31.05.2016, 6:04
Қараулар: 28
Баба құрметіне – «Күй күмбірі»

Баба құрметіне – «Күй күмбірі»

DSC_1203


Домбыраның шанағынан төгілген күй құдіреті өн-бойыңды рақат сезімге бөлеп, рухыңды асқақтататыны сөзсіз. Сүйгүліктің шабысындай көрінетін домбыраның қағысы алты алаштың айбарлы намысы болғалы қашан?!


Күні кеше Қаратөбе ауданында өткен ұлы даланың сырлы сазын күміс күймен жеткізген дарынды күйші, төкпе күйдің шебері Ұзақ Мырзабайұлы атындағы «Күй күмбірі» атты республикалық домбырашылар байқауы –  соның нақ дәлелі.

Айта кету керек, өткен жылы Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен аймақтық «Ұзақ күйші» қоғамдық қоры құрылып, көп кешікпей ауданның Аққозы ауылдық округіне қарасты Ақтұлым жерінде Ұзақ бабамызға келбетті кесене орнатылды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қаратөбе өлкесінде алғаш оздырылып отырған дүбірлі доданы игілікті істің жалғасы деп айтуға толық негіз бар. Басты мақсат – Ұзақ бабамыздың есімін ұлықтау, ұлттық өнерді дамыту, өнер әлемінде жас домбырашылардың есімдерін анықтау.

Қасиетті Қаратөбе мекеніне еліміздің барлық аймағынан табан тіреген күйшілер аудандық мәдениет үйінде алдымен жеребе суыру рәсіміне қатысып, байқауға қатысушы күйшілердің сахнаға шығу ретін анықтады.

Жеребе бойынша алғаш болып батысқазақстандық Ақылбек Бектасов өнер көрсетті.

Күйшілер байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы А. Шахаров, ҚР еңбек сіңірген әртісі, белгілі күйші Т. Әліпбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Қ. Мұқанғалиев байқаудың жоғары дәрежеде өтуіне игі тілектерін арнады.

Үш кезеңді қамтыған аталмыш байқауға 30-ға тарта күйші қатысып, бақтарын сынады.

Бірінші, екінші кезеңдерде Қазанғап, Боғда, Құрманғазы, Махамбет, Дина, Сейтек, Дәулеткерей, Қаратау мен Арқа мектептерінің күйлерін шебер орындаған өнерпаздар ғана үшінші кезеңге жолдама алды.

Байқаудың екінші күні меймандар мен қатысушылар Ақтұлым жеріне ат басын бұрып, Ұзақ баба кесенесіне тәу етіп, оның аруағына Құран бағыштады.

Бағдарлама шеңберінде аудандық тарихи-өлкетану музейіне мәдени саяхат жасалынып, жезтаңдай әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Шешуші кезеңге қатысушы 15 домбырашы Дәулеткерей атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен қалауы бойынша бір күй орындады.

Байқаудың бас жүлдесін Еркебұлан Соңғыбаев (Маңғыстау облысы) жеңіп алды. Жеңімпазды Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров марапаттап, 300 мың теңгелік сертификатты табыс етті.

— Қазақтың қанына біткен күйшілік өнері – біздің ұлттық бай мұрамыз, құндылығымыз. Қолынан домбырасы түспеген қазақ барда Ұзақ бабамыздың есімі де мәңгі жасайды. Әрине, баба рухына тағзым ету – сіз бен біздің  басты борышымыз. Бабамыздың есімін ұлықтауға қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Әрдайым да басымыз осындай мерекелі күндерде қосыла берсін! — деді аудан басшысы Асхат Берлешұлы байқаудың марапаттау салтанатында.

Жеңімпаз-жүлдегерлермен қатар, қатысушыларға да ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Тұрар Әліпбаев дүбірлі доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

Екі күнге созылған домбырашылар додасы мерекелік концертке ұласты.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Тұрар ӘЛІПБАЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші:

— Бұл байқау – Ұзақ бабамыздың атымен бірінші рет тойланып жатқан республикалық конкурс. Ұлы Құрманғазының ұстазы тегін адам емес, әрине. Былтырғы жылы осы өлкеде баба есімін ұлықтау мақсатында керемет кесене тұрғызылды.

Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровпен, тарихшы адамдармен ақылдаса, кеңесе отырып, Батыс аймақта республикалық байқау өткізу жөнінде ұсыныс жасаған болатынмын. Батыс аймақ – Құрманғазы, Дина шешеміз, Мәмен атамыз, Боғда атамыз, талай-талай күйшілер шыққан жер. Бүгінгі күнді ойымыздың іске асып, арман-тілегіміздің орындалған күні деп айтуға болады.

Байқау өте жоғары дәрежеде өтті. Ұйымдастырушы тарапқа мың да бір алғыс айтамын.

Еркебұлан СОҢҒЫБАЕВ,

бас жүлде иегері (Маңғыстау облысы):

— Ақ Жайық өңірінде, соның ішінде Қаратөбе елінде ұйымдастырылған Ұзақ бабамыздың конкурсына Маңғыстау облысының атынан қатысып отырмын.

Бүгінде қызмет бабымен Астана қаласындамын. Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алғаныма қуаныштымын. Әрине, әзірлігім де жақсы болды. Оның үстіне ұстазымның берген тәлімі де жоғары. Ұйымдастырушылардың барлығына ризашылығымды білдіремін. Бұл байқау басқа байқауларға қарағанда өте ерекше өтті. Ұзақ бабамыздың атындағы байқау әрі қарай да жалғасын тапсын деген тілектемін.