16.06.2016, 6:01
Қараулар: 125
Қанатқақты жоба Оралда жүзеге аспақ

Қанатқақты жоба Оралда жүзеге аспақ

IMG_4393


Оралдық мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Біржан Қожақов жетекшілік ететін жиһаз цехы биылдан бастап балалардың церебральды сал (БЦС) ауруына шалдыққан балаларға арналған жаңа құрылғыларды жасауға кіріскен болатын. Алғашқы легі дайын болған соң, құрылғылардың бірқатарын емдеу мекемелері мен қоғамдық бірлестіктерге тегін тарту етпек болып ұйғарған. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ғибадат» ЖШС-ында болып, қайырымдылық жасауға бекінген кәсіпкердің қанатқақты жобасымен  танысты.


Былтыр қазан айында Астана қаласында үлкен әлеуметтік жоба болды. Сол жиында елімізде БЦС-мен ауыратын балаларға арналған құрылғы шығаратын кәсіпорын жоқ екенін білдім. Құрылғылар Ресейден, Түркиядан, Германиядан ғана әкелінеді екен. Орал қаласына келген соң, балаларды күндіз емдейтін «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесінің мамандарымен кеңесіп, осындай ресейлік өнімдердің қандай кемшіліктері барын сұрадым. Дәрігерлер кеңесін ескере отырып, цехта жасалған вертикализатор құрылысын  әлі де жетілдірдік. Рамазан  айында екі медициналық мекеме мен екі  қоғамдық ұйымға тегін беріп отырмын. Мүмкін кей жергілікті кәсіпкерлер демеушілік жасауға ынталанар, – деді Біржан  Қожақов.

Вертикализатордың нарықтағы негізгі бағасы 250 мың теңгеден бастап, 1 миллион теңгеден асып жығылады екен. Ал жергілікті кәсіпкер әлдеқайда төмен бағамен саттыққа шығаруға ниеттеніп отыр.

Яғни құрылғылардың құны 35 мың теңге мен 120 мың теңге аралығында болмақ. «Біздің мемлекет вертикализаторларды сатып алу үшін  жылына 5 млрд. теңгеге жуық теңге қаражат бөледі. Егер құрылғы жасауды өзіміз қолға алсақ, бұл шығынды 2-3 есе азайтуға болады. Қосымша жұмыс орындары ашылар еді», – деді кәсіпкер облыс әкіміне. «Ғибадат» ЖШС шығарған құрылғылардың сапасына жергілікті мамандар оң бағасын берді. Жаңа жобаны қолға алған серіктестік басшысына облыс әкімі зор ризашылық  білдірді.

– Біржан Қожақов жетекшілік ететін жиһаз цехында 32 тұрғын еңбек етсе, оның 17-сі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Кәсіпкердің қажыр-қайраты, қайырымдылық ісі қоғамға зор үлгі екені анық. «Ғибадат» ЖШС жиһаздың алуан түрін шығарумен айналысып келеді. Басқа облыстардан сұраныстардың көптеп түсіп жатқаны – цех өнімінің сапасына дәлел. Кәсіпкер мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік аясында БЦС-мен ауыратын балаларға арналған құрылғылар шығару үшін жаңа қондырғы алып беруді сұрады. Біздер жергілікті кәсіпкерді тың бастамаға қолдау білдіруге, көмектесуге тарттық. Жоғары технологиялы, сапалы қондырғыны алуға 5 миллион 500 мың теңге бөлген «Uniserv» компаниясының басшылығына алғыс айтамыз, – деді  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов.

«Ғибадат» ЖШС-ға жаңа қондырғы маусымның соңында Алматы қаласынан әкелінеді. Біржан Қожақов заманауи қондырғыны пайдалана отырып, сал тартқан балаларға арналған құрылғыларды жетілдіре түсуге, вертикализатордың 33 түрін шығаруға мүмкіндік болатынын айтты. Яғни жобалардың электронды нұсқасы әзір. Мүмкіндігі шектеулі қолөнер шебері Орал қаласындағы «Шапағат» балалардың күндіз болуына арналған және Зеленов ауданындағы Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелеріне, облыстық мүгедек балалардың «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі мен Сырым аудандық «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігіне жалпы саны 30-дан астам вертикализатор тарту етті. Айта кетерлігі, Орал қаласының өзінде БЦС-ға шалдыққан 900 бала есепте екен. Ал былтыр еліміз бойынша 13238 баланың осы дертпен ауыратыны анықталды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Гүлбақша  ЕРҒАЛИЕВА,

Сырым  ауданындағы «Нұр шуағы»  қоғамдық бірлестігінің  төрайымы:

– Мұндай құрылғыларды алу  көптен бері көкейімізде жүрген күрделі мәселе еді. Ойда жоқта шешімі табылып, қуанулымыз. Өзі де тағдырдың тәлкегімен мүмкіндігі шектеулі жанға айналған жомарт азамат үлкен сый жасап, арманымызды орындады. Қоғамдық бірлестік еншісіне құрылғылардың үш данасы тиді. Аудан әкімдігі кәсіпкерге алғысхат жолдады. Ата-аналар да ризашылық білдіруде. Ауданда әр түрлі диагноз бойынша сырқаты ауыр 50-ден астам бала ерекше қамқорлыққа алынса, біздің бірлестікке 11 бала тіркелген, оның ішінде үшеуі БЦС-ға шалдыққан. Ауыл-аймақтан жергілікті цехтан шығатын вертикализаторларды алуға тұрғындар мен кәсіпкерлерді тарту үшін жұмыстануға дайынмын.

Базар ӨТЕПҚАЛИҰЛЫ,

Зеленов ауданындағы Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің жаттықтыру-емдеу маманы:

– Көбіне БЦС-ның тетрапарез деген түрімен ауыратын, яғни қол-аяғы құрысып қалатын балалар емделеді. Олардың қол-аяғын, иығын уқалап, қалпына келтірумен айналысамыз. Біздің мекемеден 98 мүмкіндігі шектеулі жан ем алса, соның ішінде 60-қа тарта  бала тетрапарезге шалдыққан. «Ғибадат» ЖШС ұсынған құрылғылардың пайдасы зор деген сенімдеміз. Себебі белі жақсы болғанымен, мойын омыртқаларын көтере алмайтын балалар бар. Бұл құрылғы соларға үлкен сеп болары  анық.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар