19.03.2016, 6:08
Қараулар: 122
Өнерлі отбасы

Өнерлі отбасы

DSC_0025


Наурыз мейрамының қарсаңында  облыстық қазақ драма театрында халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің жеке концерті өтті.


Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында туып, сонда еңбек жолын бастаған отағасы Марат Биғалиев зайыбы Нұржамалмен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Отбасылық ансамбльдің құрылғанына биыл отыз жыл. Ұл-қыздары негізінен әр түрлі салада қызмет етсе де, ата-анасы баулыған өнер жолынан алыс кетпеді. Ансамбль еліміздің қалаларында ғана емес, Ресейдегі Саратов облысының Новоузенск, Энгельс аудандарында жеке концерттерін жиі өткізеді.

Батыс өңірінде тойланатын Көрісу күні шығармашылық кешін өткізген өнерлі отбасының концертін тамашалауға көрермен көп жиналды. Марат Биғалиев Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін Қазталов ауданында ішкі істер бөлімінде қызмет істеген әкесі Қали мен тыл ардагері, бес бала тәрбиелеп өсірген анасы Кәкиманың рухына арнап соғыс және жеңіс туралы ескі әндерді орындады. Қыздары Айгүл, Айнұр, Мәдина құрған трио «Мереке», «Әке-ана» әндерін әсем шырқады. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі «Құрмет белгісі» орденімен марапаттаған, халықаралық көркемөнерпаздар одағының мүшесі Арман Биғалиев Тұрсынбек Қабатовтың «Оралым», інісі Руслан Биғалиев Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әндерін әуелетті. «Менің арманымдағы қала» атты жас композиторлар байқауының І орын жүлдегері Айнұр Биғалиева орындаған «Менің арманымдағы қала» атты авторлық әні де көпшіліктің көңілінен шықты. Одан кейін Марат Биғалиевтің тұңғыш немересі Ринат «Ассалаумағалейкум!» әнін шырқады. Айта кетерлігі, өнерлі өрен былтыр режиссер Дәулет Есжанов түсірген «Үшінші тоқсан» атты жасөспірімдерге арналған көркем фильмде басты рөльде ойнаған.

Концерттің соңын ала облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов ансамбль ұжымын құттықтады.

– Біздің мекеме ауыл-аймақтағы мәдениет ошақтарын дамыту, әдістемелік көмек беру және өнерпаз жандарды қолдау ісімен шұғылданады. Әрине, отбасылық өнер ұжымдарына қамқорлық жасаймыз. Былтыр облысымыздағы халықтық атағына ұсынылған 19 отбасылық ансамбль сыннан сүрінбей өтті. Солардың бірі де бірегейі – С. Садықов атындағы Қазталов аудандық мәдени және демалыс орталығы жанындағы Қошанкөл ауылдық мәдениет үйінің Биғалиевтер отбасылық ансамблі.

Өнегелі жанұя мүшелері бір-бірін демеп, бойындағы талантын, қарым-қабілетін ұштап, ынтымақ, татулықпен зор жетістіктерге жетуі – тынымсыз еңбектің арқасы. Мұндай өнерлі отбасы – ел ырысы, қоғамға үлгі. Биғалиевтер әулетінде отағасы Марат отбасының асқар тау тірегі болса, отанасы Нұржамал – жанұя шуағы, «Күміс алқа» иегері. Ауылдан бастау алған өнер бұлағы арнасын кеңейтіп, республикаға кеңінен танымал болуына тілектеспіз, – дей келе, Медхат Мұсаұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2016 жылы 11 қаңтарда шыққан №4 бұйрығы бойынша халықтық өнерпаздар ұжымы атағын беру туралы куәлігін Биғалиевтерге салтанатты түрде табыстады. Кейін Құрманғазы атындағы музыкалық колледж директоры Нұржан Сертеков ансамбльдің шығармашылық кеші көрерменнің ықылас-ілтипатына бөленгенін атап өтті. Халықтық Биғалиевтер отбасылық ансамблінің жетекшісі Марат Биғалиев облыстық мәдениет саласында жан-жақты қолдау көрсеткен мекеме-ұжымдарға алғыс айтты.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар