31.05.2016, 6:05
Қараулар: 95
Ұлттық спортты ұлықтаған түлектер

Ұлттық спортты ұлықтаған түлектер

IMG_9398[1]


Жақында Жаңақазан ауылының жұртшылығы үшін ерекше, есте қаларлықтай күн болды. М. Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектепті 1996 жылы бітірген жаңақазандықтардың ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті.


Солардың ішінде «Достар» шаруа қожалығының жетекшісі Думан Қарағойшин, «Шайқыбай» ШҚ-ның жетекшісі Дәріжан Қарағойшин және «Кенжеғалиева Бақыт» ШҚ-ның жетекшісі Мырзахмет Бияшовтардың ұйытқы болуымен екі қашықтықтағы ат бәйгесінің жүлдесіне 30 қой тігілді. Бәйге десе, делебесі қозып, қиқу салып,  «Ер қанаты – ат» деп желпінетін халықтың қарасы көп болды.

Жаңақазандық шабандоздар ғана қатысқан 18 шақырымдық аламан бәйге алты айналымнан тұрды. Соңғы айналымдарда  алдына қара салмай, мәреге дара келген Жетпіс Айтқалиевтың күрең жылқысы I орынды (10 қой) қанжығасына байлады. Ал Дархан Мергеновтің қылқұйрығы II орын (жеті қой), Арманай Ибатовтың тұлпары III орын (үш қой) алып, олжалы болды.  Сондай-ақ «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, 12 шақырымдық сында  I орынды (бес қой) «Достар» шаруа қожалығының сәйгүлігі (атбегі Асхат Ерешев), II орынды (үш қой) «Дәурен» шаруа қожалығының жиренқасқасы (атбегі Алексей Кереев), III орынды (екі қой) «Болат» шаруа қожалығының торы аты (атбегі Аман Болатов) еншіледі. Мұнан кейін өткен арқан тартыс сайысында жуалыойлық жігіттер ешкімге дес бермей, жеңімпаз атанып, 10 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар бұл күні екі салмақ дәрежесінде балуандар күресіп, бақтарын сынады.

Ұлттық спортты ұлықтау мақсатымен өрбіген шара көптің көңілінен шықты. Күйбең тірліктен қажыған ауыл халқының бір сәт болса да көңіл күйлері көтеріліп, шат-шадыман болысты. Ауылдастарына азаматтық, жомарттық жасап, елім, жерім деген ауыл түлектеріне жаңақазандықтар дән риза.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар