде орын алған террорлық әрекеттерге де тоқталды.

– Ақтөбедегі лаңкестік әрекетті 45 адам ұйымдастырған. Қандықол қаскөйлер арам пиғылын жүзеге асырмас бұрын пәтерде жиналып, сириялық лаңкестердің жиһад жасау туралы арнайы мәлімдемесін тыңдаған. Сөйтіп, 45 адамның 25-і қаланың қақ ортасында қанды қырғын ұйымдастыруға келісім беріп, белгіленген нысандарға шабуылға шыққан. Ал 19 адам жиһад жасаудан бас тартқан. Алғашқыда 29 адам келіскенімен, үшеуі жолай бас тартыпты. Дүкенге («Паллада» қару дүкені) кіргенде тағы бір адам райынан тайып, топтан бөлініп кеткен. Қазіргі таңда олардан жауап алынып, аталған теракті бойынша тергеу амалдары жалғасуда, – деген Қалмұханбет Қасымов теракті кезінде көз жұмған Батыс Қазақстан облысының тумасы Берікжан Қалиевтің отбасына облыс әкімі Алтай Көлгінов үш бөлмелі пәтер кілтін табыстағанын және қаза болған өзге де азаматтардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін  мәлімдеді.

Ләззат ШАҒАТАЙ,

«Орал өңірі»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар