19.04.2016, 6:03
Қараулар: 70
Бастан неге бас тартамыз?

Бастан неге бас тартамыз?

_svoe_sibaga


Жыланның басына ақ құйып шығарып салатын пейіл қазағыма ғана тән. Қонақ келсе, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, қорасында жалғыз қойы  қалса да, босағасына көлденең тартып, мейман батасын алып, астың қамына кірісетін жомарттығы бір бөлек. Дәстүр  бойынша қонақтық кезінде жасы үлкенге немесе сыйлы кісіге бас тарту – зор құрметтің белгісі.


Басты сый табақ қолына тиген кісі бәкісін сайлап, бас мүшесін таратып береді. Құлағын кесіп, кішіге ұсынады. Кей өңірде ырымға сүйеніп, екі көзді бір кісіге береді. Өйткені екі бөлек берсе, екеуі ала болады деп «қауіптенеді». Дегенмен біздің жақта «ағайын-тумаға, отбасыңа бас-көз болып жүр» деп жекелей азаматтарға беріп жатады. «Жанарың өткірленсін» деп ата-әжелерге де ұсынады. Жағын әйелдерге береді. Байқағаным, бас ұстаған жан көргенді, сөзге ұста болғаны жөн. Себебі басты мүшелеп та-ратқанда игі тілекпен өтімді қылып беріп отырса, жанындағы адам жылы қабылдайды. Тіл мен таңдайға байланысты жақсы лепес те жан семіртеді. Сүйектен ажы-раған құйқа мен миы араласқан тәтті сорпадан дастарқан басында отырғандар ортақ дәм татады. Қарап отырсаңыз, осы ғұрыпта қаншама мән жатыр? Бірлік, сыйластық, татулық тіні кірігіп кеткен.

Атақты Бауыржан Момышұлы өзінің келіні Зейнепке меймандар аттанған соң жіберген төрт қателігін айтқан екен. Бірінші, әйел бас алып келмейді, шаңырақ иесі ұсынуы керек. Екінші, басты шүйдесімен емес, төрге тұмсығын қаратып береді, себебі қой тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші, тісін қағып әкеледі, бұл әрекетте гигиеналық сақтық бар. Тістің арасында шөптің нілі тұрып қалуы мүмкін. Тазалық сақтау тұрғысынан дұрыс. Бір жағынан, тісінен қалдық көрсе, «өкпе-реніші бар» деп ұғады екен көрген кісі. Төртінші қателігі, басты қасқаламай әкелуі керек. Онда «төрт құбылаң тең болсын» деген ізгі тілек көрініс беруі керек екен.

Әлеуметтік желілерде бас тарту жөнінде айтылған пікірлерде кездесетін қызықты деректер көп. Нарынқол өңірінде көзінің суын ағызып әкелсе, тараздықтар сирағымен қоса тартатын көрінеді. Әр өңірдің бас тарту қағидасы бар. Алаңдайтынымыз, ас бергенде басты сыбаға осы күні дастарқан айналып шығатын боп жүр. Егде адамдар азар-безер боп алдына келген басты ысырып отыратын жағдайға жетті. Сый табақ негізгі иесін таба алмай баласындай жасы кіші молданың үлесінде қалады. Келеңсіз-ақ жайт. Дәстүрдің парқын айыратындар азайған ба? Төрден төменге ысырып, басты қабыл қылу кәдесінен бас тартып, жеке бас қадірін төмендетіп алып жүр-ау, қариялар! Сондай-ақ бала күнімізде қойдың құлағын таласа-тармаса жеуші едік. Бөтекенің дәмі тіл үйіретін. Қазіргі едірейе қараған бала құлақты әзер ұстайды. Әрі-беріден соң дастарқанға тастап жүре береді. Қалалықтар былай тұрсын, ауыл-аймақта салтқа бауыр басқан ұрпақты көруден қалғандаймыз. Мал сойғанда, ішек-қарын аршуға қыз-келіншектер құлық танытпайтын болды. Қолының икемі жоқ немесе ерінеді. Бұл жұмысты атқаруға амалсыз не қойдың жасындай жасы қалған әжелер, не пысықай еркектер кіріседі. Пісірсең былқып, бал татитын ішек-қарынды Құрбан айт кезінде ешкім аршып алмай, жөн-жосықсыз ысырап болып қалатынын, сол күні ет сұрап кезекте тұрғандардың өзі мұрнын шүйіріп, алмай кететінін молдалар жиі айтады. Қой сойылған соң сый табақпен мүшелеп таратудың ретін жастар жағы біле бермейтініміз де рас.

Қазір шетелдік немесе өзіміздің отандық ғалымдар күнделікті тұтынатын тағамға етті кіргізбеу керектігін жиі айтуда. Терістемейміз. Кеңсе жұмысында отырғандарға солай кеңес берген жөн болар. Бірақ қай елде зерттеу жүргізілсе де, қазақ халқының гендік ерекшелігі мен атамекенінің климаттық жағдайы ескеріле ме екен деген күдік туындайды көкейде. Қыста ет жемесе қызылсырап шығатын қазекеңнің қасқыр тәбеті, шүкір, орнында. Қысы суық, жазы шөлейт, кең аймақта мал шаруашылығы өрістеуде. Қара жұмыс та бар. Сондықтан қуатты нәр — соғымсыз қысты өткеру біздің халық үшін, әсіресе, ауылдағы ағайын үшін қиынның қиыны. Сиыр малы өсімдіктің екі жүз, қой түлігі үш жүз түрін жейді екен. Ендеше, тұнып тұрған дайын дәрумен қорын ас етпегенде, нені талғажау етпекпіз?

Ислам тарихына сүйенсек, Ибраһим пайғамбар баласының жан құрбандығына берілген көк қошқарды Жәбірейіл періштенің кеңесімен сойған, етін садақа қылып таратқан. Осы кезге дейін халық қойдың басын ит-құстың жеміне тастай салады екен, ендігіде құрметті қонақтың алдына сый қып тартатын болыпты. Ұлы Ысмағұл әкесінің көзінше бас мүжімепті. Сол әдеп қазақ арасында әлі күнге сақталған.

Мұны біз белгілі тарихшы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының дәйегіне сүйеніп айтып отырмыз. Кезінде Білге қағанның зиратын қазғанда одан Бүбү ханымның да мүсіні табылған екен. Ал онда қандай мән бар десеңізші! Түркітанушы ғалымның өз сөзіне кезек берейік: «Аппақ мәрмәрдан (мрамордан) жасалған мүсіннің алдында жозы тас қойылған. Ол – дастарқан тас. Осы тас үстінде күміс табаққа салынған қойдың он екі мүшесімен қатар басы тартылған. Сол дәуірде, мүмкін, ол заманнан бұрын түріктерде сыйлы қонаққа бас тарту дәстүрі болған. Бұл материалдық дерек түркі халықтарының ішінде кімдерде бас тарту дәстүрі бар екенін анықтауға итермеледі. Сөйтсем, отыз сегіз түркі тектес халықтың ішінде тек қазақ ұлты ғана басты сыйлы адамға тартады екен. Қырғыздардың өзінде ондай дәстүр болмаған». Қараңызшы, дәлел қандай нық!

«Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па!» деп Мағжан Жұмабаев бекер жырламапты. Бас тарту кәдесінің түпкі мәні тереңде жатқанын мойындай отырып, қадірін жете білейік. Алланың атын айтып, адалынан мал шалғасын, тектілікпен ұштасқан ғұрыпты көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыру – ізгі борыш.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар