Арман мен сенім ақталсын (жеңімпаздар форумынан репортаж)

Күні , 7 745 рет оқылды

фото Рафхата Халелова (36)


Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының үлкен залында ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауында өзге бес партиядан дараланып, озық шыққан «Нұр Отан» партиясының құрметіне Жеңімпаздар форумы өтті.


Форумға жиналғандар алдымен Орталық сайлау комиссиясы төрағасының алдын ала жариялаған қорытындысын тыңдады. Аталмыш мәлімет бойынша сайлаушылардың 82,15 пайызы «Нұр Отан» партиясы  үшін дауыс берген. Сөйтіп, Парламент Мәжілісіне өз үміткерлерін ұсынған алты саяси партияның үшеуі “Сайлау туралы” Заңда көрсетілген жеті пайыздық межеден өткен. Қорытынды мәлімет 26 наурыздан кешікпей белгілі болмақ.

«Нұр Отан» партиясының облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен сенімді өкілдері салтанатты түрде сахна төріне көтерілді.

Шара «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

— Құрметті форумға қатысушылар! Кеше өткен сайлауда бүкіл қазақстандықтар секілді батысқазақстандықтар да өзінің бола-шағы үшін, елінің ертеңі үшін өз таңдауларын жасады. Жаңа біз Орталық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінен алдын ала қорытындылар бойынша «Нұр Отан» партиясының 82 пайыздан жоғары дауысқа ие болғанын тыңдадық. Бұл – қазақстандықтардың болашаққа сенімі. Бұл – қазақстандықтардың «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын, елдің кемелденуін, оның жасампаздық қадамды ілгерілете беруін қолдау. Осы үшін өз атымнан, партияластарымның атынан сіздерге зор ризашылық білдіремін. Штаб мүшелеріне, сенімді өкілдерге, еріктілерге, сайлаудың өтуіне үн, күш қосқан барша батысқазақстандыққа алғыс айтамын. Қазіргі таңда Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттарының, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауалды тұғырнамасында сайлаушыларға берген уәделерін орындау үшін барлық жағдай бар. Қаржылық, әкімшілік мүмкіндіктерді, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін пайдалана отырып, депутаттардың сайлаушыларға берген уәделері орындалып, алдағы уақытта еліміздің дамуына үлкен серпін болатыны сөзсіз. Сондықтан баршамыз «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын бүгінгідей қолдай отырып, алға жүруге бір адамдай күш жұмсайық, үлес қосайық! Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ұлы той басталып та кетті. Жаңадан тәуелсіздік алған тұста еліміз қандай жағдайда еді, бүгін қай жерге келдік, болашағымыз қандай? Осының бәрін сараласақ, өткеніміз бен бүгініміздің арасы алшақ екенін көреміз. Біраз жетістіктерге жеттік. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алға қойған мақсаттарды еңсеруге де жігеріміз жетерлік. Міндетіміз айқын. Бұл орайда партия төрағасы нақты міндеттер белгіледі. Оны орындау үшін халықты жұмылдыру — «Нұр Отан» партиясына артылар жүк. Осы бағытымызбен қадам басқанда ғана Елбасы жүргізіп отырған реформалар жүйелі жүзеге асып, табысты болатынымыз сөзсіз, қадірменді ағайын! – деді Нұрлан Асқарұлы.

Республикалық сайлауалды штабының мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева тебірене сөйледі.

— Егемен елдің ертеңі үшін, еркін елдің болашақ ұрпағы үшін ғасырлап қолымыз жеткен, бабаларымызға арман болған еркіндіктің көк туының желбіреп, бүкіл әлемге танылуы үшін және оны жастардың қолына нық ұстату үшін азғантай уақыт ішінде үлкен шаралар атқарылып жатыр елімізде. Міне, біз армандап, көксеген ұлы даланың табанына ыстығы өтіп, күні маңдайын сүйген ұлына ел басқартсақ деп едік, ол күн туды. Басшыға қосшы болатын ел екенімізді тағы да әлемге көрсетіп дәлелдеп, ұйымшылдықпен дауыс бердік. Мұның барлығы, жас ұрпақ, сендердің ертеңің, сендердің болашағың, сендердің бақытың. Ендеше, осы еркін елдің, мәңгілік елдің, ұлы даланың ұл-қыздары болыңдар, соның намысын жақтаңдар, арын арлаңдар! Мұның бәрі өмірде адал, барлық жағынан күрескер болып өсу бағытында сендер үшін жасалуда. Сәтті болсын, құтты болсын, ұлы дала ұлдарының, ел басқаратын азаматтарының жеңісі! Оларға сенген халықтың арманы ақтала берсін! Сендер бақытты болыңыздар, жас ұрпақ! Менің бала кезімде шетелге шығып, өзімнің қай ел адамы екенімді айта алмайтынмын. Менің ұлтымды ешкім білмеген, ешкім танымаған. Мен соның куәгерімін, айналайындар. Бүгін бізге бар әлем көзін тігіп отыр. Президентіміз әлемнің алдында бір тілекке жиыла алатын халық екенімізді және өзгелерден ерекше мейірбан екенімізді дәлелдеді. Ертеңгі Наурызда паш етілетін даланың сол мейірбанды салты – достық, мейірім, сыйластық сезімдерін жоғалтпайық. Алда келе жатқан Наурыз мейрамы құтты болсын! Барша жанға бақыт әкелетін ұлы мейрамдар жалғаса берсін! Сайлаған депутаттарымыз біз армандағандай ұлы даланың болашағына қызмет етсін, ата дәстүрді сақтау жолында еңбек етсін, азаматтық борыштарын адал атқарсын! – деді ақын.

Облыс өнерпаздары ән айтып, би билеп, салтанатты шараның шырайын кіргізе түсті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Дархан ҚАДЫРАЛИЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

— Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында болашаққа нық қадам жасап, бүгін айқын жеңіске жетіп отырмыз.

Бұл жеңіс – біздің нақты істеріміздің дәлелі. Сындарлы сағатта Елбасы бастаған «Нұр Отан» партиясына және оның атынан додаға түскен үміткерлерге қолдау білдірген баршаға шынайы алғысымды білдіремін! Партияның салиқалы саясатын және баянды болашаққа деген бастамаларын қолдап келе жатқан барша қазақстандыққа ризашылық білдіре отырып, алдағы уақытта егеменді еліміздің өркендеуіне аянбай еңбек ететінімізді жеткізгім келеді. Берекесі мен бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің осындай жеңісті күндері көп болсын!

Лилия ХАЙРУЛЛИНА,

«Нұр Отан» партиясы қалалық штабының мүшесі:

— Бірінші кезекте партияластарымды және батысқазақстандықтарды бүгінгі жеңіспен құттықтай отырып, сайлаушыларға алғыс білдіргім келеді. Бұл жолы сайлаушылар кезекті мәрте тұрақ-тылықты, бірлікті, жасампаздықты таңдады. Президентіміз әлемдегі экономикалық кедергілерге қарамастан, халықты әрдайым жеңіске жетелер мақсаттармен жігерлендіріп, алға бастайды. Мемлекет алдына экономикасы дамыған отыз елдің қатарына қосылу туралы ұлы мақсат қойылды. Бұл бағытта еліміздің кәсіпкерлері қолға алған кәсіптерін дамыта отырып, өздерінің жұмыс тәжірибесін қолданып, экономиканы кез келген тығырықтан алып шыға алатынына сенімдіміз.

Салтанат ТҰМАНБАЕВА,

 «Нұр Отан» партиясы қалалық штабының мүшесі:

— Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының сайлау кезіндегі айқын жеңісімен құттықтаймын! Біз болашаққа үлкен сеніммен қарадық. Барлық сайланушыларға зор сенім артқан қала, облыс тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл сайлау жастар үшін ерекше болды. Өзімізге артылған сенімді ұғындық. Ендігі мақсат – сол сенімнің үдесінен шығу. Біз тәуелсіз елдің бақытты жастары екенімізді сезіне отырып, болашақта еліміздің мәртебесін арттырып, мерейін асқақтату жолында еңбек етеміз. Қазақстан жастары Елбасымен бірге!


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика