31.05.2016, 6:01
Қараулар: 39
«Жұлдыздар тоғысқанда»

«Жұлдыздар тоғысқанда»

7d48a3dda2849315ace1ecbc032af24f


Сенбі күні «Галактика» кинотеатрында «Елбасы жолы» киноэпопеясының  бесінші туындысы болып табылатын  «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің тұсаукесері өтті.


Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай түсірілген кинотуындыда Елбасымыз Н. Назарбаевтың көшбасшы ретінде қалыптасу кезеңдері суреттеледі. 1984-1991 жылдар аралығын қамтыған кинотуындыда Кеңес одағының ыдырап, тәуелсіз жаңа мемлекеттердің пайда болуы, осындай өліара шақта Елбасы Н. Назарбаевтың тығырықтан жол тауып шыға білген кездері шынайы көрсетілген. Ел тарихындағы елеулі оқиғаларды тізбектеген үш сағатқа созылған кинотуындыда Елбасы рөлін белгілі актер Берік Айтжанов сомдады. Аталмыш фильмге қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытайлық актерлер тартылған.  Бұған дейін Елбасы туралы «Балалық шағымның аспаны», «Теміртау», «Отты өзен», «Тығырықтан жол тапқан» атты кинотуындылары көрермен қауымға жол тартқан болатын.  Фильмді танымал киногер Сергей Снежкин  түсірген.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Асқар  АҚЫШЕВ,

ҚР  еңбек  сіңірген  қызметкері:

– Үш сағат болған фильмнің қалай өткенін байқамай қалдым.  Кино өте әсерлі түсірілген.  Бүкіл еліміздің, Елбасымыздың тарихы, әрбіріміздің де өткен тарихи кезеңдеріміз шынайы суреттелген. Елбасын біз жақсы білеміз деп жүрсек, білмейтін жақтарымыз да  көп екен. Елбасының басынан өткен қиындықтары, табандылығы, қиын жолдардан шешім тауып шыға білуінің өзі – ой саларлық дүние. Бүгінгі күні  тәуелсіздігіміз өз қолымызда. Сондықтан әрқайсысымыз осы еркіндікті бағалауымыз керек. Жалпы, фильмнен өте жақсы әсер алдым.

Ранида ӘШЕНОВА,

облыстық  жастар мәселелері  жөніндегі басқарманың  бөлім  басшысы:

– Бұл фильмді жастар арасында көбірек насихаттау керек. Себебі жастар ол кезеңдегі оқиғаларды дұрыс білмейді. Кинотуындының тұсаукесерінде көбіне жасы үлкен кісілер болды. Еліміздің тәуелсіздік алған жылдарындағы ішкі-сыртқы қайшылықтарға  қарамастан, Елбасымыздың оң шешім қабылдайтын тұстары жақсы әсер қалдырды. Фильм маған ұнады. Бұл фильмді көруге мектеп оқушыларын, студенттерді көбірек тарту керек  деп  ойлаймын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар