19.03.2016, 6:09
Қараулар: 79
Маргарита АКСЕНОВА: «Наурыздың мен үшін орны бөлек»

Маргарита АКСЕНОВА: «Наурыздың мен үшін орны бөлек»

Маргарита


— Наурыз мерекесінің мен үшін орны бөлек. Өйткені барша мұсылман қауымы үшін бұл күні жаңа жыл басталады. Өкінішке орай, қазіргі қазақтар бұрынғыша Жаңа жылды 1 қаңтарда қарсы алғанды тәуір көреді. Ал, шын мәнінде, Жаңа жылды көктем айында қарсы алған жақсы емес пе? Өйткені бұл айда күн жылынып, жұрт алты ай қыстың ауыртпалығынан арылады. Ауылдарда мал төлдеп, ақ молаяды. Жер көгеріп, күн нұрын төгеді, осының өзі-ақ адамдардың көңіл күйіне жақсы әсер етеді.


Өз басым Наурыз мерекесін жыл сайын асыға тосамын. Өйткені Жаңа жылдан барша адамзат секілді, мен де жақсылықтар күтемін. Бала кезімізде ауылдың үлкен-кішісі мейрам атаулыны құр жібермейтін. Оның ішінде 22 наурызды «Жыл басы» деп ерекше тойлаушы еді. Ауылдағылар сол күні бір-біріне қонаққа барып, наурыз көже ішіп, бір желпініп қалатын. Мектепте өтетін мерекелік іс-шараларға қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, соңынан өзіміз жеп, қарық боп қалатынбыз. «Наурыз көже ішкен адамның сол жылғы арман-тілегінің бәрі орындалады» дегенді санамызға сіңіріп өскен біз наурыз көжеден қалай да ауыз тиіп қалуға тырысып, кесеге таласатынбыз. Анам Рухия татар қызы болса да, қазаққа сіңісіп кеткендіктен, көршілерден қалыспай, бауырсағы мен кісенанын пісіріп, қонақ күтетін. Қонақтармен бірге иісі бұрқыраған жылқы етін жеп, «Арманымызға жетейік, елімізде тоқшылық болсын!» деп наурыз көжені үлкен үмітпен ішетінбіз.

Бүгінде сол күндерді қатты сағынамын. Қазір қалада тұрсам да, «Арман-тілегім орындалсын» деген ниетпен жыл сайын наурыз көжемді пісіріп, құрбы-құрдастарымды дәм татуға шақырамын. Наурыз тойын татулық мерекесі деп кейде бір-бірімен ренжісіп жүрген құрбыларымды әдейі шақырып, бастарын қосып, татуластырып жіберемін. Бұйыртса, биыл да Наурыз мерекесінде достарымды жинаймын.

Наурыз көженің жеті түрлі тағамнан тұруының өзі тоқшылықты меңзеп тұрғандай. Бала кезімізде көрші әжелеріміз Наурыз көжені қалай жасау керектігін бізге былайша үйрететін. Наурыз көже дайындау үшін ең алдымен қазан толы сүтті қайнатып алып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастау керек. Содан соң сүт әбден пісер кезде оған қыс бойы сақтаған сүр етті салып жіберіп, 15 минуттай ыдыстың бетін жауып қою керек. Содан кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып, тағы бір қайнатып алу керек. Егер наурыз көже қоймалжың болып кетсе, оған су қосуға болмайды. Тек айран қосып сұйылтуға болады. Қазіргі кезде жастар наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, құрт, бидай, пияз және сәбіз салып та пісіре береді. Мен де Наурыз көжені осы құраммен дайындаймын. Кейде көжем тәтті болсын деп сары өрік пен мейізді де қосып жіберемін. Қалай болғанда да, наурыз көженің құрамын жеті түрлі, кейде одан да көп тағамның түрімен толтыруға тырысамын. Үйге келгендер осындай құрамдағы наурыз көжені сүйсініп ішіп жатады.

Наурыз мерекесі тек көжемен ғана шектеліп қалмайды. Өзім татар ұлтынан болсам да, қазақы салт-дәстүрді жақсы білемін. Ертеде Наурыз тойда қазақ жастары алтыбақанда тербетіліп ән айтқан, бір-бірімен айтысып, мейрам көркін қыздырған. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тарту еткен. Бұл салт қазақта ұйқыашар деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер селт еткiзер рәсiмiн жасаған. Бұл рәсім бойынша жігіттер қыздарға айна, тарақ, әтiр суын сыйлайтын болған. Айна пәктiктiң, жастықтың, тарақ әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiс су жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi дейді. Бұдан басқа мереке кезінде жастар “Көкпар”, “Бәйге”, “Қыз қуу”, “Жамбы ату” секілді ұлттық ойындарды ойнаған. Ал қазіргінің жастары Наурыз мерекесінде көбінесе қазақша күрес, аударыспақ, арқан тартысы және тоғызқұмалақ секілді спорттық ойындар бойынша бәсекеге түсумен ғана шектеледі. Шіркін, Наурыз мерекесі өзінің бұрынғы сән салтанатымен өтсе ғой. Білген кісіге қазақтың барлық салт-дәстүрі – тұнып тұрған тәрбие. Өз басым кең пейілді, дархан мінезді қазақ халқын шын көңіліммен жақсы көріп, олардың салт-дәстүрімен жүріп-тұруға тырысамын, — дейді бізбен әңгімесінде қарапайым татар қызы.

Ана тілімізде төгіліп тұрған Маргарита Аксенова – Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылының қызы. 2003 жылы ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқушылар арасында өткен республикалық олимпиададан ІІІ орын алып, тегін оқуға жолдама алған.

БҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік бітіріп, қазіргі таңда қаладағы әскери мекемелердің бірінде қызмет істеп жүр.

Қазақ өлеңдерін мәнерлеп оқудан қалалық, облыстық және республикалық конкурстардың бірнеше мәрте жеңімпазы. 2009 жылы Тіл күні мерекесіне байланысты Астанада өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен сайысқа қатысып, жүлдегер болды. 2009-2012 жылдар аралығында төрт жыл қатарынан Маргарита Астанаға арнайы шақыртумен барып, аталмыш мерекеге байланысты өткізілген сайыстарды жүргізді. Татар қызы биыл да ақпан айында Алматыға арнайы шақыртумен барып, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаевтың классикалық ән кешін жүргізіп келді.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар