28.04.2016, 6:11
Қараулар: 83
Кезек азайып келе ме?..

Кезек азайып келе ме?..

DMS_1948


Осы аптаның басында өткен селекторлық жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов қаламыздағы емханадағы келеңсіздіктерді сынға алып, аталған мәселелерді шешуге бір апта уақыт берген еді.


«Осы бағытта қаламыздағы №2 емханада жұмыс қалай жүріп жатыр екен?» деген сұрақпен жұма күні таңғы сағат 8-ден кете арнайы бардық. Бұл күн аптаның аяғы болған соң ба, кісі қарасы аз болды. Барған сәтте бірінші қабаттан бастап есік алдында тұрған медицина қызметкерлерін байқадық. Төрт қабатта да қолдарына еден жуғышын ұстап, жүгіріп жүрген тазалықшыларды көрдік. Олар емделушілер әр өткен сайын баспалдақ бойын жуып жүрді. Емхананың іші тап-таза, тып-тыныш. Әр бөлменің алдында отырған бірді-екілі адамдар. Осы жерде анализ тапсырып жүрген қала тұрғыны Тахулия Жарылғасованы әңгімеге тарттым. Ол кісі дәрігерлердің қыз-метіне өте риза екендігін айтты.

— Менің ешқандай шағымым жоқ. Қант ауруымен есепте тұрмын. Терапевт дәрігерім Алтынбек Қырықбаев та, медбикелер де өз жұмысын жақсы біледі, — дейді ол. Гинеколог-дәрігерге келіп отырған Бибігүл атты келіншек те дәрігерлердің жұмысына дән риза.

— Мен аяғым ауыр болғандықтан, дәрігерлерге жиі келемін. Алла қосса, екінші баламды дүниеге әкелмекпін. Гинеколог-дәрігерім Лилия Баймұхамбетова – өте сауатты дәрігер. Бұл жерде бәрі уақытпен жүреді.

Онколог дәрігерге келіп отырған Л. Шолақова атты қала тұрғыны емханадағы кезек мәселесі енді реттеліп келеді деп есептейді.

— Мен адам аз уақытта келуге тырысамын. Бұрын алдын ала жазылғанмен, кезек күтіп жүрдік қой. Енді жақсарып келеді. Ал дәрігерлердің біліктілігіне айтар уәжім жоқ. Терапевт-дәрігерім Татьяна Николаевна – өте жақсы дәрігер — дейді ол.

— Емханаға дәрігерге қаралу үшін кемі бір апта уақыт керек. Баламен келсем де, өзім келсем де, кезек күтіп жарты күн, кейде бір күн отырамын. Таңертеңнен бастап, анализдеріңді тапсырып, оның қорытындысын күтесің. Мүмкін, қазір жақсарған болар. Мәселен, өзім қаралатын болсам, мен бірінші жазылуым керек. Одан келіп, уақытпен кіре алмай, тағы күтесің. Санаулы мамандарға қаралу үшін мен бірінші терапевтен жолдама алуым керек. Ол үшін тағы кезекке тұрамын. Жолдаманы алған соң, ол мамандарға тағы жазыламын. Сөйтіп, кезекке тұрып жүргенде, жүйкең жұқарады. Бұл емхананың жақсы жағы – анализді түске дейін қабылдайды. Бұрын бір сағатта үлгеру керек еді, — дейді педиатр-дәрігердің алдында отырған Ардақ атты келіншек.

Әмина ДАРМАҒАМБЕТОВА, №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:

— Біз қабылдауға келген емделушілерді тізім бойынша электронды түрде қабылдап жатырмыз. Емделушілерге ертемен телефон арқылы да жазылуға болады. Сол бойынша әр күнге жазылған кісілердің тізімін шығарып қоямыз. Емделушілер қазір уақытымен келіп жатыр. Уақыт аралығы 15-20 минуттан. Қазір бұрынғыдай көп кезек жоқ. Келмей қалған кісі болса, екінші кісі өте береді. Санаулы мамандарға терапевтен жолдама алып қаралады. Олар белгіленген күнге алдын ала жазылады. Емделуші келгенде, ол кісінің уақыты шығып тұрады. Қазір емханамызда жақсы өзгерістер болып жатыр. Алдағы уақытта табло орнатылмақ. Біз алдын ала жазылмай, ауырып келген адамды қабылдап, көмек көрсетеміз. Қызумен келген адамды төменде фильтрде қабылдаймыз. Дәрігерді сол жерге шақыртып, ем тағайындаймыз.

Өзім де осы емхананың емделушісімін. Кішкентай баламмен осы емханаға жиі барып тұрамын. Жасырмаймын, сағаттап кезек күтемін. Педиатр-дәрігердің біліктілігіне күмәнім жоқ. Бірақ ол кісіге қаралып шығу үшін жарты күн уақытым кететін. Бұрын… мен әр барғанымда, сеңдей соғылысқан адамдарды көретінмін. Әр бөлменің алдында қарақұрым кісі көп болатын. Әбден шаршап, жүйкелері жұқарған адамдардың ренішін еститінмін. Өткен жылы өзім барып қаралғанымда, терапевт дәрігерге кіру үшін алдын ала жазылып, екі сағат күткен едім. Бүгінгі емханадағы жайбарақат адамдар, қызу жұмыс жасап жатқан дәрігерлер көңілден шықты. Бас дәрігердің орынбасары «Қазір бұрынғыдай емес. Жазылған уақытыңызда дәлме-дәл кіресіз» деді сенімді түрде…

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ауданында орналасқан №4 қалалық емханадағы жағдай бірқалыпты. Таңсәріден келген тұрғындар өз кезегімен емдерін алуда. Бұл емханада сол ауданда тұратын 42 409 тұрғын тіркелген.

Емхана дәлізінде тұрып, біраз келушілерге жолықтық. Олар басқа емханалардағы жағдай сияқты күні бұрын тіркелген уақытында дәрігерге кіре алмау, медициналық кәртешкесін таба алмай қалу секілді олқылық бұл емдеу орнында да ішінара кездесетінін айтты. Дегенмен біз жолыққан  емделушілердің басым көпшілігі емхана жұмысына оң баға берді.

— Осы аумақта көп жылдан бері тұрамын. Бір жеріміз ауыра қалса, осы емхананың табалдырығын тоздырамыз. Бүгін де ерте тұрып, қан сынамаларын тапсыруға келдім. Өз кезегім келгенде қан тапсырып шығып тұрмын. Түстен кейін қорытындысына келемін. Жалпы, емхананың тұрғындарға қызмет көрсетуіне көңілім толады. Дәрігерлері де білікті, кішіпейіл. Тазалық жүйесі де жақсы жолға қойылған. Тек бір айтар ұсынысым, балалар емханасы бөлек болса екен деймін. Себебі жалпы тұрғындар ем алатын емханаларда аурудың неше түрі кездеседі. Дертіне дауа іздеп келген балалар ауруын асқындырып ала ма деп қорқамын, — дейді 76 жасар зейнеткер Валентина Зверева.

Кемтар баласын қоларбамен сүйреп бара жатқан анаға жолықтық (аты-жөнін айтуды, суретке түсуді жөн санамады).

— Ұлым бала жастан мүгедек болғандықтан, жиі сырқаттанып, емханаға келеміз. Бұл емханада мүгедек жандардың еш кедергісіз қаралуына жағдай жасалған. Кіре-берісте пандус орнатылған. Емхана ішінде лифт жұмыс жасайды. Қай дәрігерге болмасын кезексіз кіреміз. Денсаулығында кінәрат бар балаларға психолог, логопед, дефектолог кабинеттері қалыпты жұмыс жасайды. Қажет жағдайда балаларымызға үйден көмек көрсетеді, — деді ол.

 * * *

№5 емхана басшысы Сәуле Бұлқашевамен кездесіп, аз-кем сұхбаттастық.

— Біздің емхана 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда емханада 64 дәрігер, 159 медбике 46790 тұрғынға дәрігерлік көмек көрсетеді. Емханамызда 21 учаске бар, сол учаскелерге 21 жалпы тәжірибедегі дәрігер бекітілген. Ол дәрігерлерге үш медбике, бір әлеуметтік қызметкер және психолог көмек көрсетеді. Бұған акушер-гинекологты акушеркасымен қосыңыз. Әр учаскеде 2100 тұрғын бар, жаңағы айтып отырған жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің әрқайсысы өзінің көмекшілерімен бірге осыншама тұрғынға көмек көрсетуі тиіс. Олар белгіленген сағатқа сәйкес науқастарды 4 сағат бойы қабылдап, қалған 3 сағат уақытын шақырту бойынша қызмет көрсетуге арнайды. Бұған қоса емханада үйге барып қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Яғни әр учаске дәрігерлері қарт адамдар мен жүріп-тұруы қиын мүгедектердің үйлеріне барып, олардың денсаулықтарын тексереді. Дәрігер белгілеген ем-домды медбикелер жасайды. Бізде кадр жетіспеушілігі жоқ.

Ал енді емханадағы қазіргі өзгерістерге келсек, мұндай тәртіпті орнатуға біз бұрыннан да әрекет жасап келеміз. Облыс әкімінің талабы осы бағыттағы жұмысымызды ширатуға себепші болды. Дәл қазіргі уақытта әкім талап еткендей, кезекті жеңілдету үшін электронды таблоны қою жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұған 22 млн. теңге қаражат керек. Әзірге таблоның орнына әрбір қабылдау бөлмесінің алдына науқастар тізімі және олардың кіру уақыты көрсетілген парақша ілдік. Науқастар осы парақтағы ретпен әрқайсысы өз уақытында қабылдауға кіреді. Қабылдауға келмейтін немесе келмеген науқастардың атыжөні арнайы маркермен сызылады және оның орнына кенеттен ауырып, дәрігер қабылдауына келген науқастар кіреді. Біздің бұл шарамыз өзіміз күткендей нәтиже берді. Соңғы кездері бұрынғыдай кезектің болмау себебі осы шараның нәтижесі деп ойлаймын. Жалпы, емханада науқастардың келу легін реттеу қызметі бұрыннан бар. Анықтамалық ақпарат емхана дәлізіндегі жергілікті теледидар бойынша әр корпуста (А, Б) көрсетіліп тұрады. Кабинеттер жеткілікті, дәрігерлер ересектер мен балаларды бөлек-бөлек екі сағаттан жеке қабылдайды. Емхананың клиникалық зертханасы таңғы сағат 7.30-дан 17.00-ге дейін, ал емшара бөлмесі 09.30-дан кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ пациенттердің амбулаторлық карталарын түгендеу үшін жеке тіркеушілер бекітілген. Карталарды медбикелер қабылдау басталарда дәрігерге жеткізеді, — деген Сәуле Бахытханқызы емханада бұған қосымша пациенттерді қолдау бөлімі жұмыс істейтінін айтып, бізді сол бөлмеге бастап апарды.

№118 бөлмеде науқастардың арыз-шағымы бойынша арнайы жұмыстанып отырған екі қызметкер бізге тіркеу журналын көрсетті. Онда биыл алғашқы үш айда 52 шағымның түскені жазылған. Соның 12-сі дәрігерлік қызметтің сапасына байланысты болса, 19-ы регистратураға хабарласа алмағанына реніш білдірген. Сегіз адам дәрігерлер тарапынан этиканың сақталмай-тынын айтса, үшеуі қабылдауға жазылу бойынша және екеуі дәрігерді үйге шақыртуға байланысты жасалыпты. Тағы үш адам дәрімен қамтамасыз ету бойынша, екі адам тіркеуге қатысты наразылықтарын білдірген.

Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, шағымның көбі (27-сі) Call-center арқылы түскен, кейде науқастар жазбаша да, аяқтай келіп те шағымданып жатады. Сондай-ақ науқастар наразылықтарын 27-83-55 нөмірі арқылы да хабарлауына болады.

— Осы бөлімнің ашылуы емхана жұмысының ширауына көп әсерін тигізді. Тұрғындардың арыз-шағымы арқылы біз мекеме жұмысының кемшілігін көреміз және оны қалпына келтіруге тырысамыз, — деген Сәуле Бахытханқызы қай жұмыстың да ашық жүргізілгені жақсы екенін айтты.

 Бұдан соң мекеме басшысы бізді 101-бөлмеге апарып, қандағы холестерин және глюкоза мөлшерін анықтайтын құрылғыны көрсетті. Ол сондай-ақ бұл құрылғы арқылы науқастардың бар-жоғы 5 минуттың ішінде қан құрамындағы холестерин және глюкоза мөлшерін білуіне болатынын айтып, емхана пациенттерін, соның ішінде созылмалы ауруы бар науқастарды осы құрылғының пайдасын тегін көруге шақырды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар