14.06.2016, 6:01
Қараулар: 8
«Сырым елі – әлеуеті жоғары аудандардың бірі»

«Сырым елі – әлеуеті жоғары аудандардың бірі»

IMG_3833


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңір басшысы ауданға сапарын Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзені су қоймасының су өткізгіш жүйесімен танысудан бастады.


Бұрынғы «Правда» кеңшарының ізіндегі Шолақаңқаты ауылдық округі тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Кезінде кеңшарда 17 мың бас ірі қара өсіріліп, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс жасаған. Ол уақытта Аңқаты өзені бойындағы су қоймасына көктемде қар суының есебінен  жыл сайын 6,5 миллион текше метр су жиналады екен. Сол кезде осы су қоймасынан 1 мың гектар шабындыққа шыққан суды есептемегенде, 100 гектар суармалы жерге екпе шөп, 50 гектар бау-бақша, 23 гектар жеміс бағы егілген. Сонымен қатар осы су қоймасы көршілес Аңқаты, Тоғанас ауылдарын техникалық сумен қамтып отырған. Тоқсаныншы жылдардың соңында иесіз қалған бөгет істен шығып, қауқарсыз күйге түскен. Бүгінде көктем мезгілінде бұл су қоймасына бар-жоғы 2 миллион текше метр су жиналады.

— Қазіргі таңда бөгетті қалпына келтіру жұмысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Егер осы су қоймасын қалпына келтірсек, көктемде шабындыққа су шығып, жем-шөп мәселесін біраз жеңілдетер еді. Сонымен қатар осы маңға 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуға ынталы кәсіпкер де бар. Болашақта балық өсіруге ниет білдірушілер де баршылық. Бір сөзбен айтқанда, осы бөгет жөндеуден өтсе, ауыл тұрғындарының игілігіне әбден жарар еді. Шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп, кәсіптің жаңа түрлерімен айналысып, бірқатар жұмыс көздерін ашуға мүмкіндік туғызары сөзсіз, — деді бөгет жұмысымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев.

Бұдан соң өңір басшысы Сырым ауданының орталығы Жымпитыда болып, жаңадан салынып жатқан сауда орталығының құрылысымен танысты. Ауылдың үстімен өтетін республикалық маңызы бар күрежолдың бойынан салынып жатқан супермаркеттің құрылысы аяқталып, жуырда халық игілігіне берілмек. Осы ауылда туып-өскен, бүгінде Орал қаласында тұратын Мэлс Сапаров пен Ермек Кәкімов есімді ауыл азаматтары ашқалы отырған «Ewerest» сауда орталығында күнделікті халық тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, тұрмыстық заттар, табиғи таза мал өнімдері, жиһаздар, құрылыс материалдары сатылмақ.

— Сауда орталығын өз қаржымызбен салып жатырмыз. Құрылысты «АИАС Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Мал өсірумен де айналысамыз. Қосымша жер телімін алып жатырмыз. Ондағы ойымыз – шаруа  қожалығымызда өсірілетін төрт түліктен табиғи таза мал өнімдерін дайындайтын шағын цех ашу. Түрлі ет, сүт өнімдері, халық тұтынатын жартылай дайын өнімдерді осы жерден дайындап, саудаға шығаруды мақсат еттік. Осы сауда орталығын кепілдікке қойып, «Даму» қоры арқылы алғашқы жарнаға қажетті несиеге қол жеткізсек дейміз. Супермаркеттің құрылысы толығымен аяқтала келді. Алдағы айдың ортасында пайдалануға бермекпіз. Ісіміз оңға басып жатса, осы ауылдың 17 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз, — деді сауда орталығының иелері.

Өңір басшысы сондай-ақ ауыл орталығындағы «Қайсар» орталық стадионында болып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған ардагерлер арасындағы аудандық спартакиадасына қатысушылармен кездесіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұдан соң облыс әкімі Жымпиты ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп, тас жол төселіп жатқан көшелерді аралады. Ауыл орталығындағы Амангелді, Қаратаев, С. Датов көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмысын Борис Сали басшылық ететін «Супер дор» ЖШС атқаруда. Аталмыш үш көшеге тас жол төсеу жұмысы аяқталған болса, енді үш көшенің жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылы ауыл ішінде жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын жол жөнделмек.

Жол өңдеу жұмыстарының қарқынымен танысқан өңір басшысы мердігерлерге тас жол сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар тас жол төселген көшелерге жаяу жүргінші жолдарын жасақтап, абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді аудан басшысына жүктеді.

Сонымен қатар  өңір басшысы Алтай Көлгінов Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында болып, көне жәдігерлермен танысты, тарихшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Аудан орталығындағы «Алаш саябағында» болған өңір басшысы ауыл ақсақалдарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті (жоғары суретте). Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, ауданның құрметті азаматы Ким Федянин, «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбақша Ерғалиева өңір басшысына жылы лебіздерін білдіріп, еңбегіне сәттілік тіледі. Кездесу соңында облыс әкімі орталық алаңға жиналғандармен бірге қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

— Күрежолдың бойында, екі облысты жалғап отырған Сырым елі – өңіріміздегі  әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Бүгінгі жұмыс сапарымызда бұл ауданның болашағының зор екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз. Атқарылған істермен қатар, алда тұрған міндеттер де баршылық. Бүгінгі кездесуде Шолақаңқаты және Қособа ауылдары маңындағы су қоймаларының бөгеттерін жөндеу керектігі айтылды. Бұл түйткілді мәселелердің қаншалықты маңызды екендігін түсінемін. Сондықтан алдағы уақытта қажетті құжаттарын жасақтап, керек қаражат көзін қарастыратын боламыз. Сонымен қатар ауыл орталығында заманауи сауда үйінің бой көтеруі – бұл  аудандағы кәсіпкерлікті дамытудың оң жолға қойылғандығының нәтижесі. Күні ертең 17 адамды жұмыспен қамтығалы отырған кәсіпкерлердің алдағы жоспарлары да мығым. Оларға шамамыз келгенше қолдау көрсетуіміз қажет. Ауыл көшелеріндегі күрделі жөндеу жұмыстары да бірқалыпты атқарылуда. Аудан орталығы мен Бұлдырты ауылдық округіндегі жол жөндеу жұмыстарына 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылған. Біз тек тас жол төсеп қана қоймай, оның халық игілігі үшін ұзақ мерзім қызмет етуі мақсатында сапасына да көп көңіл бөлуіміз керек. Мұражайда болған кездесуде өлке тарихшылары ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында келер жылы Алашорда қозғалысына 100 жыл толуын атап өтуді тілге тиек етті. Бұл ұсынысқа да қолдау көрсетуіміз керек. Жақын арада өлке тарихшыларын жинап, іс-шаралар жоспарын жасақтауды ұсындым. Осы аймақтың тарихын, өсіп-өркендеуін шынайы түсінетін ауыл ақсақалдары, еңбек ардагерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Өңір туралы, болашақта оның өркендеуі туралы мол мағлұмат алдық. Алдағы уақытта осы мақсатта жұмыс атқаратын боламыз, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапары соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ