28.04.2016, 6:07
Қараулар: 28
Темекеңнің көктемі (қаз-қалпында)

Темекеңнің көктемі (қаз-қалпында)

OLYMPUS DIGITAL CAMERA


Темірболат Қаржауовпен бізді Қабыршақты ауылдық округінің әкімі Саясат Бимағамбетов таныстырды. Дұрысы, Кныш деген қысқы әрі жазғы орнына бастап апарды. Малшыдан гөрі жоғары оқу орнындағы оқытушыға немесе білдей бір мекеменің экономисі мен есеп маманына келіңкірейтін азамат алдымыздан шықты. Көзілдіріктің арғы жағынан қуақылана жымиған жанарлары сенің тұла бойыңды тінте қарайды. Жалпы, Темекең әзіл-қалжыңға бүйрегі бұрып тұратын көңілді адамдардың сойынан екен. Екеуміздің әңгімеміз үйлесіп жүре берді. «Мынау жазғы, қысқы орның «Кныш» деп аталады екен, қайдан келген атау?» — дедік таңданғанымызды жасырмай.


– Бұл жерде баяғыда Кныш (тегі) деген еврей тұрыпты. Анау өтіп жатқан каналдың суына, жағдайына қарауыл болса керек. Қарауылшығымен қатар жандырма (самогон) айдайды екен әлгі қу, қолы бостау ғой. Содан сол жандырмасымен осы төңірекке аты шыққан ғой. Енді сол жердің иесі менмін.

Біз де қарап тұрмай, «Енді жандырманы сен айдайсың ба?» — дедік әзілге шаптырып. Темекең шошып кетті: «Құдай сақтасын! Мен жандырма айдамаймын, мал айдаймын!» — деп әзілдесе де, шынын айтты. Темекең рас айтады, бір кезде Дүйсекең, әкесі Дүйсенбай ашқан шаруа қожалығын әрі қарай іліп әкеткен. Дүйсекең қожалығын кенже қызының, яғни Темірболаттың қарындасының есімімен «Шынар» деп атаған (Шынар қарындасымыз қалада, «Информбиржа» апталық газетінде қызметкер көрінеді). Сол «Шынар» кәдімгідей тамыр тартып, қанатын жая түскен шаруашылыққа айналыпты. Бүгінде онда 180 бас сиыр, олардың «егелері» асыл текті алты бұқа және келесі жылы төлдейтін 116 қашар бар. Биылғы жылдың төлдері 70-ке жуық бұзау аула ішінде құйрықтарын көкке шаншып тастап, асыр салып жүр. Темекең соларға көзілдірігінің әйнегін еңкейіп бара жатқан күннің кешкі шапағына жылт-жылт еткізіп қарап қояды. Еңбегінің жемісі алдымызда жүргеніне әрі риза болып, әрі сәл-пәл мақтанып тұрғаны да жасырын емес. Қораның бір шетінде тракторлардан бастап, шөп шабатын, тайлайтын, таситын дегендей, техникалар қаздай тізілген. Үйдің іргесінде белдеуге «байланған» інісі екеуінің жол талғамайтын шетелдік екі «Джипі», бір «Реносі» тықыршып тұр… «Шынардың» «генеральный директоры» Дүйсембай ақсақал бүгінде жасы 80-ге таялған, ғұмырлық қосағы, ардагер ұстаз Қойсын апамызбен ұзақ жылғы еңселі еңбектерінің зейнетін қалада көріп жатыр. Қырда өсіп, қырда еңбек еткен ақсақал Кнышқа жиі келіп тұрады. Темекең сияқты балаларының екі аяғын бір етікке тықпағанымен, шаруашылықтың ширата түсетін тұстарын тұспалдап балаларына баппен түсіндіріп, ақылын айтып отырады.

– Ол кісі келгенде, бәріміз «по стойке смирно жүреміз», — деп әзілдейді Темірболат. Үнінен баланың әкеге деген еркелігі де, мақтанышы да байқалады.

Темірболат осы Қабыршақтыда оқып, кейін ауыл шаруашылығы техникумының малдәрігерлік факультетін қотарған. Сосын «Первомай» (қазіргі Қабыршақты ауылы) кеңшарының №1 бөлімшесінде мал дәрігері болып он жыл еңбектеніпті. Өйткені Дүйсекең кеңшардың зоотехнигі болып істегендіктен, «Арбаның алдыңғы доңғалағы қалай жүрсе, артқысы да солай өтеді» деген қағиданы бұзбаған. Заманның аужайын алыстан аңдайтын аққаптал азамат нарықтық қатынастың түбі үстемдік құрмай қоймайтынын біліп, 1991 жылы жоғарыдағы айтқан қожалығын құрған ғой. Әкелері әуелі қой өсіруді қолға алған.

— Меринос қой өсіруден бастадық. Жүні жібекке бағаланса да, еңбегімізге татымады. Жүнді еш жерге қабылдамайды, есіл дүние далада қалды. Терісі де сол. Құны құлдырағаны сонша – бір қой бір шөлмек «рояль» спиртіне, бір тоқты бес дана кір сабынға бағаланғанын көзіміз көрді ғой. Содан әкеміз бастап ірі қара өсіруге ден қойдық. Он бас ірі қарадан бастап едік, қазір шүкірміз. Малымыз өз төлі есебінен өсіп келеді, — дейді Темірболат бізге қора-қопсысын көрсетіп жүріп. Дүйсекең 10 бас ірі қараны 18 басқа жеткізіп, 1996 жылы қожалығын балалары Темірболат пен Ерболат екеуіне табыстайды. Міне, содан бері «әке көріп, оқ жонған» ұлдар ол түлікті бұзау мен жылқыларды есептемегенде, 300 бастан асырған. Анау қарайған малға азықты жазда өздері қамдап алады. Өткен қыстан қысылмай шыққан. Мал азығы мол жетіп, қалған 300 орам (рулон) әне, мұрты бұзылмай тұр. Блок кірпіштен, ұзыны мен енін 40х10 метр етіп соққан қораның төбесі қаңылтырмен қымталыпты. Мұнда төлдейтін сиырлар сосын жаңа туған бұзаулар тұрады. Малға жылы болсын деп жабын қаңылтырдың астынан қамыс жүгірткен.

– Келген-кеткен құрдастарым: «Сенің үйіңнен қораң күшті екен» деп күледі, — дейді Темекең әзілге шаптырып.

Шаруа жігіт мемлекеттің көмегін мықтап сезініп келеді. Алты жыл қатарынан демеуқаржы алғаны жұмысын өрге бастыруға үлкен сеп болыпты. Әрісін айтпай-ақ, беріден қозғасақ, өткен жылы 3 млн. 570 мың теңге демеуқаржы алған «Құлан» бағдар-ламасымен. Каналдың іргесіне орналасқандықтан, мал судан қысы-жазы тарығып көрмеген. Қораны айналып келе жатқанымызда, анадай жерде тұрған құдықтың бетон сақинасын көрдік. «Қасқырдың сорпасынан» босаған шөлмектер аузы-мұрнынан толып, мөймілдеп төгіліп жатыр…

– Темеке, аса қонақжай азамат екенсіз-ау, — дедік күлкімізді зорға жасырып.

– Оны қайдан білдің? — деді қалт тұра қалған Темірболат. Асып-төгілген шөлмектерді иегімізбен нұсқадық.

– Түу, сендердің де көрмейтіндеріңіз жоқ екен, баяғыдан әне құртамын, міне құртамын деп жүргенмін, қап… Темекеңнің ақсары жүзіне қызыл арай шапты.

– Сексен жыл бойы қазекеңнен қалмай келе жатқан пәле… Қонақ келгенде, дастарқанға қоймасақ, қонағымыз қоңылтақсып кететіндей сезінеміз… Ертең құртамын. Қап…

– Темеке, құртпа, дүкенге тапсыр, кәміл бір баспақ келеді, — дегеніме екеуміз қораның төңірегін басымызға көтеріп күлдік. Құйрықтарын көкке шаншып ойнақтап жүрген бұзауқандар тұра қалып, екеумізге едірейе қарайды…

— Электр жарығы жоқ сияқты, теледидар көрмейсіз, ен далада іштеріңіз пыспай ма? — дедік малшыны одан әрі әңгімеге тартып.

— Электр жарығын тарту үшін 10 миллион теңгенің үстінде қаражат керек, оған әзірге мүмкіндігіміз жоқ. Жанымыздан өтіп жатқан жолдардан жолаушылар үзілмейді. Біреу «Көлігім сынып қалды» деп келсе, екіншісі «Жанармайым бітіп қалды» деп келіп тұрады. Қалай көмектеспейсің?.. «Свежий» жаңалықтарды солардан естиміз… Мен оларға сұрағандарын беремін, олар маған жаңалық «береді», сөйтіп, бартер жасаймыз… Сосын кешігіп келсе де, «Орал өңірін» оқимыз, — деді Темірболат қуақылана әдемі жымиып. Біз де қулыққа салдық:

— Оқыған мақалаларыңды айтшы. Темекең саспады:

— Сенің мынандай мақалаларыңды оқыдым, — деп соңғы кезде газетте жарияланған дүниелерімізді тақырыбына дейін, не туралы баяндалғанын тәптіштеп айтып берді. Мақтанғанымыз емес (округ әкімі және бірнеше азаматтар әңгімемізді тыңдап тұрған), марқайып қалдық. Темірболат былай дейді:

– Осы ауылда тудық, осы ауылда өстік. Сондықтан оның мұң-мұқтажына да қолдан келгенше көмектесіп тұрамыз. Ауданда мінәжат үйі тұрғызылып жатыр, оған да үлес қосудамын. Ел іші болғасын, бес саусақ бірдей емес дегендей, жекелеген мұқтаж жандарға мүмкіндігім келгенше жәрдемдесемін. Өзім оқыған мектебіме көмектесемін.

Темекең қаладағы Зашағаннан сыңғырлатып тұрып үй салып алған. Сүйген жары Бақыт сол қаладағы құтханасында екі баласын оқытып жатыр. Әңгімеміз жарасып қалған азаматқа кетерімізде «Ұялы телефон бұл жерден ұстамайды екен, келінге не сәлем айтасың, айта барайық», — дедік әзілдеп.

– Орталыққа барғанда сеть бар, сөйлесіп тұрамыз… Өзім звондаймын ғой, — деді Темекең ақсары жүзі арайланып…

Кныштан аттанып барамыз. Канал бойындағы тал-теректердің бүршігі дертіп тұр, Кнышқа тағы бір көктемнің келгенін сездіріп… Темекеңнің көктемі!..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»,

Қабыршақты ауылы,

Ақжайық ауданы