4.06.2016, 6:06
Қараулар: 27
Жойқын бетбұрыс – жарқын болашақ

Жойқын бетбұрыс – жарқын болашақ

Жанабек Жаксыгалиев


Елбасы  Нұрсұлтан  Назарбаев Қазақстан дамуының жаңа белесінде халқымызға Ұлт жоспарын ұсынды. Қазақстандық арманның көкжиегі кеңейіп, тың мақсат айқындалып, жаңа межелер белгіленді. Зердесі терең, ойы ұшқыр қазақ халқы бұл игі бастаманы қуана қарсы алды. Ұлт мұраты, ұлт мүддесі, ұлт келешегі сынды ұлы құндылықтарды қастерлеп, дәріптеген қазақ елі осылай жарқын болашақ жолында жойқын бетбұрысқа бел буды.


Ұлт жоспары – ұлтымызды болашаққа бастар бағдаршам һәм темірқазық. Ірі стратегиялық құжат. Түбегейлі құрылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерге әкелетін реформалар кешені, жаңғырту жобасы. Сондықтан бұған Отандық және әлемдік сарапшылар «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деген атауды жайдан-жай беріп отырған жоқ.

Иә, бұл – әлемдік тарихи тәжірибеде бар үрдіс. Тарихтан білетініміздей, қай заманда да, қай елде де, қай қоғамда да көшбасшылар өз ұлты мен елі үшін белгілі бір стратегиялық міндеттерді  шешуге  ұмтылған.

Бұған алысқа ұзамай-ақ өткен ХХ ғасырдағы Азия құрлығындағы елдердің белгілі көшбасшыларын мысал ретінде алсақ та жеткілікті. Қытай революционе-рі, Гоминьдан партиясының негізін қалаушы, «қытай ұлтының әкесі» аталған Сун Ятсен, тағы бір қытай реформаторы, «қытайлық реформалардың әкесі», әлемдік деңгейдегі ірі қайраткер Дэн Сяопин, Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшы һәм мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға  және оның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің, «экономикалық таңғажайыптың» авторы, тәуелсіз Сингапурдың алғашқы премьер-министрі Ли Куан Юдің жүргізген реформалары осы сөзімізге тұздық.

Ұлт жоспарында қазақстандық арманмен қатар басты назар кәсіби мемлекеттілік аппаратты құруға бағытталғанын да айрықша атап өтуіміз қажет. Сондықтан мақаланың сүбелі тарауы «Мемлекетті кәсібилендіру» деп аталған.

Себебі өз ісін жетік меңгерген, білімі терең және елжанды мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық құрамын байқау және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастырмайынша, Ұлт жоспарын жүзеге асыру мүмкін емес.

Енді мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің, біріншіден, маман ретінде саты-сатымен қалыптасып, кемелденуіне, екіншіден, халықпен етене жақындасып, қоянқолтық араласуға, халықтың мұң-мұқтажын, арман-аңсарын түсінуге үйретеді.

Ұлт жоспарының тағы бір айрықша игі қадамы – төменгі лауазымдарға қағидаттарды реттеу және олардың одан әрі лауазымдық өсуі іскерлік қасиеттері арқылы жүзеге асырылады. Меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілерді таға-йындаудың осындай либералды жүйесіне көшу – мемлекеттік аппараттың құрамы мен сапасын жақсартатыны сөзсіз.

«Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі.

Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау.

Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.

Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс». Сот төрелігінің тиімділігін арттыруға орай Елбасының  айтқаны  бұл.

Ал кезінде Әлихан Бөкейханов «Заң  адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деп, құқықтық қағидаттың алдымен халықты қорғауға арналатынын айта келіп, Жұртқа әділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орнына жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай  алатын болыс пайдалы» деп бүгінгіше айтқанда, судьяларға қоятын талаптарды түгендеп береді. Сөйтеді де, олардың тәуелсіз болуына да кеңінен тоқталады: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт», – дейді.

Бұл мақалада назар аударылған тағы бір маңызды мәселе – ұлт бірлігі. Өйткені бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері біртектілік пен бірлікті сақтаудың арқасында өркендеп отыр. Олар өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асыруда. Елбасы бұл туралы пікірін былай тұжырымдайды: «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен  қалыптастыру  жолы».

Иә, Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Қазір 130-дан астам ұлттар мен этностар бейбіт өмір сүруде.

Соның бәрі Елбасымыз Н. Назарбаевтың асқан парасаттылықпен жүргізген саясатының және мемлекет құрушы һәм құраушы ұлт – қазақ халқының кеңпейілділігі мен сарқылмас сабырының жемісі.

Бас мақала соңында Президент Н. Назарбаев Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру кезеңі басталғанын, оның жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның бақылауымен жүретінін айтады. «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы дала елін құрдық.

Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың өрлеу дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді  пайдаланамыз», – деді.

Түйін. Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйсек, «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Бұл – ХХ ғасырдың басындағы Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхановтың туған халқын жігерлендіру үшін айтқан даналық сөзі. Ал енді бүгінгі ісіміз – кешегі мақсаттың ұлы жалғасы. Бүгінгі қазақстандық арман – ертеңгі нақты өмір. Ендеше, кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге ұштастырған халықтың болашағы да жарқын болуы тиіс. Әсірелеп, айшықтап айту емес, алға қойған мақсаттарды нақты жүзеге асырғанда, осылай болатындығы белгілі.

Осы орайда жерлесіміз, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!» деген жыр жолдары еске түседі.

Қаншама азап пен тозақты көрген қазақтың маңдайына ел болу мәселесі бұйырған екен, соны қалай пайдалану хан мен халыққа жүктелер ерекше сынақ. Осы орайда Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың «Мен Қазақстанның болашағына басымды тіккен адаммын!» деген сөзі ойға оралады.

Кемеңгер Кекілбаевша айтсақ, «Біз тарихтың талай ұлт пен қоғамды мықтап сынаған қиын кезеңдерін бастан кешірген халықпыз. Біз үшін ең бастысы – тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болып қала алсақ, жоқтықты да, қиындықты да, әділетсіздікті де жеңе аламыз. Ал оған дәтіміз шыдамаса, бәрінен де дәмемізді үземіз. Ең жаманы – өзіміздің ғана емес, кейінгі ұрпақтардың обалына қаламыз. Сондықтан өз ел, өз жерімізде қазір болып жатқанның бәрі-бәрі көңілімізден шыға бермеді екен деп, тәуелсіздікті қолдан шығарып  алмауымыз  қажет».

Иә, науқастың сырқаты анықталмай, оған дұрыс ем қонбайтыны сияқты жоспардың негізгі мақсаты да «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалаудан туындап жатыр.

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар