Рада ХАЙРУШЕВА, «Аялаған алақан» қоғамдық қорының жетекшісі: «Күн сайын бір баланы қуанта алсам…»

Күні , 825 рет оқылды

DSC_0203


Адамға қуаныш сыйлау  оның күнделікті ісіне айналған.  Ол адамды қуанту үшін бай-манап болудың, жоғары лауазымды қызметтің иесі немесе кәсіпкер болудың қажеті жоқ, жай ғана ынта-ықылас қажет деп есептейді.


Әр күн сайын мүмкіндігі шектеулі, жаны жабырқаған балаларға қуаныш сыйлап, сүрінгенге сүйеу болып, жылағанды жұбатып жүрген біздің кейіпкеріміз Рада Хайрушеваға бұл идея перинаталды орталықта жатқанда келіпті. Егіз ұлын дүниеге әкеліп, перзентханада болған кезде әке-шешесі бас тартқан, «отказной» керуетте жалғыздан-жалғыз жатқан жетім балаларды көреді. Өзге балаларды анасы аймалап, бауырына басып жүргенде, әлгі балалардың қараусыз, тек медбикелерді күтіп, шырылдап жылап жатқаны жүрегін ауыртады. Тіпті алыс аудандардан келген жас аналардың қарапайым жеке бас тазалығына арналған заттарының болмауы да көңіліне кірбің ұялатады. Қолындағы барымен бөлісе жүріп, жоқшылық, жетімдік азабын тартқан жандардың мұңын сезінген ол қос бөбегін құшақтап, перинаталды орталықтан шыққан соң, мұқтаж жандарға көмек қолын созғысы келетінін түсінеді. Арада біраз уақыт өткен соң, ана мен балаға қажетті заттарды алып, перинаталды орталыққа келеді. Сөйтіп, Раданың ең алғашқы қайырымдылық көмегі басталады. Ол сол сәттен бастап, адамдарға жай ғана қуаныш сыйлаудың құндылығын ұғынады. Оның қатарына қайырымды жандар да көптеп жинала бастайды. Ол еріктілерден құралған өзінің тобын «Көмек қолы» деп атап, көптеген адамға көмек қолын созады.

Егіз ұлдың анасы, талдырмаш қана келіншек өз уақытын тиімді пайдаланғанды жөн көреді. Ол мүмкіндігінше «Уақытым жоқ, қолым бос емес» деген сөздерді мүлдем қолданбауға тырысады.

— Уақыт тапқысы келген адам қандай қысылтаяң кезде де табады. Ал сылтауды жақсы көретіндер уақыты болған күннің өзінде де жүз сылтау ойлап табады. Жалпы, бар болғаны бес-алты жылдың ішінде байқағаным, қаламызда мейірімді жандар өте көп. Біз «Балалар үйі», «Балалар ауылы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы интернаттарға» жиі барамыз. Тобымдағы қайырымды жандардың бәрі де қызмет атқарады. Мен де қаламыздағы қаржы компанияларының бірінде заңгер болып қызмет жасаймын. Бірақ қайырымдылық шараларын өткізу үшін қызметімнен сұранбаймын.

Сондықтан мұндай шараларды түскі ас уақытында немесе кешкі мезгілде өткіземіз. Тобымдағылардың бәрі қызметте болғанымен, олар қай кезде де мені қолдауға әзір. Мәселен, белгілі шоумен Сергей Жужа кей кездері күніне екі рет шарамызды өткізіп беріп жүрді. Осындай жүрегі ізгілікке толы, уақыттарының аздығына қарамастан, өзгелерді қуантқысы келетін қайырымды адам көп, — дейді мейірімді жан.

Әр сағатын жоспарлап, тек мейірімділікке арнайтын біздің кейіпкеріміз күн сайын таңғы алтыда тұрады. Ертеңгілік тамағын беріп, сәбилерін балабақшаға, жұбайын жұмысқа шығарып салады. Одан әрі түскі бірге дейін өзі де қызметте. Түскі ас уақытын ол өте тиімді пайдаланады. Қайырымдылық шаралары, мұқтаж жандарға көмек (тамақ, киім, жеке гигиена тазалығына қажетті заттар апару) сықылды жұмыстарды тобындағы жандармен бірлесе жүріп атқарады. Түстен кейін сағат екіде қызмет орнына қайта келетін ол бесін ауа беске дейін өз қызметін мүлтіксіз атқарады. Сағат бесте балабақшадан егіздерін алып, оларды сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін болатын би үйірмесіне алып келеді. Содан кейін үйге келіп, кешкілік уақытын отбасына арнайды. Кейде бұл уақыттарда қайырымдылық шаралары жоспарланады. Әрі қарай ертеңгі күннің жоспары талқыланып, әр күн осылай жалғаса береді. Қарбаласқа толы күннің бәрінде де ол өмір белесінде жаны жабырқаған жандардың шынайы алғысына бөленумен келеді.

— Жарық дүние есігін ашқан сәби туғаннан тағдыр тәлкегіне ұшырап, тастанды атанғаны үшін немесе мүмкіндігі шектеулі болып, дүниеге келгені үшін кінәлі емес. Әр сәбидің маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Олар біздің аяушылығымызға тіптен зәру емес. Баланың аты – бала. Тағдыры қиын болғанымен, балалық бақыттың дәмін сезініп өсуге әр сәби лайықты. Тастанды, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан қажет жағдайлар жасалуда. Әйтсе де оларға мейірім, жай ғана жан жылулығы жетіспейді. Біз оларға мүсіркеп, аяп қарамай, мейірім төге білуіміз керек. Сондықтан да қамкөңіл балғындардың көңілін көтеретін концерттер, мамандардың шеберлік сыныптарын, спорттық бағыттағы шараларды жиі өткіземіз, — дейді ол.

Рада Хайрушева әлеуметтік желіде көпшілікке жақсы таныс. Ол ылғи жақсылыққа толы күндерінен фотосуреттер салып, достарымен бөлісіп отырады. Сонымен қатар оны қамкөңіл балғындар мен аз қамтылған, көп балалы отбасылар жақсы біледі. Онымен бірге жаны жабырқау жандарға жылулық сыйлауға асыққандар да қарапайым адамдар. «Көп түкірсе – көл» демекші, бәрі жиналып, қажет көмекті жеткізгенше асығады. Тек балалар ғана емес, қамкөңіл қариялар мен өмір көшінде қиындыққа тап болғандар да Рада мен оның тобын жақсы біледі.

— Өмір болған соң адам өмірінде қиын сәттер кездесіп жатады.

Кейбір жандарды уақытша қиындықта жай ғана демеп, қолдап жіберсек, әрі қарай өзі аяғынан тік тұрып кетеді. Мәселен, менің бір құрбым кішкентай кезінде көп балалы отбасында өскен. Жағдайлары нашар болғандықтан, оларға мемлекет, мектеп, мейірімді адамдар көп қолдау көрсетіпті. Қазіргі күнде бір-бір үй болып, жоғары білім алып, биік табысқа жетіп жүрген олар көмекке зәру жандарға қолұшын созып, қолдау көрсетіп келеді. Дүние кезек деген – осы. Біз көмектескен жандар ертең өздері сезінген шуақ-жылуды өзгелерге сыйлайтынына сенеміз, — дейді біздің кейіпкеріміз.

Оның алға қойған мақсат-жоспары өте көп. Ол алдағы күндері аз қамтылған отбасы мен көп балалы отбасының жоғарғы сынып оқушыларына мұғалімдермен келісе отырып, тегін қосымша білім беруді ұйымдастырғысы келеді.

— Көп адам мұқтаж жандарға көмектесу үшін ақша мол болу керек деп ойлайды. Алайда қайырымдылық жасау үшін ақшаның қажеті жоқ. Мәселен, соңғы курс студенттері немесе мұғалімдер көп балалы, жағдайы төмен отбасының баласына аптасына екі-үш рет қосымша сабақ берсе, ол бала ҰБТ-дан жақсы ұпай жинап, оқу орындарының біріне түссе, бұл – үлкен көмек. Жалпы адамдарға балықты аулап бермей, қармақ беріп, балық аулауды үйрету керек. Осы бағытта үйде бос, жұмыссыз отырған жандарға кәсіби мамандармен бірлескен шеберлік сыныптарын өткізгім келеді. Мәселен, шаштаразбен келісіп, ол өз кәсібін өзгелерге тегін үйретсе…

Біз дәл осылай теңізге тамған тамшыдай болса, қоғамдағы қордаланған мәселелерді біртіндеп болса да, шешуге атсалысқымыз келеді, — дейді өз ойын ірікпей жеткізетін ақжарқын жан.

Ол ерікті түрде айналасына егіп жүрген мейірім дәні үшін өзгелерден жауап күтпейді. Алайда басшылардың өз еңбегін ескеріп, бағалап жатқанына қуанып қалатынын да жасырмайды. Мәселен, ол ағымдағы жылдың басында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Алғысхатына ие болды. Сонымен қатар 7-арна өткізген «Қайырымдылық жаса» республикалық байқауында бірінші орын алып, «Мейірімді жүрек» аталымына ие болды. «Мейірімді жүректің» иесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған облыстық аналар кеңесінің мүшесі.

17 жасынан бастап еңбекке араласқан біздің кейіпкеріміз өз өмір жолында жақсы адамдардың көптеп кездескенін айтады. Ол сол кезден бастап әр сағатын жоспарлауды үйренді. Түске дейін сабақта, түстен кейін жұмыс, кешкі сағат алтыдан онға дейін қосымша білім беру курстарында оқып жүрді. Жүрген жерін қуанышқа бөлеп жүретін ол көңілі жарты балғындар мен жаны жабырқау жандардың өміріне өзгеріс енгізді. Сүрінген адамның қайта тұрғанын, мұңайған жанның қуанғанын көрді. Рада мен оның мүдделес достарының негізгі мақсаты да осы еді.

— Бір балаға көмектесіп, бүкіл әлемді өзгерте алмаймыз. Алайда күн сайын тым құрыса бір баланың басынан сипап, қуаныш сыйлай алсақ, ол баланың көзқарасы мен өмірі өзгереді. Біз үшін ең маңыздысы – осы, — дейді ол.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика