2.04.2016, 6:08
Қараулар: 101
Ұлағатты ұстаз жолы

Ұлағатты ұстаз жолы

DSC_0129


Елбасымыздың Жолдауларында айтылып жүрген ұрпақтар сабақтастығы мәселесі біздің кейіпкерімізбен де тығыз байланысты. Себебі Тайман Телеуғали бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария ғылымына арнап, өзінен кейінгі орта буынды, жас ұрпақты бұл бағыттағы білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп келеді.


Бірден айтайық, қазақтың небір дарынды ұл-қыздары шыққан қасиетті Ақ Жайық өңірінде дүниеге келген Тайман Мұсағалиұлы туралы жазу осы жолдардың авторына оңай болған жоқ. Себебі ұстазымның ғылымдағы бұралаңы көп дара жолы жөнінде білетінімнен білмейтінім көп. Десек те, 85 жасқа толған мерейлі шағында ол туралы ой толғау мен үшін бақытты сәттердің бірі болғанын да жасыра алмаймын. Бір қызығы, ұстазымның өнегелі өмір жолына үңілген сайын оның жүрген іздері тасқа таңба басқандай сайрап қоя береді. Қалам тербеу барысында Тайман Мұсағалиұлы сынды жандардың жүріп өткен өмір жолынан үйренетін нәрсе көп екенін түйсіндім. Өйткені алдымызда ке-ле жатқан көш бастаушы ағалардың көрген тәрбиесі, алған білімі, ел игілігі жолындағы ерен еңбектері кейінгі ұрпақтың білімі мен білігін арттыруға, дүниетанымдарын кеңейтуге, өмірлік бағыт-бағдарын айқындауға өз ықпалын тигізері сөзсіз.

Тайман Телеуғали 1931 жылдың 23 ақпаны күні Батыс Қазақстан облысының қазіргі Тасқала ауданы Кулаков күтірінде дүниеге келген. Әкесі Мұсағали осы аудандағы К. Маркс атындағы колхозды алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болған. Мұсағали Ұлы Отан соғысына да қатысқан. Соғыстан жеңіспен оралып, колхоз, совхоз жұмыстарында, мал шарушылығы саласында аянбай еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Анасы Ләтипа да ел қатарлы еңбек етіп, колхоз, совхозда жұмыс істеді.

Бала Тайман соғыс кезінде өз замандастары сияқты еңбекке ерте араласты. Колхоздың жұмысын істей жүріп мектептен де қалған жоқ. К. Маркс колхозындағы орта мектептің 9-сыныбын бітіргеннен кейін Орал қаласындағы №3 мектеп-интернатта оқуын жалғастырып, оны 1948 жылы бітіріп шықты. Сол жылы Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ветеринария факультетіне түсіп, оны 1953 жылы жақсы тәмамдады. Еңбек жолын туған жерінде бастады. Тасқала ауданының бас мал дәрігері болып қызмет атқарды. Ол шаруашылықтарға әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан зор зиян келтіретін бруцеллез, туберкулез, қотыр және басқа да жұқпалы мал ауруларын алдын алу және емдеу бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде көптеген шаруашылықтағы қоғамдық мал аталмыш аурулардан толықтай сауықты. Сөйтіп, мал өнімдерінің артуына, сапасының жақсаруына өз үлесін қосты. 1955 жылы Алматы облысындағы Кеген ауданы Қарқара қой совхозының бас мал дәрігері болып жаңа қызметке тағайындалды. Бұл шаруашылықта да малды сақау ауруынан, бруцеллезден сауықтандыруда айтарлықтай жұмыс атқарды.

Жас маманның ғылымға деген талпынысын, жұмысты ғылыми негізде ұйымдастыру қабілетін байқаған сол кездегі белді ғалымдар Тайман Мұсағалиұлын Қазақ малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа шақырды. Ол 1957 жылы аталмыш мекеменің ғылыми қызметкері болып бекітілді. Аталмыш институтта жұмыс істеген кезінде Жамбыл облысындағы Фурманов ауданының мал шаруашылықтарын туберкулезден сауықтандыру жұмысына қатысты. 1958 жылы Ленинград малдәрігерлік институтының аспирантурасына түсіп, 1961 жылы мал дәрігері ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді. Оның «Төл қылауын жедел анықтау» тақырыбындағы диссертациясында жасалған ұсыныстар өзінің құндылығының арқасында КСРО көлемінде ветеринария қыз-метінде күнделікті іс-шараларда кеңінен қолданылды.

1962 жылдан бастап осы күнге дейін бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты, қазіргі аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы болып табылатын Қазақ ұлттық аграрлық университеті ветеринария факультетінің ветеринариялық-санитариялық сараптау және гигиена кафедрасында ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. ЖОО-да қызмет еткен кезде 13 мыңнан астам мал дәрігері мен ветеринариялық-санитариялық мамандар даярлауға үлкен үлес қосты, көптеген студенттің дипломдық, аспиранттардың кандидаттық жұмыстарына жетекшілік етіп, оларды қорғауға дайындады.

Ғалым ағамыз 1992 жылы Қазан қаласындағы Бүкілодақтық ветеринариялық ғылыми зерттеу құпия институтында «Малды экстремалдық жағдайда сою және сойыс өнімдерін консервілеу» деген тақырыпта алғашқы рет ветеринариялық-санитариялық сараптау саласында докторлық диссертация қорғап, биология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Ал 1994 жылы профессор атағы берілді. Сол диссертация жұмысында бұрынғы Кеңес одағы көлемінде алғашқы рет ет және ет өнімдерін консервілеудің биотехнологиялық жаңа әдістері ұсынылды. Ғылыми тұрғыдан дәлелденген ұсыныстар сараманға енді, нормативтік құ-жаттар бекітілді. Диссертациялық жұмыстың қорытындысы бойынша 1994 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария басқармасына экстремальды жағдайда (індет, жұт, радиация т.б.) малды жаппай сою, ұшаны мүшелеу, химиялық-биологиялық әдіспен консервілеу, өз терісіне, мес қарнына салып аузын байлап жылы (ыстық) жерде сақтауға болатыны туралы ұсыныс жасалды. Осы жерде екпін түсіріп айта кетер жайт, Тайман Телеуғали — ветеринариялық-санитариялық сараптау бойынша республикамыздан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы, профессоры және ҚР Экология академиясының мүше-корреспонденті, академигі.

Тайман Мұсағалиұлы тағамдардың экологиялық тазалығына үзбей көңіл аудару қажеттігін айтып қана қоймай, осы мәселе туралы студенттерге, магистрларға, докторанттарға, ғалымдарға және жалпы оқырманға арнап қазақ тілінде оқу құралдарын шығарып келеді. Солардың бірі «Мал шаруашылығы өнімдерінің экологиясы» деген атаумен былтыр жарық көрді. Мұнда малдан алынатын ет пен сүттің экологиялық тазалығын қамтамасыз ету жолдары жан-жақты әңгімеленеді. Жалпы, ол кісі – 150-ден астам ғылыми еңбектің, бес монографияның, сегіз оқулық және оқу құралының, оқу әдістемелік құралының, авторлық куәліктің, ҚР Патенттік органы патенттерінің иесі.

Оның үш томдық «Ветеринарлық-санитарлық сараптама, өнімді стандарттау мен сертификаттау» деп аталатын еңбегі аса жоғары бағаланып, елімізде ғылымдағы ерекше жетістіктер үшін берілетін А. Бараев атындағы сыйлыққа ие болғанын айта кету керек. Бұл оқу құралы қазіргі кезде ТМД елдерінің базалық оқу құралы болып есептеледі және жоғары оқу орындарында кеңінен пайдалануда.

Ғалымның инновациялық жаңалықтары алыс және жақын шетелдерде жариялануда. Соған байланысты Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Львов, Омбы, Самарқанд, Астана, Алматы қалаларында өткен халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда ғаламдық жаһандану жағдайында малдан, өсімдіктен алынатын өнімдердің биологиялық қауіпсіздігі, нарықтық қатынастар жағдайында ғылымның өндірістік тиімділігін арттыру бойынша баяндамалар жасап жүр. Бұл бағыттағы және ветеринария саласында шешілмей жүрген күрделі мәселелер жайлы мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде жарық көруде.

Тайман Мұсағалиұлы көп жыл бойы университетіміздің кандидаттық және докторлық диссертация қорғайтын ғылыми кеңестің мүшесі ретінде көптеген жұмыс-тар атқарғанын да айта кеткен жөн.

Елбасымыз «Тәуелсіздік туы білімді ұрпақ қолында» деп атап көрсеткен болатын. Жас ұрпақты Тайман Мұсағалиұлы сынды мақтанышпен айтатын ағаларымыз тәрбиелесе, олар тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жарқын болашағы болатынына сенім мол. Оның еліміздің білімін, ғылымын өркендетуге қосқан елеулі еңбектері мемлекет тарапынан да жоғары бағалануда. 1979 жылы «Ауыл шаруашылығының үздігі» белгісін, соңынан «Еңбек ардагері» медалін, «Жоғары мектеп үздігі», «Ұлы Отан соғысының ардагері», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойларына арналған бірнеше медальмен, «Тың игерудің 50 жылдық» медалін алды. ҚР Білім мен ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ауыл шаруашылығы ардагері» белгісімен марапатталды.

Кейіпкеріміздің сүйген жары Әсия Ыбышқызы медицина саласында қатардағы дәрігерден бастап лауазымды қызметкерге дейін көтерілді. Ұлы Ескендір Алматыда еңбек етсе, ал қызы Айман — Атыраудағы Х. Досмұхамедов атындағы технологиялық университеттің шет тілдері кафедрасының меңгерушісі. Балаларынан тараған немере-шөберелері бар, қазір солардың қызығын көруде.

Қазақ халқының «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел» деген ұлағатты сөзі бекер айтылмаса керек. Ұстазымыздың білім-білігі мен тәлім-тәрбиесі өз құндылығын еш уақытта жоғалтпақ емес. Ол кісінің бұл бағытта жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Алтынбек МӘНКІБАЕВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің

қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының

кандидаты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар