31.05.2016, 6:07
Қараулар: 72
Жаңа тағайындаулар

Жаңа тағайындаулар


Мамыр айының 28-інде ҚР Президенті әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Алдияр Халеловті ротациялық тәртіп негізінде Бөрлі ауданының әкімі қызметіне тағайындады. Осыған орай облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы жиналған аудан активіне ауданның жаңа басшысын таныстырды.


Аудан активімен өткен кездесу барысында облыс басшысы жиналғандарға жаңа әкімді таныстыра отырып, алда тұрған келелі міндеттерге тоқталды. Олардың қатарында Елбасының «100 нақты қадам»  Ұлт жоспары аясындағы іс-шаралар, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, жол жөндеу, Ақсай қаласы мен аудандағы ауылдық округтерді абаттандыру сынды жұмыстар бар. Өңір басшысы жаңадан тағайындалған Алдияр Халеловке және аудан әкімдігіне табыс пен жемісті еңбек тіледі. Басқа қызметке ауысуына байланысты өз еркімен қызметінен босаған ауданның бұрынғы әкімі Марат Түсіпқалиев осы кезге дейін жұмыстас болған әріптестеріне алғысын айтып, Бөрлі ауданының келешегіне үлкен сеніммен қарайтынын жеткізді. Ал  ауданның тізгінін енді қолға алған А. Халелов облыс әкіміне, аудандық мәслихаттың депутаттарына көрсеткен сенімдеріне рақмет айтып, Елбасы Н. Назарбаевтың алға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындайтындығына  жиналғандарды  сендірді.

Алдияр Халелов-2015Алдияр Сансызбайұлы ХАЛЕЛОВ 1958 жылы 11 қыркүйекте Орал облысының Жәнібек ауданы «Қайрат» кеңшарында дүниеге келді. Ол 1981 жылы Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтын гидромелиорация, инженер-гидротехник мамандығы бойынша тәмамдайды. 1981-1988 жылдар аралығында Желаевтағы аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігінде аға инженер-гидротехник, кәсіподақ төрағасы қызметтерін атқарды. 1988-1990 жылдарда М. Мәметова атындағы ұжымшарда партком хатшысы, 1990-1996 жылдар аралығында Трекин ауылдық округінде

Трекин ауылдық әкімшілігінің басшысы, 1996-1997 жылдарда Приурал ауданы әкімінің орынбасары, 1997-2002 жылдары Зеленов ауданы әкімінің орынбасары, 2002-2011 жылдар аралығында Зеленов ауданы әкімінің орынбасары, ал 2011 жылдан осы  кезге  дейін  Шыңғырлау  ауданының әкімі  қызметінде  болды.

* * *

Теректі аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында  облыс әкімі Алтай Көлгінов Президент әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Мұрат Рахметұлы Мұқаевты ротациялық тәртіп негізінде Теректі ауданының  әкімі  лауазымына тағайындады.

Өңір басшысы ауданның бұрынғы әкімі қызметінен өз еркімен босатылғанын айтып, жаңа әкімді таныстырды.

Активте облыс басшысы М. Мұқаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол»,  «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту сынды міндеттемелерді абыроймен  атқаратынына  үміт  артты.

Жаңа әкім өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыройлы орындауға бар  күш-жігерін  салатынын  айтты.

SONY DSC

SONY DSC

Мұрат Рахметұлы МҰҚАЕВ 1969 жылы туған, білімі жоғары. 1992 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын және 2005 жылы Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетін бухгалтерлік есеп, экономист, заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Фурманов ауданы салық инспекциясының есепке алу жөніндегі инспекторы болып бастады. 1994-1996 жылдары «Игілік-банк» Орал филиалының жетекші  маманы, 1996-1997 жылдары Қазақстанның Халық жинақ банкі Батыс Қазақстан облыстық филиалының бухгалтері, менеджері қызметін атқарды. 1997-2011 жылдары БҚО және ШҚО-да кеден қызметі саласында еңбек жолын жалғастырды. 2011-2013 жылдары Орал қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, 2013 жылдың  28  маусымынан  Жәнібек  ауданының  әкімі  лауазымында  қызмет  атқарды.

* * *

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Жәнібек  аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан әкімі қызметіне Наурызбай Қадырбайұлы Қарағойшиннің кандидатурасын ұсынды. Облыс әкімінің ұсынысын халық қалаулылары бірауыздан қолдап, Наурызбай Қарағойшин аудан әкімі болып тағайындалды.

Алтай Сейдірұлы жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, Наурызбай Қадырбайұлының басқарушылық қызметте тәжірибесі мол, іскер азамат екенін айтып, жәнібектіктермен алдағы уақытта бірлесіп қызмет атқаратынына сенім білдірді. Содан кейін аудан басшылығының алдына «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту  бағытында  тапсырма  берді.

Жиында сөз алған ауданның бұрынғы  әкімі Мұрат Мұқаев үш жылға жуық уақыт қоян-қолтық жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан аудан активіне ризашылығын білдіріп, Наурызбай Қадырбайұлының қызметіне жемісті еңбек тіледі. Өз кезегінде Наурызбай Қарағойшин көрсеткен зор сенімі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, жүктелген үлкен сенімді ақтау жолында бар білімін, күш-жігері мен қажыр-қайратын аямай жұмсап, аудан халқымен бірге қызмет  атқаратынын  жеткізді.

карагойшинНаурызбай Қадырбайұлы ҚАРАҒОЙШИН 1960 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы –  зооинженер.

Еңбек жолын 1978 жылы Жаңақала ауданы «Айдархан» совхозының «Арай» комсомол-жастар бригадасының көмекші шопаны  болып  бастаған.

Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып, жоғары оқу орнында білім алғаннан кейін, 1986-1987 ж. ж. – Жаңақала ауданы «Айдархан» совхозының аға зоотехнигі, 1987-1990 ж. ж. – Жаңақала аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, нұсқаушысы, 1990-2003 ж. ж. – Жаңақала ауданының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында басқарма төрағасы, бас зоотехник, директор, 2003-2010 ж. ж. – Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2013 ж. ж. – Қаратөбе ауданының әкімі, 2013-2016 Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарып, 2016 жылғы 30  мамырда  Жәнібек  ауданының  әкімі  болып  тағайындалды.

* * *

Облыс әкімі  Алтай Көлгінов Шыңғырлау аудандық мәслихатының IV кезектен тыс сессиясына қатысты. Сессияда Алтай Сейдірұлы аудан әкімі Алдияр Халеловтің өзге қызметке ауысуына байланысты аудан басшылығына осы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Альберт Есалиевты ұсынды. Сессияға қатысқан 10 депутат бұл ұсынысқа келісімін беріп, Альберт Есалиев аудан әкімі қызметіне тағайындалды.

Жаңа басшыны аудан әкіміне таныстыру сәтінде Алтай Көлгінов бұған дейінгі осы лауазымды абыроймен атқарған Алдияр Халеловке жемісті қызметі үшін алғыс білдірді. Бұл лебізді қуаттаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Сәмиев, ҰОС-ның ардагері С. Ығылманов, ауданның құрметті азаматы Б. Сапаров сынды қариялар алғыс білдірісті. Бұдан соң жаңа тағайындалған әкім таныстырылып, алдағы еңбек жолына сәт сапар айтылды. Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын дамыту бағытында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашуға жете мән беру керектігіне тоқталды. Аудандық мәслихат хатшысы Г. Волкогон, ауданның әлеуетін арттырудағы жұмыстарға жан-жақты қолдау танытатындықтарын  білдірді.

есалиевАльберт Темірболатұлы ЕСАЛИЕВ 1980 жылдың 1 қаңтарында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Қазталов ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2001 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетін жоғары кәсіби білімді тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған, 2009 жылы «Еуразия» Батыс Қазақстан тілдер және менеджмент институтын  экономика  мамандығы  бойынша  аяқтаған.

2001 жылдың тамызы мен 2002 жылдың қыркүйек айына дейін – Переметный  ЖОББМ  мұғалімі.

2002 жылдың қыркүйек айынан 2005 жылдың ақпанына дейін – Переметный ЖОББМ директордың оқу-тәрбие жұмыстары  жөніндегі  орынбасары.

2005 жылдың ақпанын 2007 жылдың желтоқсаны аралығында – Зеленов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау  жұмысы  бөлімінің  бас  маманы.

2007 жылдың желтоқсанынан 2010 жылдың қарашасы аралығында – Зеленов ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және бақылау  бөлімінің  меңгерушісі.

2010 жылдың қараша-желтоқсан айларында – Зеленов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру,  кадрлық  жұмыс,  мемлекеттік қызметтер мониторингі  және бақылау  бөлімінің  бас  маманы.

2010 жылдың желтоқсанынан 2011 жылдың желтоқсан аралығында – Зеленов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадрлық жұмыс, мемлекеттік қызметтер мониторингі  және  бақылау  бөлімінің  меңгерушісі.

2011 жылдың 20 желтоқсанынан Шыңғырлау ауданы әкімінің өкімімен Шыңғырлау ауданы  әкімінің  орынбасары  болып  тағайындалды.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар