30.04.2016, 6:08
Қараулар: 33
Ғасыр жасаған майдангер

Ғасыр жасаған майдангер

_SAM0002


Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, доғарыстағы полковник Семен Данилин биыл 102 жасқа толмақшы. Ғасырдан аса өмір сүріп отырған ақсақал әлі де тың. Ол қаламыздағы №5517 әскери бөліміне барып, әскери-патриоттық бағыттағы шараларға белсенді түрде қатысып жүр.


Семен Данилин 1914 жылы Курск губерниясының Мовица ауылында дүниеге келді. Ол өмір есігін ашқан уақытта Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын. «Бұл соғыстың кесірінен біз бақытты балалық шақ дегенді білмей өстік, — дейді Семен Акимович. — Әкем майданға алынды. Анамның айтуынша, ол өзінің соғыстан оралмайтынын сезгендей, қоштасып тұрып біздерді, яғни анамды, ағамды және мені Құдайға аманаттапты. Майдан даласынан жеткен әрбір хатында амандық-саулық сұрасқаннан кейін міндетті түрде анама «Балаларыма дұрыстап қара» деп жазатын. Сөйтіп жүргенімізде, әкемнен «қара қағаз» келген. Мен сәбимін ғой. Ол кездер жөнді есімде жоқ. Анам әкеміз майдан даласынан аман-есен оралады деп жүрсе керек. Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме. Жайсыз хабар анамыз үшін ауыр соққы болды. Бізді асыраймын деп уақытпен санаспастан еңбек етіп жүрген ол бір күні ауырып жатып қалды. Көп кешікпей көз жұмды. Ажары мейірім шуағымен нұрланып тұратын еңбекқор анамның бет-жүзі әлі де көз алдымда».

Тұл жетім болып қалған Данилиндерді атасы мен әжесі қамқорлықтарына алады. Ағайынды балалар ауылдағы бастауыш білім ұясын бітірген соң, аудан орталығындағы орта мектепке ауысты.

Семеннің білім нәрімен сусындауға деген ынта-жігері ерекше-тұғын. Ауа райының қолайсыздығына, тұрмыс жағдайының қиындығына қарамастан, ауылдан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылдағы мектепке қуана-қуана баратын. Сөйтіп, жетіжылдықты жақсы тәмамдап, Курск облысындағы Льгов педагогикалық техникумына оқуға түсті. Студент болсам екен деген арманы орындалды.

Дипломын алғаннан кейін ауыл мектебінде еңбек жолын бастап, тарих пәнінен сабақ берді. Көп кешікпей Аня есімді бойжеткенмен танысып, екеуі бір-бірін ұнатып, артынан отбасын құрды. 1939 жылы тұңғыш қызы Галя дүниеге келді. Жастар жарқын болашақпен байланыстырып өз жоспарларын құрып, бақытты өмір кеше бастаған сәтте Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. «Құдай атасына бергенді ботасына береді» деген рас екен. Әкесі секілді ол да әскер қатарына шақырылды. Отбасын Құдайға аманаттап соғысқа аттанды.

— Мені майданға ауыл болып шығарып салды. Ақсақалдар «Нағыз ер ел басына күн туған сәтте жауға қасқайып қарсы тұрады, біз саған сенеміз» деп үміт артса, арасында өзім сабақ берген оқушыларым бар ауыл балалары фашистерден атасы мен әкесі, ағасы мен туысы үшін кек алуымды сұрады. Ал әйелім болса, қатты толқып, көзі жасаурап тұрып жауды жеңіп, елге аман-есен оралуыма тілек білдірді. Міне, осындай аманаттарды арқалап ауылдан ұзадым, — деп еске алады Семен Акимович.

Оны бірден майдан даласына жіберген жоқ. Әуелі Брянск әскери-саяси училищесіне жолданды. Аталмыш оқу орнын тәмамдап, лейтенант шенін алған Данилин өзінің әскери жолын Днепропетровск миномет полкінен бастады. Батарея командирінің орынбасары-саяси жетекшісі болды.

Ол Сталинградты қорғаушылардың бірі болғанын мақтанышпен айтады. «Сталинград Кеңес одағы үшін стратегиялық маңызы жоғары қала болды, — дейді ол. — Себебі сол жылдары негізінен Кавказдан алынатын елге қажет мұнай орталыққа Еділ өзені арқылы тасымалданып, осы шаһарға келетін. Аталмыш өзенмен Дон өңірінен астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілетін. Мұны жау да білді. Кеңес әскери техникасына қажет жанар-жағармайдың, өндіріске керек шикізаттың көзін жабу үшін, жауынгерлерге, орыс халқына азық-түлік тапшылығын орнату үшін немістер негізгі күштерін осында бағыттады. Бомба атаулысы жаңбырдай жауды. Бірақ кеңес әскері, сталинградтықтар айрықша қайсарлық танытты. Бірде Жоғары қолбасшылық тарапынан марапатқа ие болған кезде қазақстандық, оралдық Александр Қалиев деген азаматпен таныстым. Қазталов ауданының тумасы болып табылатын ол да мен секілді «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Екеуміз де жаудың танкілерін жарып, немістердің шабуылын тойтаруға үлестерімізді қосқан екенбіз. Бұл алғашқы марапатым болатын. Біздің ерлігіміз жөнінде жергілікті газетте мақала жарияланды. Осылайша тұңғыш рет газетке шықтым. Осы жерде тағы бір қызық жайтты айтып кеткім келеді. «Қызыл Жұлдыз» ордені мені өлімнен құтқарып қалды.

Яғни өзімнің туған жерім Курск облысын азат ету үшін болған шайқастың бірінде жаудың оғы өңірімдегі орденге дәл тимесі бар ма. Міне, сол үшін бұл награданың мен үшін маңызы зор».

Кейіпкеріміз сондай-ақ Украина, Белоруссия, Польшаны азат еткен шайқастарға қатысып, көптеген орден-медальға ие болды. Жеңіс күнін майдандастарымен бірге Кенигсбергте тойлады.

Ұлы Жеңіске зайыбы Анна да айтарлықтай үлесін қосқан. Ері секілді ол да жауға қарсы соғысты. Тек қолына қару алып, ашық түрде шайқасқан жоқ, астыртын әрекет етті. Нақтылап айтсақ, соғыстың алғашқы жылдарында Курск облысы жаудың қолына өткені белгілі. Сол кезде партизандармен тығыз байланыс орнатты. Немістердің «мұрнының астында» жүріп ормандағы партизандарға азық-түлік апарып, олардан алған антифашистік үгіт парақтарын тұрғындарға таратты. Партизандарға көмек берген жандардың көз алдында дарға тартылып жатқанына қарамастан, астыртын әрекетін жалғастыра берді. Міне, сол ерлігі үшін ол соғыстан кейін «Маршал Жуков» медалімен марапатталды.

Соғыстан кейін Данилиндер Қазақстанға қоныс аударды. Семен Акимович Алматыда, соңынан Қарағандыда ішкі әскер құрамында қызмет етіп, 1969 жылы доғарысқа шыққан. Зайыбы Анна Павловнамен бірге үш қыз тәрбиелеп өсірді. Күйеу балаларының бәрі – әскери қызметкер.

— Біз еңбекке ерте араластық, сол еңбек бізді шыңдады, содан берекет көрдік. Елбасының еңбек адамын құрметтеу, оның қоғамдағы мәртебесін арттыру жөніндегі сөздері ұнайды. Жалпы, жанаяр болмаған дұрыс. Барға шүкір деп, әрбір атқан таңды қуанышпен қарсы алсаң, болашаққа сеніммен қарасаң, салауатты өмір салтын ұстансаң, өзіңнің атқарып жүрген қызметің бойыңа ләззат сыйласа, қиналған сәттерде көмек қолын созар, жаныңа жақын адамдарың болса, сен бақыттысың. Ал бақыт ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді, — дейді Семен Акимович.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ"

Басқа да мақалалар