19.04.2016, 6:04
Қараулар: 32
Күре жол жаңа технологиямен салынуда

Күре жол жаңа технологиямен салынуда

DMS_9599БИЫЛ ӨҢІРІМІЗДЕГІ 240 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕЛЕДІ


Өткен сенбіде облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал – Тасқала – Озинки күре жолын жаңғыртып-жаңалау жұмысының барысымен танысты. Күре жолдың Орал қаласының аумағына кіретін төрт шақырымы өткен жылы күрделі жөндеуден өтті.


Транзиттік көліктер ағыны толастамайтын халықаралық күре жолды қайта құру жұмысының сапалы жүргізілуі аса маңызды. Облыс басшысы күре жол бойындағы құрылысшылармен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. Алдымен «Қазавтожол» ҰК-ның БҚО филиалының басшысы Максим Есенғалиев жол құрылысының сызбасымен таныстырып, биыл күре жолдың 4-шақырымынан 31-шақырымы аралығы, яғни Зеленов ауданының орталығы Переметный ауылына дейінгі жол бөлігі толықтай жөнделіп бітетінін мәлімдеді. Қайта құру жұмысы барысында жолдың ені 6 метрден 9 метрге дейін кеңейтіліп, жүк тасымалдылық жүктемесі 6 тоннадан 13 тоннаға дейін өспек. Бұл жолды жаңғыртудың 1-кезеңіндегі жұмыстар болса, 2-кезеңінде 31-шақырымынан 104-шақырымға дейінгі жолдың қалған бөлігі жаңғыртылып жөнделеді. Үш жылға есептелген жоба бойынша 100 шақырымдық жол қайта салынып, ол қос жолақты қозғалысы бар екінші санатқа ауыстырылады. Жолды жаңғырту жұмысы 2018 жылы толықтай аяқталмақ. Жобаға еліміздің шекарасындағы шекарашылар бекетіндегі ішкі жолдар да кіреді.

— Өткен жылдың күзінде жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарын дайындауға кіріскенбіз, сондықтан материалдар жеткілікті. Техника да әзір. Бірінші жұмыс учаскесінде 260, екінші учаскеде 200 адам жұмысқа тартылған, жалпы 60-қа тарта техника жұмылған, — деді бас мердігер ««Юнисерв» ЖШС-ның бас директоры Нұрғазы Сәтбаев. Алтай Сейдірұлы жобада көктемгі су тасқыны кезінде тас жолды су шаймау үшін су өткізу тұрбаларын салу қарастырылғанын сұрап білді. Мердігер компанияның басшысының айтуынша, 27 шақырым жолдың асфальтты бетінің астына көктемгі су әсерінен қорғайтын геотекстиль, яғни арнайы синтетикалық төсеніш материал төселуде. Бұл жаңа технология өңірімізде бірінші рет қолданылуда, ол жолдың қар және жаңбыр суының әсерінен тесілуіне, шұңқырлар пайда болуына жол бермейді. Қайта жаңғырту жұмыстары жоба бойынша, барлық нормативтік талаптарға және кестеге сай жүргізілуде. «Жол құрылысының сапасын техқадағалаушы, тиісті де-партамент, тәуелсіз зертхана өкілдері қадағалауда» деген Н. Сәтбаевтың сөзіне орай өңір басшысы: «Мемлекеттік құрылым-дардың тарапынан бақылау бары анық. Ең басты бақылаушы – адамның ары», — деп әңгіменің тоқетерін сапаға басты мән беруге тіреді. Мердігер компанияның басшысы жол сапасына бес жылға кепілдік беретіндерін, сондықтан да жол құрылысында сапаға баса мән беріліп отырғанына сендірді.

— Көктем ерте келісімен жол жөндеу жұмыстары да ерте басталды. Орал – Тасқала күре жолының 27 шақырымын қайта жаңғырту жұмысына биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 5,5 млрд. теңге бөлінді. Жаңғырту жұмысы барысында жолдың ені кеңейеді, сапасы жақсарады. Геотекстиль, қиыршықты тас асфальтты бетон төсеу технологиясы қолданылуда. Жол төсеніші қабатының қалыңдығы 64 сантиметрді құрайды. Осының барлығы тас жолдың сапасын жақсартады. Өйткені бұл – халықаралық жол, Ресей мен Қазақстан арасындағы транзиттік көлік ағыны үздіксіз. «Нұрлы жол» бойынша бөлінген мемлекеттік қаржы уақтылы игерілуі керек. Сондықтан жұмыстың уақтылы әрі сапалы жүруі назарда болмақ. Мердігердің алдына да осындай міндеттер қойылған, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

Өңір басшысының айтуынша, облыс аумағында жалпы 6500 шақырым жол бар, соның 1400 шақырымнан астамы республика-лық, қалғаны – облыстық, аудандық маңызы бар жолдар. Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 100 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілмек. Ондай жолдардың қатарында Зеленов, Тасқала, Қазталов, Қаратөбе, Бөрлі аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың 120 шақырымы және облыс орталығында 20 шақырымды құрайтын 14 көше жолдары, барлығы 240 шақырымнан астам жол күрделі жөнделеді. Өңір жолдарының тек 40 пайызының жайы көңілден шығады, ал қалғаны жөндеуді қажет етеді. Бүгінде облыста келесі жыл-дың жол жөндеу жоспары жасалуда. Тиісті құжаттама дайындалып, бюджет бекітілгеннен кейін жөнделетін жолдар жайы белгілі болмақ.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»