30.04.2016, 6:13
Қараулар: 63
№5 «Сарбаз» суға түсті

№5 «Сарбаз» суға түсті

фото Рафхата Халелова (141)


Кеше «Зенит» зауытында жасалған кезекті жаңа кеме суға түсірілді. Салтанатты  шараға  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов, ҰҚК Шекара қызметінің  басшылары мен зауыттың жұмысшы-қызметкерлері  және  қала  тұрғындары қатысты.


Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде құрастырылған «Сарбаз» кемесі – Каспий теңізіндегі шекара тыныштығын күзететін оралдықтар жасаған 24-кеме. Ұзындығы 40 метр, салмағы 250 тоннаны құрайтын бұл кеменің ерекшелігі – заманауи артиллериялық құрылғымен, қашықтықтан басқаратын жауынгерлік модульмен, радиотехникалық қарумен жабдықталған.

– Бүгін барша қазақстандықтар үшін айтулы күн. Мемлекетіміздің беріктігін арттыратын тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Қазақстан Қарулы күштері үшін ел тыныштығын сақтау – зор жауапкершілік. Сонымен қатар «Зенит» зауыты қорғаныс қуатын арттыруға үлкен үлес қосуда. №5 «Сарбаз» кемесімен аттанғалы отырған шекара сақшыларына ақ жол тілейміз! – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сала мамандары кеменің су асты диверсиялық қауіп-қатерлерді, жауынгер жүзушілерді қоса анықтау және олармен күресу құралдарымен жабдықталғанын айтады. Бүгінгі таңда аталмыш зауыттың ұжымы кеме өндірісін жаңарту бағыты бойынша нақты жобалармен жұмыс істеуде. Жұмысшы-қызметкерлер кәсіпорында таза салмағы шамамен 600 тонналық мамандандырылған кемелер мен жүзу құралдарын жасап  шығаруды  жоспарлауда.

Айымгүл ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар