28.04.2016, 6:06
Қараулар: 101
Апат қасіреті ұмытылмайды

Апат қасіреті ұмытылмайды

20160426_100428


Сәуірдің 26-сы күні Чернобыль атом-электр стансасында ірі техногендік апаттың орын алғанына 30 жыл толды. Осы қасіреттің құрбандарын еске алу үшін  Орал қаласының тұрғындары Чернобыль апатының зардабын жоюшыларға арналған мемориалдық кешеннің қасына жиналды.


Бұл шараға ардагерлер мен олардың қатарында марқұм болғандардың тума-туысқандары қатысты. Бір минут үнсіздік жарияланған соң, митингте Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев пен Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов сөз сөйлеп, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға үлес қосқандардың игі ісі кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі екенін атап өтті. Ал Чернобыль апаты салдарынан дүниеден озған қандасымыздың зайыбы Бибінұр Жолданова тағылымды шараға ризашылық білдірді. Ескерткішке гүл себеті қойылды.

Митингтен соң облыстық жастар шығармашылығы орталығының залында салтанатты шара өтті. 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинадаға Чернобыль АЭС-ның 4-энергоблогында станса қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәжірибе жасалған кезінде оператор қателігінен орасан зор техногендік апат болды. Соның салдарынан 8,5 млн. адам радиациялық сәуле зардабына шалдықса, апат орнын жақын аймақтан 404 мың тұрғын көшірілген. Бұл жайт арнайы бейнефильмде айтылды.

Чернобыль АЭС аумағын залалсыздандыруға Кеңес Одағынан 600 мыңнан астам адам жұмылды. Қазақстаннан 32 мың тұрғын қатысты. Осы қатарда болған 1000-нан астам батысқазақстандықтың 382-сінің бүгінде көзі тірі.

Шарада облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегі басқарма басшысы Жеңіс Нығметов баяндама жасады. Оның айтуынша, Чернобыль апаты аумағында қауіпті нысандарда алғаш қызмет еткен жерлестеріміз Е. Ладыгин, Е. Темірғалиев, В. Новиков «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Төрт жыл ішінде Чернобыльдегі жұмысқа азаматтық қорғаныс жасағындағы 340 мың әскери қызметкер қатысқан.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов қазіргі кезеңде де ядролық қауіпсіздікті сақтаудың маңызы ерекше екенін, бейбітшілікті, ынтымақты насихаттауда Елбасының жақында жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті. БҚО «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Тайманов облыс әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғыс айтты. Сондай-ақ ардагерлерді әлеуметтік қолдау бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып шешетін мәселелер баршылық екенін де тілге тиек етті.

Жалпы Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандардың әрқайсысына ай сайын екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 4242 теңге әлеуметтік көмек, оған қоса 13 129 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ал мүгедектер санатындағыларға төленетін жәрдемақы – 16 014 теңге. Сонымен қатар баспанамен қамту, емдеу мекемелеріне, шипажайларға кезектен тыс жолдама беру, салықтық жеңілдік көрсету мәселелері қарастырылған. Чернобыль АЭС апатының салдары жойылғанына 30 жыл толуы қарсаңында облыста 213 адам 30 мың теңге бір жолғы төлемақы алған. Сол үшін бюджеттен 6 млн. 390 мың теңге қаржы бөлінген. Ал ірі техногендік апатты ауыздықтауға ат салысқандардың немесе зардап шеккендердің 48 отбасына 20 мың теңгеден, жалпы сомасы 960 мың теңге құрайтын  қаражат берілген. 2014-2015 жылдары Чернобыль АЭС аумағын залалсыздандыруға қатысқандарға 19 тұрғын үй берілген. Қазіргі уақытта баспана кезегіне 65 ардагер мен мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. 2010 жылы облысымызда БҚО «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі қызметін бастады. Былтыр осы қоғамдық ұйымның бастамасымен Орал қаласындағы «Агрореммаш» АҚ саябағында  мемориалдық кешен ашылды. Оған қалалық бюджеттен 152 млн. 522 мың теңге жұмсалған.

Чернобыль апатының салдары жөнінде әлі күнге құпиясы ашылмаған сыр көп. Апатты жағдайда бірден азаматтық қорғаныс жоспары жасақталып, дабыл жүйесі іске қосылмады. Халықты көшіру және профилактикалық шаралар орнықты жүргізілмеді. Қауіпті аймақта қызмет еткендердің арасында қанша жерлесіміздің қатысқаны жайында деректер нақтыланбай отыр. «Чернобыльдіктерге» әлеуметтік қолдау, салық төлемін оңтайландыру, денсаулық сақтау жүйесінде жеңілдік қарастыру тетіктерін реттейтін заң жобасы ҚР Парламенті қабырғасында талқыланбай жатқанына 15 жылдан асыпты.

Әлемдегі аса ірі техногендік, радиациялық апат болған кезден бері бір ұрпақ буыны есейді. Атаулы шараға орай алдағы уақытта облыс көлемінде спорттық сайыстар, ядролық қауіпсіздікке байланысты «әлем сабақтарын» өткізу үшін ардагерлермен кездесу, сонымен қатар еске алу кештері өткізілмек.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар