31.05.2016, 6:02
Қараулар: 57
«Халық жауы» атанған Ибраш Букин

«Халық жауы» атанған Ибраш Букин

20160528_161346


1937-1938 жылдары қазақтың ел басқарған, оқыған азаматтары «Халық жауы» деген жаланың құрбаны болып, нақақ атылып кеткені еліміздің, ұлтымыздың дамуына кері әсер еткені белгілі. Ақ Жайықтың біршама арыстары да 1937 жылы істі болып, БҚО партия комитетінің жауапты хатшысы Ізмұқан Құрамысовпен бірге жалаға ұшырап, «Үштіктің» үкімімен жасырын атылып кетті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің БҚО мұрағатында айлап отырып, Сталин геноцитінің құрбаны болған қазақтың біршама азаматтарының ісімен танысып едім. Солардың ішінде Букин Ибраш Сарбөпеұлына қатысты іс те болды.


Букин Ибраш Сарбөпеұлы 1884 жылы Жымпиты ауданының Қособа ауылында туған. Жымпиты ауылының Совет көшесіндегі №71 үйде тұрған. Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген. Жымпиты орта мектебінде математикадан сабақ берген. Алашорда ұйымының жергілікті уездік сотының мүшесі, Алашорданың батыс бөлімі далалық сотының хатшысы болған. Букин Ибрашқа ұлтшыл кадрлар ұйымының мүшесі болған, облыста ұлтшыл кадрларды дайындауға әрекет еткен деген айып тағылған. 1937 жылдың 13 қазаны күні Батыс Қазақстан облыстық НКВД-ның шешімімен тұтқындалған. Екі айдан соң, яғни 1937 жылдың 1 желтоқсаны күні «Үштіктің» үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-11-бабы бойынша қылмысты деп танылған. 1937 жылғы 1 қыркүйектегі НКВД-ның анықтамасында былай деп жазылған:

«Екпінді құрылыс» газетінде жарияланған материалда «Ауданның кейбір оқытушылары Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген. Олардың кейбірі партия жиналысында, ал Жұмабаев сияқтылар мұғалімдер семинарында сыналып, жұмыстан қуылған. Солардың ішінде өте белсенді әрекет еткен – Букин Ибраш. Ол оқушылар арасында ұлттық көзқарасты насихаттаған, Лениннің ескерткішін мазақтаған» делінеді. Осы құжатта И. Букинмен бірге бұрынғы молда, жалған құжатпен мұғалім болып жүрген Жұмабаев Ғазиз, өз мешіті бар ірі молда Әбілов Ғазиз және Дүбәров Қасан деген азаматтардың да есімі бар. Онда: «Қ. Дүбәров 1928-1929 жылдары ұлтшылдар тобын басқарған, бүгінде мұғалім болып қызмет істейді. Арақ ішумен айналысады, ел ішінде ұлтшылдық бағытта үгіт-насихат жүргізеді. Жоғарыда аты аталған адамдардың бәрі – бұрынғы алашордашылар мен ұлтшылдар» деп жазылыпты.

НКВД бастығының атына жазылған түсініктемеде: «1937 жылы ақпан айының аяғында БҚО партия комитетінің жауапты хатшысы Ізмұқан Құрамысовтың ықпалымен контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымына тартылдым. Ұйымның құрамында Иманқұлов, «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы Ақботин Қаби т.б. болды. Ұйымның мақсаты Кеңес Одағының құрамынан Қазақстанды бөліп алып, буржуазиялық-демократиялық мемлекет құру болды» делінген. Соңына И. Букиннің қолы қойылған.

И. Букиннің іс-құжатында бұл ұйымға кімдердің мүше болғандығы жазылған. Олар бұрынғы меңдешовшілер және алашордашылар құрамында болған Қабиболла Ищанов, Қаратөбе орта мектебінің мұғалімі Мизамғали Жақанов, бұрынғы алашордашы, Орал қаласында тұратын мұғалім Қалдыбай Асанов, Қаратөбе ауылы орта мектебінің директоры Мұқамедқали Бармақбаев, әдебиет пәнінің мұғалімі, молданың баласы Мәкәрім Жазықбаев, бұрынғы алашордашы, мұғалім Ғабдолла Маңкеев.

1937 жылдың 16 қарашасы күні берген жауабында И. Букин: «Иә, мен тұтқынға алынған сәтте, шынында да, контрреволюциялық, ұлтшылдар ұйымының мүшесі болдым. Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Балғаниязов Алпысбаймен бірге болдым. А. Балғаниязов: «Кеңес үкіметі Қазақстанның экономикалық-мәдени өсуіне көңіл бөлмейді, Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болған жылдары өсіп-өркендемеді. Керісінше, революцияға дейінгі деңгейде қалып қойды. Бұл адам төзгісіз жағдай және бұны біз өзгертуіміз керек» деп айтты» деп жауап берген.

Артынша, 20 қараша күнгі тергеуде: «Мен контрреволюциялық жұмыспен айналысуға үлгергенім жоқ. Себебі ұйымға тартылысымен мені бұрынғы алашордашы ретінде сенімсіздік білдіріп, жұмыстан шығарып тастады» дейді.

Тергеудің айыптау қорытындысында: «РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-11-баптары бойынша Букин Ибраштың қылмыстық ісі қаралды. Ол Батыс Қазақстан облысында контрреволюциялық, басқыншылық әрекеттегі көтерілісші ұйымның құрамында болған. Жапонияның қарулы күшіне сүйене отырып, Кеңес үкіметінен Қазақстанды бөліп алуды мақсат еткен ұйымның белсенді мүшесінің бірі Букин Ибраш өзінің кінәсін мойындады. И. Букиннің ісі НКВД жанындағы «Үштіктің» қарамағына жіберілді» делінеді.

1937 жылы 1 желтоқсандағы НКВД-ның Батыс Қазақстан облысындағы «Үштігі» отырысының №17 хаттамасында: «Бұрынғы алашордашы, далалық соттың мүшесі, ұлтшыл Букин Ибраш ату жазасына кесілсін, мал-мүлкі тәркіленсін» делініп, соңында «Үштіктің» хатшысы Тройцкий деген қол қойыпты.

Ибраш Букин «Үштіктің» шешімі шыққан үшінші күні, яғни 1937 жылы 3 желтоқсанда Орал қаласында атылды. Артында қалған отбасы 1960 жылдары СССР Министрлер кеңесі жанындағы мемлекеттік комиссия төрағасы В. Семичастновке И. Букиннің жазықсыз атылғанын айтып, оны ақтауды сұрап арыз жазған. Қай жерде жерленгені белгісіз болып келген оның өлгендігі туралы куәлігі ұрпағына 1991 жылы 10 маусым күні ғана беріледі.

Анықтамада былай деп жазылған:

«Букиннің айыптау ісі 1963 жылы 12 шілде күні Орал облысы сотының Президиумында қаралды.

1937 жылдың 1 желтоқсанындағы Букин Ибраштың ісі бойынша Батыс Қазақстан облысы НКВД «Үштігі» отырысының қаулысы өзгертілді. Қылмыстың жоқтығына байланысты И. Букин ақталып, іс тоқтатылды.

Орал облыстық сотының төрағасы Б. Иманғалиев».

Сөйтіп, солақай саясаттың құрбаны болып, 53 жасында атылып кеткен Ибраш Сарбөпеұлының артында әйелі Раушан үш қызымен қалады. Әкеден айырылған 1937 жылы қыздары Роза он бір, Санат сегіз, Рая бес жаста екен.

И. Букиннің артында қалған қолжазба, кітаптар мен құжаттарды Жымпиты ауылындағы Совет көшесі, №71 үйдің ұрасында сақтап келген оның анасы 1943 жылы қайтыс болған. Үш қыздан көзі тірі Зинат атанып кеткен Санат әжеміз бүгінде 87 жаста. Жүзінен зиялылық ескен, әдемі қартайған апамыз «ҚССР ағарту ісінің үздігі» болған мұғалім. Жолдасы Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты болған Хамит Ғабдуллин атамыз бүгінде өмірде жоқ. «Кеңес Одағының құрметті мұнайшысы», «Жымпиты ауданының құрметті азаматы» болған Хамит атамыздың жолын бүгінде ұрпақтары жалғастыруда. Төрт қызы мұнайшы-геолог, біреуі дәрігер мамандығын таңдаған. Жалғыз ұлы Мұрат та әкесі сияқты Мәскеуден институт бітірген мұнайшы. Атырау қаласында қызметте.

— 1937 жылы сегіз жаста едім. Әкемді тұтқындап әкеткені есімде. Жымпитыда, Совет көшесі, №71 үйде тұратынбыз. Үйді тінтіген жоқ, екі-үш кісі келді де, ұстап алып кетті. Анам басын ұстап, жылап отырды. Артынан анам тамақ алып, Оралдың түрмесіне барғаны есімде. 1943 жылы анам қайтыс болды, мұрнынан қан тыйылмады… Ол кезде апам Роза 9, мен 7, кішкентайымыз Рая 4-сыныпта оқитынбыз. Тұл жетім қалдық. Әкеміз барда үй толы ағайын-тума бір күнде жоқ болып кетті. Әркім өз басынан қорыққан заман болған екен. Қиындықпен өсіп, адам болдық. Апам мен сіңлім қайтыс болды, — дейді Зинат әже (суретте).

Апамыз үшін әкесі Ибраш ата мәңгі жас болып қалды. Әкесі қолы боста үйде патефон жіберіп, күй тыңдап, кейде домбыра тартады екен. Зинат апаны бірінші сыныпқа әкесі апарыпты. «Сабаққа шанамен сүйреп апаратын еді. Шыршаны алғаш рет әкем көрсетті, сол жаңа жыл әлі күнге есімде», — дейді Зинат апа. «Халық жауы» деп нақақ атылып кеткен, бұл күнде сүйегі Оралдың қай жерінде жатқаны белгісіз Ибраш Букин атамыздың артында қалған жалғыз тұяқ бүгінде өсіп-өніп отыр. Орал қаласында немере-шөберелерінің ортасында, бақуатты ғұмыр кешуде.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар