Жалпақталдың Баймұраты

Күні , 281 рет оқылды

DSC_0005


Сонау балалық шақта бір ауылда, бір көшенің бойында көршілес тұрып, тұрпы бөлек болса да, тіліміз бірдей, бір шаңырақтың төрт ағайынды баласымен бірге ойнаушы едік. Келбеттері қалың қабақ, құс тұмсық, лақап аттары шетінен Қәжөк, Шәмөк, Баюк, Муратик болып келетін ағайындылардың ұлттары әзірбайжан екенін де естияр болғасын білдік.


Бүгінде ауыл әкімшілігі ғимаратында қарауылшы болып жұмыс жасайтын ұлты әзірбайжан, шаңырақтың отағасы Баймұрат Касумовты жалпақталдық ағайын түгел таниды десек, артық айтқандық болмас. Ауылдастары

«Баюк» дап атап кеткен бұл жігіттің бойынан адамгершілігі, үлкен-кішіге деген құрметі, кішіпейілдігі, қазақ жігіттеріне тән барлық қасиеттері бір көргеннен-ақ байқалып тұрады. Әр жұмыстың ыңғайын білетін, қазақшасы судай (кейбір қандастарымызға қарағанда), керек десеңіз, мақалдатып, мәтелдетіп те сөйлеп жіберетін, елгезек жігітке сырттан келген қонақтар таңғалатын.

Баймұраттың әкесі Касумов Джурыш Ырзаоглы мен анасы Кафарова Джейран Азгемқызы Әзірбайжан астанасы Баку қаласы аумағында туып-өсіп, сол жақта 1959 жылы шаңырақ көтеріп, 60-жылдары Қазақстанға қоныс аударған. Көшіп келген жылдары Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында, кейіннен Жалпақталда құрылысшы болып жұмыс жасаған. Осы жылдарда Таня, Тамара есімді екі қызы, Қажымұрат, Шахмұрат, Баймұрат, Мұрат (жоғарыда айтылған лақап аттардың иелері) есімді төрт ұл қазақ жерінде дүниеге келген.

Сөйтіп, осы шағын ауылға тұрақтап, табысты еңбек етіп, ұрпақтары қазақ балаларымен қатар өсіп, кейін құда-құдандалы болған Джуруш-Джейранның есімдері ауылдастар арасында Алик-Жанна аталып кетті.

Бүгінде тұңғыш қызы Таня көршілес Ресейдің Хайдар атты қазақ жігітімен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз, немере-жиен сүйіп, өз алдарына бақытты ғұмыр кешуде. Ал Тамара өз бақытын көршілес Жәнібек ауданынан тауып, Нұрболат есімді жігітпен отбасын құрды. Бір өкініштісі, Алик ағамыз бен Қажымұрат, Шахмұрат, Мұрат есімді ұлдары өмірден ерте кетті.

Ал алты бірдей ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Жанна апамыз бүгінде бала-келіні Баймұрат-Жаңылсынмен бір шаңырақта ғұмыр кешіп, немере-жиеннің қызығына бөленуде. Берекесі мен бірлігі жарасқан бұл шаңырақта бес бірдей ұл-қыз өсіп келеді. Отанасы Жаңылсын – «Күміс алқа» иегері.

Шет жерде дүниеге келсе де, тағдырдың бұйырмысымен қазақ жеріне тұрақтап, тамырын тереңге жайған Алик ағамыздың артында қалған ұрпағы – осылар. Жалпақталдай шағын ғана қазақи ауылда дүниеге келіп, қазақ қызымен отбасын құрған Баймұраттың да ұрпағы бір кездегі біздер секілді көрші-көлемнің балаларымен ойнап-күліп, бірге өсіп, қазақ мектебінде білім алуда.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика