19.04.2016, 6:02
Қараулар: 61
Италиямен байланыс аясы кеңімек

Италиямен байланыс аясы кеңімек

IMG_0353


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянды қабылдады.


– Құрметті Стефано Раваньян мырза, Батыс Қазақстан облысына қош келдіңіз! Сіздің өңірімізге келгеніңізге біз қуаныштымыз. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерінің бірі – өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, яғни келуге ниет білдірген инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Біз бұл бағытта барынша еңбектенудеміз. Елімізде жұмыс істеп жатқан италиялық компания көп. Солардың біразы біздің облысымызда. Нақтылап айтсам, италиялық кәсіпкерлердің қатысуымен өңірімізде 26 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өз тарапымыздан оларға қолдау білдіруге қашан да дайынбыз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде италиялық елші облыс басшылығының құрметіне, қабылдауына байланысты өз ризашылығын білдірді. «Италиялықтар Қазақстандағы кен орындарын игеруге өз үлестерін қосуда, — деді  Стефано Раваньян.  – Өткен аптада Атырау облысындағы Қашаған кен орнында болдым. Бүгін Қарашығанақ кенішіндегі жұмыстармен таныстым. Сондай-ақ Ақсай индустриалды паркінде кәсіби оқыту орталығының ашылу салтанатына қатыстым. Барлық жердегі жұмыстарға көңілім толды. Біріккен жобалар сәтті жүзеге асып жатқанына  куә  болдым».

Әкімнің қабылдауынан шыққаннан кейін елші жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, онда өңір басшысымен экономикалық бағытта ғана емес, білім және мәдениет салалары бойынша да келісімге келгенін айтты. Мәселен, жуық арада италиялық және батысқазақстандық университеттердің өзара байланысын дамыту, Оралда италиялық өнерпаздардың қатысуымен түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл екі елдің, соның ішінде Италияның Қазақстан өңірлерімен арасындағы байланыс аясы одан сайын кеңейе түсері анық.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар