2.04.2016, 6:07
Қараулар: 129
Қыстан қалай шықтық?

Қыстан қалай шықтық?

малжан


Баяғыда ата-бабамыз «Өлмеген құлға тағы да бір жаз шықты» — дейді екен ғой, қыс өтіп көктемге іліккенде. Тап биыл аязымен абдыратып, суығымен сарсаңға салып, боранымен болдыртпаса да тағы бір қыс өтті.


Жан-жануар мен тіршілік атаулының арқасы кеңитін шақ енді басталып келе жатқандай. Дегенмен «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» көктемнің аумалы-төкпелі мінезі әлі қандай сынақ дайындап тұрғаны белгісіз. Тіпті арасында жаңбырын айтпағанда, «кәрі құданың» қаһарынан қайта қоймағанын сездіріп, қар ұшқындатып жіберетінін де ұмытуға болмайды. Сондықтан ауылдағы мал баққан ағайынға әлі де арқаны кеңге салуға ертерек тәрізді. Сонымен, өткен қысты қалай шығарып салдық, мал-жанымыз қиналған жоқ па? «Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, облыс аудандарында мал біткеннің бәрі бірдей жайылысқа дендеп шығып кете қоймаған сияқты. «Жыланды үш кессең де кесірткедей қауқары бар» дегендей, «кәрі құда» кенеттен кесірлігін көрсетсе, төрт түлікті тең өргізген малшы ағайын абдырап қалмай ма? Сондай сәт туа қалса, әліптің артын бағып, малға талғажау қылатын жем-шөп қоры бар ма? Осы жайттар мазалап, облысымыздың негізінен төрт түлік шоғырланған аймақтарына хабар салып көріп едік, олардағы жағдай төмендегідей болып шықты.

Жаңақалада 46610 мың ірі қара, 169046 қой-ешкі, 16167 жылқы, 900-дың үстінде түйе малы қыстаққа кірген еді. Аудандық мал шаруашылығы мамандарының белсенді ұйымдастыруының және малшылардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде мал қыстату науқаны үлгілі өтті, мал басы түгелге жуық аман-есен. Бұған қыстың жайлы болғаны да өз әсерін тигізді, әрине. Нәтижесінде кейбір ірі қожалықтарда жем-шөп еркін жетіп, келесі жылға да шөп қоры қалатын сыңайлы.

Өткен жылы ауданда жауын-шашынның аз түскеніне қарамастан мал азығын дайындау жоғары деңгейде жүргізілді. 129,5 мың тонна жем-шөп дайындалып, жоспар толығымен орындалды. Бүгінде содан қалған 28,5 мың тоннаның мұрты бұзылмаған.

Жалпы ауданда барлық түлік 365 қыстақта қыстатылды, олардың бәрі мал азығымен толық қамтылды. Мал азығының жетіспейтіні мен жол қатынастары қиындық туғызған қыстақ болған жоқ. Барлық ауылдық округтер бойынша 145 қыстақ электр желісімен қамтылған. Қазіргі таңда мал жайылысқа шықты.

*    *    *

— Қой малы момын, иі жұмсақ жануар ғой. Қой жылы той жылы болуымен қатар, қысы да жұмсақ, жайлы өтті. Құм өңіріндегі мал шөпке тұрып жарымады. Қырдағылар да қысыла қойған жоқ. Бірен-саран сайқындықтарда болмаса, тұрғындардың жиған шөбі толық жетті. Қазір жер аяғы кеңіп, мал өріске кетті, – дейді Бөкей ордасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин.

Жоспарлы экономика кезінде бұл күндері қой төлдету науқаны басталып, аға шопаннан бастап, бөлімше меңгерушісі, мал мамандары, шаруашылық басшылары сақманшы іздеп сабылар еді. Қазір ондай қарбалас жоқ. Мал шаруашылығы түгелдей жекенің қолында. Жеке шаруашылық иесінің ішкі есебі өзінде. Олардың жеке кәсібінде ешкімнің жұмысы жоқ. Әйтсе де, кей қожалықтардың қысы-жазы малды бір орында ұстап, ауыл төңірегін қу тақырға немесе қызыл құмға айналдырғандары шындық. Осы жайды қожалық иелері де, жер қатынастары бөлімі, округ басшылары да қаперге алып, жайлауға шығу мәселесін аяқсыз қалдырмаса екен деген тілек бар.

*    *    *

Қаратөбе аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен 2015 жылы ауданда мал азығы жеткілікті дайындалған. Жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, аудан бойынша 90860 тонна шөп қамдап алған шаруалардың биылғы жылғы қыстан қиналмай шығып жатқанын сала мамандары алға тартады. Яғни малдың жем-шөп қоры жеткілікті деген сөз. Мешін жылының ауа райы құбылмалы болғанымен, қыс айларында қатты суықтар мен көз аштырмайтындай борандардың кездеспеуі шаруашылықтардың жұмыс жүргізуіне қолайлы болды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Қанат Бадақов айтқандай, аудан бойынша дайындалған 90860 тоннаның қазіргі таңда 58206 тоннасы жұмсалып, 32654 тоннасы қалған.

«Қалған мал азығы ендігі аз ғана уақытқа артығымен жетерлік. Ауданның Саралжын, Аққозы, Қаракөл округтерінде мал жайылымға 20 наурыздан бастап шыға бастады. Малдың далаға ертерек шығуы шаруашылыққа үлкен көмек болары сөзсіз. Ауданда төрт шаруа қожалығы күн сәулесінен қуат алатын ток көзін пайдалануда. Қыстаққа әзірлік деңгейі жақсы болғандықтан, аудан көлемінде мал азығынан тарығушылық болған жоқ» — дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер бөліміндегі мамандар.

*    *    *

Ерте туған төлдің ойнақтағаны, саулықтың мекіренгені сайын даланың дәулетін әйгілейді емес пе. Ақжайық ауданының қыс-тақтарын бүгінде осы көрініс ажарландырады-ақ. Түліктердің дені өрісте жүр. Рас, іші өскен малға қырағы қарамаса болмайды. Оның үстіне күнпарақта көктем болғанмен, ата-бабамыз есебіндегі «алты ай қыс» әлі қыр астына кеткен жоқ. Сондықтан аудандағы тиісті бөлім, мекемелер мамандары шаруалармен байланысты үзбей, сақтықты пысықтап келеді.

Бір жақсысы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалиннің айтуынша, егер күн райы өткінші, тосын өзгерістерді ала келгендей жағдай болса, 18 ауылдық округтің бәрінде шөп жеткілікті. Өткен апта соңындағы есеп бойынша, ауданда 48500 тонна пішен бар. Бұл – былтыр барлық дайындалған шөптің 25 пайызынан астамы. Уатылған жемнің қоры да қыста-маларда жеткілікті көрінеді. Демек, түліктердің азығы жағынан қорқыныш жоқ. Кешегі, яғни наурыз ортасындағы соққан боран мен ышқынған жел өлара шақтың қандай болатынын қаперге мықтап салды ғой. Жыл құстарымен бірге суық жел, қар аралас жаңбырдың келуі ғажап емес. Демек, етек-жеңді қымтап отыру қажет. Жыл басынан бері аудан бойынша 19610 қозы-лақ, 4378 бұзау, 306 құлын алынды. Төлханаларда шаруалардың көмекшілері кезекшілікке тұрған.

Айталық мәселен, Жамбыл ауылдық округінде бүгінде 1838 тонна, Тайпақта 1634 тонна пішен қоры бар. Атырау аумағымен шектесіп жатқан Сарытоғай ауылдық округіндегі шаруаларда тіпті сұрағандар болса, саттыққа шығаратын пішен бар.

*    *    *

Жәнібек ауданы статистика басқармасының бізге берген мәліметі бойынша үстіміздегі жылғы 1 наурыздағы есепке сай 1863 бұзау, 3903 қозы, 574 лақ, 304 құлын бар. Биылғы қыстаққа 30293 ірі қара, 58265 қой, 5081 ешкі, 9418 жылқы, 89 түйе тұрып, қыстан аман шыққан. Яғни қыс бойы малдан шығын болмаған.

Аудандық жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Роберт Биғалиев берген ақпаратқа сәйкес, өткен жылғы жаз айларында аудан бойынша 83 мың тонна шөп дайындалса, күні бүгін соның 24 мың 500 тоннасы қалған. Бұл жер кеуіп, мал көкке ілінгенше жетеді деген сөз. Оның үстіне биыл ақпан бойы күн жылынып, қар еріп, ауылдық округтерде мал далада жайылып, шөпке біраз үнем болды. Қазірде ауылдың малы өрісте жүр.

— Мал қыстағына шаруа қожалықтары жемді де біршама дайындап алды. Мәселен, Ескендір Елемесов жетекшілік жасайтын «Әлем» ШҚ 690, Талов ауылындағы «Равиль» және «Құбаш» ШҚ сәйкесінше 200, 70, Қамыстыдағы «Талғат» ШҚ 55 тонна арпаны көршілес Волгоград, Саратов облыстарының шаруашылықтарынан алды. Сондай-ақ аудандағы 150 ШҚ-ның әрқайсысы 5-10 тоннадан жеке тұрғындар да кем дегенде осы шамада жем алды. Былтыр жаздай жемнің 70 пайызы Ресейден алынды. Ал Оралға, Атырауға, Ақтауға мал тапсырған шаруа қожалықтары қайтарында жемді Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардан сатып әкелді, — дейді аталмыш бөлім басшысы.

*    *    *

Сырым ауданы бойынша 2015-2016 жылдың мал қыстағы науқанына 37572 ірі қара, 82383 ұсақ мал, 13147 жылқы, 72 түйе кіріп, олар 118 нүктеде бағылуда.

Сырым аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміндегі жауапты тұлғалардың айтуларына қарағанда, осынау мал бастары үшін 126921 тонна мал азығы, 516 тонна арпа, 265 тонна қара бидай, 110 тонна кебек дайындалған.

Ал аталмыш мекемедегі мамандардың қолдағы деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда аудан бойынша мал бастары үшін қыстақтан қалған мал азығы 30495 тоннаны немесе 24 пайызды құрап отыр. Бұл — әрине, қоғамдық малдардың аузы көкке іліккенше толықтай жеткілікті деген сөз. Сондай-ақ ауданда мал төлдей бастап, әзірге 12605 қозы, 4980 бұзау, 1221 құлын алынып отыр.

*    *    *

Шыңғырлаулықтар да биылғы қысқы «сынақтан» мүдірмей өтіп келеді. Оған, бір жағынан, өткен жылы қора-қопсыны қымтап, жем-шөпті жеткілікті қамдап алғандары үлкен сеп болды. Нәтижесінде осы күндерде қой қоздап, қорада шу дегендей, мал төлдей бастады. Жыл басынан бері 458 бас бұзау, 716 қозы, 345 лақ алынды. Ал сәуір айында мал басы тым тәуір еселенеді деп күтілуде.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 22104 ірі қара, 31160 қой мен ешкі, 4519 жылқы, 51 түйе бар, ал қыстақтардағы мал азығының көлемі 14800 тонна. Қар кетіп, мал тұяғы қырға іліккенше, жем-шөп қоры жеткілікті болмақ, дейді ауыл шаруашылығы мамандары.

Айта кету жөн, мал қыстатылып отырылған нүктелерде электр жарығы қыс бойы тұрақты жарқырап тұрды. Боранды-шашынды күндері қыстақтарға қатынайтын жолдардың бойында да барыс-келіс үзілген жоқ.

Аудандық газеттердің редакцияларынан түскен мәліметтер негізінде дайындаған

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»