4.06.2016, 6:01
Қараулар: 60
Айнұр мен Диана: 122 балл!

Айнұр мен Диана: 122 балл!

IMG_1852


Маусымның 2-сінде тұтас еліміздегідей біздің облысымызда да Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алғашқы сынақ бейсенбі күні М. Өтемісов атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да өтті. Бірінші күннің нәтижесі туралы сала мамандарынан ақпарат алған едік.


– Бейсенбі күні облысымызда 1305 мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Со-ның ішіндегі 71 «Алтын белгі» үміткерінің 50,7 пайызы, үздік аттестатқа ұсынылған 27 түлектің 40,7 пайызы сенім үдесінен шыға білді. Қатысушылардың 21,3 пайызы жүзден жоғары балл жинады. Әзірге үздік көрсеткіш — 122 балл. Бұл жетістікке Шыңғырлау мектебінің түлегі Айнұр Есенова мен №7 мектеп түлегі Диана Біләлова қол жеткізді. Шекті деңгейге жете алмағандар саны тоғыз пайызды құрады, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Темірғалиева.

Білім сынағында облыс бойынша ең жоғары балл жинап, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері атанған талапкерлермен жедел сұхбат жүргіздік:

Айнұр  ЕСЕНОВА,

«Алтын белгі» иегері, Шыңғырлау мектебінің түлегі:

– Мен ҰБТ-дан 122 балл жинадым. Биология пәнін таңдаған болатынмын. Таңдау пәнінен ғана 22 балл жинадым. Қалған сабақтар бойынша максималды балл алдым. Қай университетте білім алатынымды әлі шешпедім. Емтихан кезінде ешқандай қобалжуға бой алдырмадым. Біріншіден, біліміме сенімді болдым. Екіншіден, кездескен сұрақтардың барлығы мектеп бағдарламасына сай болды.

Ақжібек  ОРЫНҒАЛИЕВА,

«Алтын белгі» иегері, С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінің түлегі:

– Мен ҰБТ-дан 112 балл жинадым. Таңдаған пәнім — химия. Дайындық барысында да жоғары балл жинап жүрдім. Еңбегім өз нәтижесін берді. Болашақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың жалпы химия мамандығының студенті атанғым келеді.

Диана  БІЛӘЛОВА,

«Ерекше  аттестат» иегері, №7  мектеп түлегі:

– Мен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 122 балл жинадым. Бұл мен үшін өте қуанышты жағдай. Математика мен қазақ тілі пәндерінен — 25, басқаларынан 24 балл жинадым. Балалық шағымнан дәрігер болуды армандап өстім. Алла қаласа, арманым орындалғалы тұр. Астана қаласындағы Медициналық университетке тапсырамын. Тестілеу барысында қобалжығанымды жасырмаймын, бірақ дереу өзімді қолға алдым. Ұстаздарыма алғыс айтамын. Құрбы-құрдастарыма сәттілік тілеймін!

Айымгүл Төлеуғали

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар