2.04.2016, 6:03
Қараулар: 52
«Перизаттың» тәтті өнімдері

«Перизаттың» тәтті өнімдері

IMG_0004


Ақжайық ауданының орталығы  Чапаевта «Перизат» кондитерлік өнімдер цехы ашылды.


– Сырым ауданының Жетікөл ауылында туып-өстім. Сол жердегі орта мектепте білім алдым, кейін Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы №11 орта мектепте оқуымды жалғастырып, орта білім алдым. Орал педагогикалық колледжінен бастауыш сынып мұғалімі бөлімін бітірдім. Осыған дейін жолдасымның жұмыс бабына байланысты Жәнібек, Шыңғырлау аудандарында тұрдық, мен мұғалімдік мамандығым бойынша мектепте сабақ бердім, — дейді цех меңгерушісі Ләззат Матылова.

Шағын цехтың іші кірсе, шыққысыз. Жарқыраған шыны сөреде тұрған түрлі көлемді ұн өнімдері бірден көзге түседі. Келесі жұмыс бөлмесінде ашытқы дайындайтын түрлі ыдыс, әзір өнімдерді сақтайтын шкаф, аяқ-табақ орны, кесу тақтайшалары т.б. керекті жабдықтар рет-ретімен қойылған. Шикі өнімдерді сақтайтын орын да бар. Салқын, ыстық су келіп тұр. Бәрі де санитарлық талапқа сай.

Шығарылатын өнімдерге керекті жұмыртқа, алма, өрік, ірімшік, банан секілді азық-түлікті қаладан тапсырыспен алдырады. Оларды пісіруге арналған пеш, кондитерлік үстел, екі тоңазытқыш, шикі өнімді әбден араластыратын миксер де, қамырды шапшаң көтеретін пеш те – бәрі-бәрі бар.

Ләззат Орынғалиқызы тұтынушылардың тілегін орындауға ынталы екенін байқатты. Ол үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Аягөзді тамақ пісіруге баулуда. Мұның өзі қыз баланың тәрбиесіндегі көрікті тұс қой. Әрине, жалғыз адам ештеңе бітіре алмайды. Сондықтан қасына Жайық ауылының тұрғыны, аспаз мамандығы бар Анаргүл Кемаладинованы жұмысқа тартты. Бір-біріне сүйеу болған олар қазір халықты тәттімен қамтып отыр. Ықыласпен атқарған кәсіптің игілігі де мол болары шүбәсіз.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Ақжайық ауданы