2.04.2016, 6:02
Қараулар: 97
Халықтық атағын алды

Халықтық атағын алды

Дом дружбы-2


Жуырда облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Батырхан Қайыров бөрлілік ағайыннан сүйінші сұрап, қуанышты хабар  жеткізді.


Яғни көп жылдары өңіріміздегі мәдениет саласының дамуына үлесін қосқан аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы  «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі (жетекшісі Нүрия Сейітжанова) мен Успен ауылдық мәдениет үйінің  «Абдрахмановтар» (жетекшісі Марат Абдрахманов) жанұялық ансамбліне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен  жоғары орындау шеберлігі және көркемөнерпаздар шығармашылығының дамуына қосқан үлесі үшін халықтық өнерпаздар ұжымы атағы берілді.

Бұл қуанышты сәтті аудан әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев  көпшілікпен бірге бөлісті:

— Бүгін біз үшін тарихи күн. Ақ жаулықтары жарасып, ұлттық өнерімізді жаңғыртып, халық әндерін насихаттап жүрген «Ақ жаулықты әжелер» мен айрандай ұйып, отбасы татулығы мен бірлігі арқасында аудан, облыс көлеміне танылған «Абдрахмановтар» ансамблі – өңіріміздегі  ән өнерінің жанашырлары. Бүгінгі абыройлы атақтары – маңдай  тер, үлкен еңбекпен келген жеңіс. Аудан әкімі Марат Түсіпқалиевтің атынан сіздерді құттықтаймын, — деген Азамат Сафималиұлы өнер ұжымдарына алғысын жеткізді.

Жаңадан ашылған «Достық» үйінде өткен шарада өнерпаздар жұртшылыққа өз өнерлерін паш етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы