19.04.2016, 6:06
Қараулар: 26
Өңір басшысы емханаларды аралады

Өңір басшысы емханаларды аралады

001 аким болнесте


Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов кеше таңертең ешкімге ескертпей, Орал қаласындағы бірнеше емхананы аралап шықты.


Зачаган кентіндегі №6 емханада тұрғындар арыз-шағымдарын өңір басшысына тікелей жеткізді. Бір науқас дәрігерге жазылған кезегін апталап күтетінін, оған жазылмаса, қабылдамайтынын ашына айтты. Соның кесірінен уақыт босқа өтіп, ауру да асқынып кетеді. Тағы бір тұрғын балалар мен ересектер дәрігерлерінің кабинеттері аралас екенін, дені сау жеткіншек ауы-рып шығуы мүмкін екендігін мәлім етті. Балалар мен мүгедектерге бөлек кабинеттер неге жасамасқа!? Сондай-ақ емханада дәрігерлер жетіспейді. Мысалы, неврапатолог екі сағатқа қана келеді, сол мезгілде бәрін қабылдап, үлгере алмайды. Қан тапсыру үшін де ұзақ-сонар кезекке тұруға тура келеді.

Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдаған әкім аталған емхана басшыларына кезекті жеңілдету үшін электронды табло орнатуды, науқастарды қабылдайтын кабинеттерді көбейтуді тапсырды.

Өңір басшысы сондай-ақ облыстық клиникалық ауруханада және №1 қалалық емханада болып, олардың да тыныс-тіршілігімен танысты.

Өңір басшысының қалалық емханалардың тыныс-тіршілігімен танысу барысын «Жайық Пресс» ЖШС-ға қатысты ақпарат орталығының сайтынан («www.zhaikpress.kz) көруге болады.

Елжан ЕРАЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар