28.04.2016, 6:09
Қараулар: 26
«Туған жерге абыроймен оралуларыңа тілектеспін»

«Туған жерге абыроймен оралуларыңа тілектеспін»

DSC_0138


Әскер жасындағы жігіттеріміздің денсаулығы әлі де мәз емес. Мамандардың айтуынша, ел қорғауы тиіс жастардың 30-40 пайыздайының денсаулығында шектеу бар. Қарулы күштер қатарына тепсе, темір үзетін, қол-аяғы балғадай азаматтар қажет екені белгілі. Ал ондай жандар көп емес. Сонда қайтпек керек?


Уақытша жеңілдік

Таяуда ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайына байланысты жаңа талаптардың тізбесін енгізді. Үкімет қаулысымен бекітілген бұл талаптар негізінен әскерге шақырылушылар үшін біраз жеңілдікті қарастырады. Көктемгі шақырылымнан бастап қолданысқа енгізіліп отырған осы жеңілдіктер жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің медициналық қызмет басшысы, капитан Жасқайрат Нұрышев тәптіштеп айтып берді. «Менің осы қызметке келгеніме төрт жылға жуық уақыт өтті. Алғаш келген кезде І-ІІ дәрежелі майтабандығы бар жастарды әскерге алуға шектеу қойылатын. Яғни олар Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жарамайтын. Артынан бұл шектеу жойылды да, ондай бозбалалар жауынгерлер сапын толықтырды, — деді ол. — Міне, биыл да біраз шектеулерге өзгерістер енді. Мысалы, салмақ-бой сәйкестігі индексі 19,5-тен төмен болғандар бұрын кейінге қалдырылатын. Ағымдағы жылдан бастап 18,5-тен кем болмаса, жарамды деп саналады. Осы кезге дейін бойшаң жігіттерге мән берілсе, қазір ол да өзгерді. Яғни бойға байланысты талап 165-170 см-дан 160-қа түсті, ал ІІМ азаматтық қорғаныс бойынша әскери бөлімдеріне 155 см-мен алынады. Көздің көру қабілетіне қатысты да жеңілдік бар. Мәселен, былтыр Ұлттық ұлан (гвардия) сарбазы болу үшін көз қырағылығының коэффициенті 0,9-дан кем болмауы керек болса, биыл 0,6-мен де алынуда. Мұның бәрі Отан қорғаушылар сапына талапқа сай келетін жігіттердің жетіспеуінен болып жатыр. Қазір әскер жасындағылардың денін ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінде дүниеге келгендер құрауда. Ол кезде республикамыздағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендігінен демографиялық ахуал да, ана мен баланы қорғау жайы да, отбасылардағы тұрмыстық жағдай да мәз болмағаны белгілі. Соған байланысты Қорғаныс министрлігі тарапынан тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, жеңілдіктер жасалып отыр. Ертең уақыт өте келе, 2000 жылдардан кейін, мемлекетіміздегі жағдай жақсарғаннан соң дүние есігін ашқан толқынды әскерге шақыру басталған шақта талап қайта қатаяды. Оған дейін осы құжат негізге алынады. Денсаулыққа байланысты талаптың бәрі жеңілдеп жатыр деп айтуға болмайды. Мәселен, бұрын құрт ауруына шалдығып, бұл дерттен сауыққанына біраз уақыт болғандар әскерге шақырылатын. Қазір ондай жандар тіптен алынбайды. Себебі ертең әскерде жүріп қайта сырқаттанса, ауруды жанындағы жауынгерлерге жұқтыруы мүмкін. Психикалық ауруға душар болғандарға да әскерге жарамсыздығы жөнінде куәлікті барынша тездетіп беруге тырысамыз. Өйткені ол алдағы уақытта бір қызметке орналасып, қолына қару алуы немесе жүргізуші куәлігіне ие болып, көлік тізгінін ұстауы ғажап емес. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін біз ертерек тиісті құжаттарын толтырып беруіміз керек. Тағы бір айта кететін жайт, әскер жасындағы жігіттердің арасында түрлі жарақат алған, ота жасалғандар да аз емес. Егер жарақаттары толығымен жазылып кеткеннің өзінде де ондай жандарды біз шектеулілер қатарына жатқызамыз. Мысал үшін айтайық, 18-27 жас аралығындағы бір жігіт біраз уақыт бұрын бір жерін сындырып алуына, не соқыршекке, асқазан жарасына (язваға) байланысты ота жасалып, артынан ол толық жазылып кетті дейік. Дәрігерлер тарапынан оның әскерге жарамдылығы мақұлданды. Соған қарамастан, біз өзіміздің әскери-медициналық қорытындымызда шақырылушыға ота жасалғандығын жазып, оның денсаулығының бүтіндігі бұзылғандығын көрсетеміз. Неге ондай қорытынды жасаймыз? Себебі ертең әскерде ол ауруы сыр беруі әбден мүмкін. Әскердегі жағдай ауылдағыдай, үйдегідей емес қой. Шаршап қалсаң, қажетіңше демалу деген жоқ. Онда әскери тәртіп, жауынгерлік міндет бар. Берілген тапсырманы қиындығына, ауа райы жағдайына қарамастан, уақытында орындау қажет. Мұндай жағдай бір-екі күнге емес, апталап созылып кетуі мүмкін. Осындай сәттерде денсаулығы сыр берсе, қайтеді? Сол себепті ата-ана сәби кезден бастап баласының денсаулығына, әсіресе, ешқандай жарақат алмауына да жете мән берулері керек».

Әскерден жалтарғандарға  жаза қатаң

Бүгінгі таңда жауынгер атану үшін тек денсаулықтың мінсіз болуы аздық етеді. Яғни медициналық тексеруден өткеннен соң тағы да іріктеу жүргізіледі. Аталмыш департаменттің әскерге шақыру бөлімінің басшысы, подполковник Бауыржан Алтаяқовтың айтуынша, әскери бөлімнен келетін өкілдер шақырылушының отбасылық жағдайына жете мән беретін көрінеді. Болашақ жауынгердің толық отбасында тәрбиеленуіне назар аударады. Жалпы, мұндай жұмыстар жергілікті қорғаныс істері құрылымдарымен де жүргізіледі. Мұндағы мамандар әскер жасындағы жігіттердің отбасылық, тұрмыстық жағдайларына, мектепке барғаннан бергі тәртібіне де талдау жасайды. Ата-аналармен, шақырылушымен жеке әңгіме жүргізіледі.

— Әлі де ата-аналармен біраз жұмыс жүргізу керек. Себебі әскери шақыртуды елемей, медициналық тексеріске келмей жүрген жастардың әке-шешелерінің арасында «Баламның қайда жүргенін білмеймін, бізді мазалай бермеңдер» дейтіндер де табылады. Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі мен Қылмыстық кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес әскери борышын өтеуден жалтарғандарды жазалау шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, заңбұзушыларға ақшалай айыппұл салумен қатар, әскерге шақырудан жүйелі түрде бас тартқан азаматтарды қамауға алу жазасы қарастырылған. Мысалы, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс бойынша әскерге шақыру қағазын алғаннан соң аудандық (қалалық), облыстық медициналық комиссияларға келмегендерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде, осы қызметке шақырылудан жалтару 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін мөлшерде айыппұл салынады (бұл шамамен 2 млн. теңге) немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылып, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, иә болмаса, сол мерзімге бас бостандығынан айыру бойынша жазаланады. Ал әскери қызметтен аурумын деп жалған сылтауратқандарға жаза тіптен қатаң. Мәселен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сондай іс-әрекет 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл (шамамен 6 млн. теңге) салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Сонымен қатар үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалана-ды. Егер шақырылушы тергеп-тексеру мекемесі істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунктіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Облысымызда көктемгі, күзгі шақыру науқандары кезінде әскер жасындағы жігіттердің 10 пайыздайы түрлі себеппен келмей қалып жүр. Біз өз тарапымыздан ондай жандар жөніндегі мәліметтерді құқық қорғау органдарына жолдаудамыз. Әзірге өңірімізде бұл бағытта тек ескерту шаралары қолданылуда. Бірақ көп кешікпей заң талаптары бойынша тиісті қатаң шаралар қолға алынары анық. Сол себепті жастар, ата-аналар бұл іске асқан жауапкершілікпен қараулары тиіс, — дейді Бауыржан Алтаяқов.

Арнаулы білімі барлар басымдыққа ие

Сәуірдің 1-і мен 30 маусым аралығында жүретін көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде 900-ге жуық жас батысқазақстандық Қазақстан қарулы күштерінің сапына алынбақ. Олар ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің (Ұлттық ұлан), Қорғаныс министрлігінің, ІІМ Ұлттық ұланның және төтенше жағдайлар бойынша әскери бөлімдерде азаматтық борыштарын өтейтін болады.

Осы шақырылымда орта-арнаулы білімі бар бозбалаларға басымдылық беріледі. Себебі қазір әскери бөлімдер заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жабдықталуда. Олармен жұмыс істеу үшін техника атаулымен жете таныс мамандар керек. Сондай жастың бірі – Нұраш Серіков. Қазталов ауданының Сатыпалды ауылынан келген ол Орал политехникалық колледжінде оқыған кезде біраз техниканың қыр-сырын меңгерген. Денсаулығы тиісті талапқа сай келіп, осы арнайы білімінің арқасында әскерге алынатындығына қуанышты. «Еліміздің әскері заман талабына сай болуы үшін техникалар жаңартылып, жаңа технологиялар алынып жатқандығын ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүрмін, — дейді Нұраш Серіков. — Әскерге алынып, осы техникалардың бірінің арнайы маманы болсам деп армандайтын едім. Сол арманым жүзеге асатындығына қуаныштымын. Мүмкіндік туып жатса, борышымды өтегеннен кейін сол жақта әскери қызметкер болып қалғым келеді».

Көктемгі шақырылым басталғалы бері батысқазақстандық жастардың бес-алты легі аттанды. Аттанар алдында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жастарды әскерге шығарып салу рәсімі өтеді. Таяуда біз де сондай шараның куәсі болдық.

— Сендер аға буынның даңқты дәстүрінің жалғастырушы, ізбасарлары болып табыласыңдар. Себебі отбасыңды, халқыңды қорғау – әрбір ер-азамат үшін басты міндет, абыройлы іс. Әскери антқа адал болып, туған жерлеріңе Отан қорғаушы ретінде абыроймен оралуларыңа тілектеспін, — деді шара барысында департаменттің бөлім басшысы, аға лейтенант Асхат Негімов.

Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Нәзира БИСЕНҒАЛИЕВА,

Зеленов ауданының тұрғыны:

— Денсаулығы жақсы болса, ер баланың әскерге барғанын дұрыс деп санаймын. Әрине, ол жақта жеңіл болмайды. Бірақ сол қиындықтарды жеңе білсе, алдағы өмір жолына оның пайдасы көп болары анық. Балам Айболат Бисенғалиев Орал қаласындағы №12 кәсіптік колледжді жақсы бітіріп, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген. Жақында әскерге шақыру туралы қағаз келіп, дәрігерлік тексерістен ойдағыдай өтіп шықты. Жұмысындағы басшылар да бұған түсі-ністікпен қарап «Бір жылдан кейін қайтып кел» деп сәт сапар тілеп жіберді.

Өзім көп балалы анамын. Жеті бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Айболат – екінші ұлым. Ертең әскерден келген соң ол іні-қарындастарының мақтанышына айналарына сенемін.

Динара,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 2-курс студенті:

— Мен өзім әскерге барып келген жігіттерді қашан да сыйлап жүремін. Жақында бес жылдан бері дос болып жүрген Кенжебек есімді жігітімді әскерге шығарып салдым. Кетерінде «Күтесің бе?» деп сұрады. «Күтемін!» деп нық жауап бердім…

Қайырбек ҚҰРМАНОВ,

Орал қаласының тұрғыны:

— «Балаға әке сыншы» дейді ғой, балаларымды оқуда ғана емес, спортта да, еңбекте де алда болуға үйреттім. Анасы екеуміз балаларымыздың санасына адамгершілік, достық сынды игі қасиеттерді қалыптастыруға тырыстық. Тұңғышым Дастанның сыналар шағы енді келді деп ойлаймын. Себебі әскер – өмір мектебі. Әскерде де өзін жақсы жағынан көрсетеріне сенімдімін.

Жамал ИСАҒҰЛОВА,

Орал қаласының тұрғыны:

— Немерем Ерген әскер қатарына алынып, соны шығарып салу үшін келіп тұрмыз. Әкесі, ағалары, бәрі де Отан алдындағы өз міндеттерін өткеріп келді. Ол да әскери өмірді көріп, шыңдалып келеді деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Отан қорғауға аттанып бара жатқан балаларымыз аман-есен туған ұяларына оралсын.

Қуанғали ҒАБДУЛЛИН,

әскерге шақырылушы:

— Ақжайық ауданының Сарытоғай ауылынан келдім. Бөрлі ауыл шаруашылығы колледжін газэлектрдәнекерлеуші мамандығы бойынша бітірдім. Жақында дипломымды алып, Маңғыстау облысындағы шекара қызметіне азаматтық міндетімді атқаруға аттанып барамын. Отанымыздың шекарасында қызмет етуге моральдық және физикалық тұрғыда дайынмын деп ойлаймын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар