30.04.2016, 6:09
Қараулар: 33
Педофилдік – қоғам індеті

Педофилдік – қоғам індеті

20160428_104817


Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен кәмелеттік жасқа толмағандарды жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғау, бұл бағыттағы қылмыстық құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу мәселелері бойынша өңірлік конференция өтті. Оған құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, білім беру мекемелерінен психолог мамандар және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.


Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бала құқығын қорғауда қазіргі қоғамда күрделі түйткіл қалыптасып отырғанын айта келіп, құқық қорғау органдарымен бірлесе шешу жолдарын қарастыру маңызды екенін атап өтті.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлованың мәлімдеуінше, педофилдің жымысқы әрекетіне қатысты 2010 жылы 12  дерек тіркелсе, 2015 жылы 75 жағдай орын алған. Биылғы үш айда 18 дерек тіркелді. Облыстық ІІД-ның профилактикалық есебіне былтырдан бастап 49 күдікті алынған. Өкінішке орай, бұл қиянатты жасауға дәті жете-тіндердің 60 пайызы жәбірленушінің тума-туыстарынан, таныстарынан болады екен. Сол себепті «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып жатқан жайт жетерлік. БҚО кәмелеттік жасқа толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Фарида Құрманованың айтуынша, өткен жылы екі қылмыстық іс қаралып, кінәлілер бас бостандығынан айырылған.

Жиында ЮНИСЕФ БҰҰ балалар қорының ұлттық консультанты, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Ирина Мацкевич, ҚР ІІМ қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚазМЗУ-дың қылмыстық-процестік зерттеулер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ғылыми-зерттеу институтының директоры Марат Қоғамов, ЮНИСЕФ жобасының координаторы, Ақтау қаласындағы “Мейірім” орталығының директоры Александр Мух баяндама жасады.

Қазақстанда жәбірленуші немесе қылмысқа куәгер балаларды қамқорлыққа алып, психологиялық тұрғыда қолдау және оңалту жұмыстарын жүргізетін пилоттық орталықтар Өскемен, Қызылорда, Ақтау қалаларында ғана бар.

Елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты қылмыс былтырғы көрсеткішке қарағанда 1,1 пайызға артқан, яғни биыл 356 деректі құрап отыр. Бас прокуратураның аға прокуроры Ерлан Жанпейісов соңғы бес жылда аталған қылмыстың көбейіп отырғанына тоқталды. Балалар құқығын қорғау үшін про-филактикалық шараларға көңіл бөлінуде. Сонымен қатар педофилдерге жазаны  қатаңдату қарастырылуда. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрацияны (әтек қылу) қолдану енгізілмек. Бұл үшін Германия, Польша мемлекеттерінің тәжірибесі зерттелу үстінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова бойжеткендер арасында ерте жүкті болу мәселесі алаңдататынын, жасөспірімдер тәрбиесіне қоғам боп назар аудару қажеттігін мәлімдеді.

Конференцияда күн тәртібінде көтерілген мәселеге қатысты көп мысалдар келтірілді. Қазіргі уақыта азғындыққа итермелейтін себептердің бірі — интернетте таралған порноөнімдерге тыйым салу күрмеулі түйін ретінде қалып отыр. Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандарға қиянат жасалғаны жөнінде БАҚ бетінде лезде таралып үлгеріп, жәбірленушілердің жан дүниесіне айтарлықтай соққы болып тиіп жатқан оқиғалар да жетерлік. Бұған кей журналистердің жауапсыздығы, немқұрайдылығы себеп болып отырғаны жасырын емес. Ал педофилдің торына түскен жасөспірімнің қоғамға деген өшпенділік түйсігі оянып, кейін сол қылмысты өзі жасауы мүмкін. Қазір ата-аналардың балаларын көшеге қараусыз жіберетіні қылмыскерлер үшін оңтайлы сәт тудырып отыр. Мамандар педофилдіктің психологиялық тұрғыда аурудың бір түрі екенін айтады.  Десек те, беттің арын белге түйгендердің ісін ешқашан ақтауға болмайды. Осындай қорытынды жасаған конференцияға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортақ ой алаңында талқылады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар