28.04.2016, 6:07
Қараулар: 114
Ерлігі аңызға айналған Әбілқайыр

Ерлігі аңызға айналған Әбілқайыр

абулхаир -02


Қазақ хандығының төрт ғасырға созылған шерлі шежіресінде жиырмадан астам хан билік құрған екен. Олар аумалы-төкпелі кезеңдерде қал-қадірінше хандық туын жықпауға тырысты. Қазақ хандығының негізін қалаған екі ұлы тұлға – Керей мен Жәнібек. Жазба деректерде екеуінің шығу тегін Жошы ханнан, оның ұрпақтары Орда Ежен – Сартақай – Қоныша – Баян хан – Сасыбұқа – Ерзен – Шымтай – Орыс ханнан таратады. Орыс ханның бес ұлының үлкені Тоқтақия, оның ұлы Болат, одан Керей. Ал төртінші ұлы Қойыршық, оның ұлы Барақ хан (1428 жылы өлген). Барақтың ұлы Жәнібек.


Жәнібек ханның ұрпақтары ХІХ ғасырдың бірінші ширегіне дейін қазақ хандығын басқарды. Мәселен, қазақ тарихындағы соңғы хандық Ішкі Бөкейдің негізін қалаған осы Бөкей ханмен байланысты болса, сол жолды одан әрмен жаңғыртқан Жәңгір ханның арғы ата-тегі Кіші жүз ханы Әбілхайыр хан екені белгілі. Әбілқайыр хан – Жәнібектің бесінші ұрпағы. Егер Шыңғыс ханнан бастап таратсақ, хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Жәнібектің Жиренше, Махмуд, Әдік, Қасым хан, Жәдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұзақ (Үсек, Өсеке) атты тоғыз ұлы болған.

Өсеке сұлтаннан Бөлекей Ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Қожа сұлтан, одан Абдолла туған. Абдолладан Жолбарыс, Әбілқайыр, Нияз, Досалы деген төрт ұл ел билігіне араласқан, тарихта өзіндік орны бар адамдар. Бұлардың ішінде үлкені Жолбарыс Ұлы жүзге жиырма жыл, Әбілқайыр Кіші жүзге отыз жыл хан болып өтті. Нияз бен Досалы – өзіне қарасты аймақтың беделді сұлтандары. Әбілқайырдың төреден немесе қарадан шыққаны туралы екіжақты пікір айтылады. Ал көрсетілген деректер оның төре тұқымы екенін дәлелдейді. Әбілқайыр ханның ұрпақтары да ел билігіне араласып, халыққа қызмет еткен айтулы тұлғалар.

Әбілқайыр хан ел ісін басқаруға араласып, әрқашан қолдаған жұбайы Бопай сұлудан алты перзент сүйген. Солардың бесеуі – ұл, біреуі – қыз бала. Ұл балалары: Нұралы (1710/11-1790) — 1748-1786 жылдары Кіші жүз ханы, Ералы (1720-1794) — 1791-1794 жылдары Кіші жүз ханы, Қожахмет (1722-1749), Айшуақ (1723/24-1810) — 1791-1805 жылдары Кіші жүз хандары, Әділ (1730-1750). Әбілқайыр балаларының ішінде Қожахмет пен Әділ жастай қайтыс болған. Қызы Зылиха шамамен 1745 жылдары дүниеге келген еді. Себебі әкесі Әбілқайыр хан қаза болғанда, ол әлі кішкентай болатын.

Әбілқайыр ханның Бопай сұлудан соң алған екі әйелінің бірі қалмақтың торғауыт руынан. Одан Шыңғыс деген ұл мен бірнеше қыздары дүниеге келген.

Соңғы әйелі башқұрт елінен. Одан Әбілқайырдың Қаратай деген ұлы туған.

Бопай сұлудан туған бес арыстан көп немере сүйген. Соның ішінде көп әйел алған үлкен баласы Нұралы ханның 75 перзенті болды. Ұлдарының саны — 40. Атап өтсек: Есім, Бөкей, Ғизалы, Қожахмет, Бабық, Шошқара, Бөлеке, Бердіғали, Пірәлі, Бегәлі, Елтай, Есенәлі, Жалтыр, Ишалы, Қаратай, Қондырау, Жиенәлі, Құлтай, Мыңдалы, Сейдалы, Сығай, Көбей, Жарас, Қорқылтай, Айтөре, Артыққали, Шоқа, Мұхаметқали, Абылай, Арыстан, Бердәлі, Орман, Өзбекәлі, Жүсіп, Дербісәлі, Фазылбек….

 Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қоғамдық-саяси қызметі, тарихи келбеті танымал тарихшылар тарапынан сан мәрте талқыланып, зерттелуде. Қазақ елінің басына түскен ең бір қиын заманда өмір сүрген Әбілқайыр барлық өмірін сыртқы жаулармен, яғни Ресей мен Жоңғарияға қарсы соғыспен өткізді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған ханның Бұланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729-30) жоңғарларды талқандаған соғыстарда үш жүздің жасақтарын ортақ жауға қарсы күресін ұйымдастырып, халықты ерлік істерге жұмылдырудағы орны ерекше.

Менің пайымдауымша, Әбілқайыр хан өзіндік мүддесін көздесе де, ең бастысы, елінің болашағын тереңнен ойлаған. Тыныштығын қамтамасыз етіп, жерін сақтауға тырысқан. Бұған жоңғар шапқыншылығы кезінде көрсеткен ерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті куә. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта, Ресей империясына арқа сүйеуді ойлап, 1730 жылы Ресейге әскери одақтастық ұсыныс жасайды. Ұсынысы өтпеген соң, 1731 жылы бодан болуға келісіп, шартқа қол қойса да, ел еркіндігін берген жоқ. Басқару жүйесіне, не өзінің саясатына орыс билігін араластырмады. Ресейдің қол астына өту арқылы халықты сырт жаудан қорғауға тырысты, әскери күш-қуатын күшейткісі келді. Егер Әбілқайырға дейінгі хандардың, атап айтсақ, Тәуке ханның Ресеймен одақтасу туралы ұсынысы кезінде қабылданса, әскери қуаты күшейтілген болса, қазақ елі 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қайғысына ұшы-рамас па еді?!

Тарихшы И. Ерофеева: «Хан үшін келісімшарт уақытша ес жиып, күшейіп алғанша қажет болған. Демек, «бодандық» оның түсіне де кірмеген» деп көрсетеді. Оған Орынбор әкімшілігімен қатынастың шиеленіскен тұсында Әбілқайырдың «Мен өз еркіммен келдім, өзім шығамын» деген сөзі нақты айғақ болатындығын ашып жазған. Ел мүддесі үшін патшалық Ресейдің қол астына кіргенін айтса да, іс жүзінде дербестігін сақтады. Әбілқайырдың түпкі мақсаты – Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бүкіл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешу еді.

Әбілқайыр хан – халқымыздың басындағы қанды тарихи оқиғалардың ішіндегі Еділ-Жайық үшін күресте аса ірі тарихи тұлға. Еділ-Жайық үшін Ресей империясы мен Қазақ елі арасында 150 жылға созылған қанды қырғын болды. Әбілқайыр осы екі өзен аралығын сақтап қалу үшін де күрес жүргізді. Оның қазақтардың Жайық өзенінің бойындағы алқапта мәңгілік көшіп-қону құқығын белсенді қорғап: «Жайық өзені қашан сарқылып, арнасы кеуіп қалғанша қазақтар оның бойынан кетпейді», – деген сөзі дәлелдейді. Бірақ ханның арман-мақсаты орындалмай, 1748 жылы Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қорында Орынбор мұрағатынан әкелінген Кіші орда ханы Әбілқайырдың өлімі және Ресейдің қазақтарымен қарым-қатынасы туралы іс пен Әбілқайыр ханның өлімінің себебі туралы хаттың көшірмесі сақталған.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Ресей патшасы Еділ-Жайық аралығындағы жерін жаулап алу саясатын толассыз жүргізді. Сол себепті қазақтар өздерінің атақонысынан айырылды.

ХІХ ғасырдың басында Кіші жүздің қоғамдық-саяси өмірінде айтарлықтай өзгерістер болды. Әбілқайыр хан өлгеннен соң Кіші жүзде хандық билік әлсірей бастады. Нұралы, Ералы, Шерғазы, Айшуақ хандар билік тізгінін жалғастырып отырды. Патшаның тағайындауымен хандық билікті қолға алған Жантөре ханға қарсы Қаратай сұлтан бастаған Кіші жүз сұлтандарының қанды көтерілістері орын алады. Осы кезеңде Кіші жүздегі билер кеңесінің төрағасы Әбілқайырдың немересі Бөкей сұлтан ел ішіндегі берекесіз өмірден көп зардап шеккен қара халықтың қамы үшін әрі атақонысты қайтару мақсатында Еділ-Жайық аралығына көшіп келді. Бұл қазақ тарихындағы ірі оқиғалардың бірі Бөкей хандығының құрылуына әкелді. Орыс географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі Алексей Ираклиевич Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ далаларының сипаттамасы» еңбегінде: «Орыс империясы Еділ-Жайық арасын өзіне басыбайлы түрде қосып алды. Жайық қаласына казактар қоныстанып, Жайық өзені екі жақ кемерімен казак әскерлеріне бекітіліп берілген болатын. Міне, осы жерді қайтару үшін Әбілқайырдың немересі Бөкей сұлтан, кейіннен хан, ақылымен, әдіс-тәсілімен 1801 жылы Жайықтан өтіп, атажұртқа қоныстанады. Жан-жағында қаптаған ресейліктердің ортасында «қазақ аралындай» өмір сүрді. Оның ісін жалғастырған ұлы Жәңгір хан ұлтының орыстанып кетуіне жол бермес үшін біліктікпен жұмыстанды» деп көрсетеді.

Бұл – Қазақ елінің батыс шегін Әбілқайырдың өзі, оның ұрпақтары көздерінің қарашығындай қорғап сақтағандығының дәлелді айғағы. Батыр қолбасшы, көреген саясаткер Әбілқайыр ханнан бастау алған хандық билікті жалғастырған ұрпақтары – Бөкей мен Жәңгір Еділ-Жайық арасын қазаққа құтты қоныс жасап, кейінгілерге аманаттап кетті.

Гүлмира ЕЛЕМЕСОВА,

Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің кіші ғылыми қызметкері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар