19.04.2016, 6:05
Қараулар: 47
Бастаманы қуана құптадық

Бастаманы қуана құптадық

теректі федоровкаn


«Орал өңірі» газеті редакциясы  ұжымының  «Құстарды қарсылайық!» атты бастамасын облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының  ұжымы да қуана құптап, бірден іске кірісті.


Облыстық орталық 28 наурыз күні жұмыс кеңсесіне жақын жердегі аулалардың біріне құстың ұясын орнатып, аудандардағы жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының ұжымына эстафета ретінде жалғаған еді. Одан әрі Бөкей ордасы (Сайқын және Ұялы ауылдары), Қаратөбе (Қаратөбе, Егіндікөл, Қоскөл, Саралжын ауылдары), Тасқала (Атамекен, Ақтау, Ынтымақ, Бірлік, Айнабұлақ, Достық, Тасқала), Сырым (Жымпиты ауылдары), Теректі (Федоров, Ақсуат ауылдары), Жаңақала (Жаңақала, Жаңақазан, Бірлік, Пятимар, Қызылоба) және Жәнібек аудандарының белсенді жастары іліп әкетіп, бір емес, бірнеше ұя жасап, құстарға қамқорлық танытты.

Облыстық жастар ресурстық орталығы

* * *

«Сәуір болмай – тәуір болмас» дейді қазақ. Міне, көктем келіп, күн шуағын шашқанда, құстар да жылы жақтан келе бастады.

Облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының «Құстарды қарсылайық!» бастамасын бөкейордалықтар да ерекше қуанышпен қабылдады. Себебі осындай мезгілде ұя жасап, оларды теректерге ілу аудан жастарының жылдағы әдеті болатын.

Іс-шара туралы материал газет бетінде жарық көргеннен соң аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және «Қамқор» еріктілер клубының өкілдері бұл бағытта іске кірісті. Бүгін ауданның барлық ауылындағылар іс-шараға үн қосты. Нақтылап айтқанда, белсенді жастардан, орта мектеп оқушыларынан, колледж студенттерінен құралған 46 жас 30-дан астам ұя жасап, оларға мекемелерінің атауларын жазды. Бұл ұяларды саябақ пен мемлекеттік мекемелер ғимаратының аулаларындағы өсіп тұрған теректерге ілді.

Әрине, бұл ізгілікті шара жастардың бойында қоршаған ортаны қорғау жөнінде жауапкершілікті, туған жерге сүйіспеншілікті арттыруға септігін тигізері хақ.

М. ИРАНОВ,

Бөкей ордасы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы

* * *

Тайпақ ауылындағы Қ. Байсықов атындағы орта мектептің 4-6-сынып оқушыларының  арасында «Қанатты достарды қарсы алайық!» атты байқау ұйымдастырылды.

Құстарға ұя жасауға арналған  шараға 25 оқушы ат салысып, ата-аналарының көмегімен үлкен іс тындырды. Яғни қанатты достар үшін су жаңа «пәтерлер» жасады. Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қызметкері  Аслан Молдағалиев ұл-қыздармен бұл сауап істің маңызы жайында әңгімелесіп, оларға мектеп маңындағы теректерге ұя  орнатуға көмектесті.

– Байқауға қатысушылар арасында 4-сынып оқушысы Айнұр Ғұбайдуллинаның жұмысы үздік деп танылып, бас жүлдені иеленді. Ал І орынды Ерасыл Ахатов, ІІ орынды Марал Кенжебай, ІІІ орынды Бақдәулет Мұратов иеленді. Мұндай шара жыл сайын дәстүрге айналады, — дейді мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбаса-ры Гүлмира Әлмұхамбетова.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы