2.04.2016, 6:05
Қараулар: 133
Сыбайлас жемқорлық айылын жимай тұр…

Сыбайлас жемқорлық айылын жимай тұр…

коррупция


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің 2016 жылдың 1 тоқсанындағы жұмыс қорытындылары бойынша баспасөз мәслихаты өтті.


БИЫЛҒЫ ҮШ АЙДА МҰНДАЙ ҚЫЛМЫС ЖАСАУДА 18  ТҰЛҒА КҮДІКТІ ДЕП ТАНЫЛЫП, ОЛАРДЫҢ 13-І СОТТАЛҒАН

Аталмыш департаменттің тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаровтың айтуынша, ҚР Президентінің 2015 жылдың 11 желтоқсанындағы №128 Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылып, оның құрылымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) құрылды. Ұлттық бюроның негізгі міндеттері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды орындау шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен облыстың мемлекеттік құрылымдарында жемқорлық құқықбұзушылықтарды болдырмау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

А. Абакаровтың хабарламасына сүйенсек, департаментпен қабылданған шаралармен 2016 жылдың 1 тоқсанында өндірісте болған 145 қылмыстық істің 77-сі (54%-ы) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға (2015 жылдың 1 тоқсанында – 37 (28%), соның ішінде олардың үштен бірі ауыр қылмыстарға жатады (38% – 77-нің 29-ы). Қылмыс жасауда күдікті болып 18 тұлға танылып, жыл басынан бері  олардың 13-і сотталған.

Атап айтқанда, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 5 наурыздағы үкімімен «Орал қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы» РММ басшысының орынбасары Д. Қазиева қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды.  Ол 2016 жылдың 6 қаңтарында «Атаба Орал» ЖШС-ның директорынан әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқорлық үшін 50 мың теңге көлемінде пара алған. Сот шешімімен Д. Қазиеваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік құрылымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 2 450 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен анықталған негізгі жемқорлық қылмыстар бойынша лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану бойынша (ҚР ҚК-ның 361-бабы) 13, пара алу (ҚР ҚК-ның 366-бабы)  бойынша 10 қылмыс анықталған.  Мысалы, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 4 наурыздағы үкімімен облыстық қылмыстық атқару департаментінің Орал қалалық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры И. Нағметов мерзімінен бұрын шартты босату бойынша құжаттарды жедел рәсімдеу үшін өз бағынысындағы қызметкер арқылы 25 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Сот шешімімен И. Нағметовке мүлкін тәркілей отырып, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды және 1 200 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-ның 49-бабына сәйкес И. Нағметов «әділет майоры» арнайы атағынан айырылды.

– Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысындағы жемқорлық фактілері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды. Мысалға, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 9 наурыздағы үкімімен «Орал қаласының №45 жалпы орта мектебі» ММ-ның директоры Ф. Даумова қылмыс жасағаны үшін айыпты  деп  танылды.

Ол лауазымды тұлға бола тұра Қазақстан Республикасының білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1-4-сыныптардың аз қамтылған және көп балалы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және қаражатты шотқа аудару үшін өзі жеке кәсіпкерден бұдан бұрын мемлекеттік мекемемен аударылған қаражаттың 10%-ы көлеміндегі, 71 мың теңге пара алған, – деді аталмыш департаменттің тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржанов.

Сот шешімімен Ф. Даумоваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды және 3 550 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Баспасөз мәслихатында мәлім болғанындай, 56 (51) қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 7 (10) қылмыстық іс сотқа жолданды. Орал қалалық сотының 2016 жылғы 26 ақпандағы үкімімен  Орал қалалық әкімшілік полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы С. Жандауов қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырмау үшін Б. деген азаматтан 5 мың теңге ақша талап еткен және оны алған. Сот шешімімен С. Жандауовқа мүлкін тәркілей отырып, мемлекеттік және құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды және параның алпыс еселенген шамасы мөлшерінде, яғни 300 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-ның 49-бабына сәйкес С. Жандауов «полиция майоры» арнайы атағынан айырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты биылғы бірінші тоқсан бойынша 56 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 51 болды. Тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржановтың айтуынша, БҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бұрынғы басшысы В. Разовқа қатысты қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, биылғы 26 наурызда департаментпен прокуратура органына жолданып, онда тексеру  жұмыстары  жүргізілуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар