19.03.2016, 6:07
Қараулар: 165
«Балаңыз дамысын десеңіз, қабілетіне қарап, үйірмеге беріңіз»

«Балаңыз дамысын десеңіз, қабілетіне қарап, үйірмеге беріңіз»

20160224_160255


Зашаған кентіндегі мектептен тыс жұмыс орталығы филиалының жетістіктері көп. Жас қолөнерші Темірлан Рысбектің туындылары ҚР Тұңғыш Президенті музейіне қойылатын болды.


Мектептен тыс жұмыс орталығының Зашаған кентіндегі филиалының 13 үйірмесіне қаланың Арман, Кең дала, Зашаған, Сарытау, Көктем, Балауса шағынаудандарынан, Бортау, Коминтерн, СМП ауылдарынан үйірмеге 483 ұл-қыз қатысуда. Филиал директоры Сәуле Тілепованың айтуынша, бұл – осы  аудандағы балалар тегін қатысатын жалғыз мекеме. Мұндағы үйірмелер  жұмысы үш ауысыммен жүреді, өйткені орын тар.

— Биыл ата-аналардың сұрауы бойынша ұлттық ойындардан тоғызқұмалақ, асық және дойбы үйрету қолға алынды. Жас маман Нұргүл Құрмантаева ағылшын тілін үйрететін үйірме ашып, жұмысқа кірісті. Ата-аналар ағылшын тіліне қатысатын балалардың осы сабақтан оқу үлгерімдері жақсарғанын айтып, қуантуда, — деді Сәуле Жұмазарқызы. Орталық филиалы ұжымының жетістіктері көп. Мысалға, өткен жылдың аяғында республикалық әдістемелік орталық ұйымдастырған рес-публикалық байқауда осы филиалдағы «Классик» қолданбалы қолөнер бағытындағы үйірме шәкірті, №20 мектеп оқушысы Темірлан Рысбек бас жүлдені еншіледі. Жасөспірім қолөнершінің шебер қолынан шыққан қанар жіптен (джутовой филигрань) өрілген домбыра, ұлттық қуыршақ, ыдыс-аяқ туындылары қазылар алқасын тамсантты. Оның ұлттық қолөнер туындылары ҚР Тұңғыш Президентінің музейіне қойылатын болды.

Қосымша білім беру педагогі Эмилия Тілепова басшылық жасайтын аталмыш үйірме тәрбиеленушілері капронмен, кәдімгі газет, қағазбен жұмыстанып, түрлі гүлдердің, ағаштардың, құмыра, аң-құстардың мүсіндерін жасайды. Одан басқа орта топтағы ұл-қыздар бисерден көздің жауын алатын бижутерия құрастырады. Өткен жылы Ресейдің Астрахан қаласында өткен халықаралық байқауда Әмина Серғазиева 2-орын алып қуантқан. Ал ұстаз Эмилия Тілепованың өзі «Шебердің қолтаңбасы»  республикалық байқауында 2-орын алды. Наталья Гончарова жетекшілік жасайтын вокал үйірмесінің тәрбиеленушісі Нұрәлі Өтеғалиев №20 мектепте 1-сыныпта оқиды. Балғын әнші Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мәскеуде және Қазанда өткен халықаралық патриоттық әндер байқауында  бас жүлдені қанжығаға байлап, ел намысын қорғады.

— Бізде қабілет-қарымы мол балалар баршылық. Тек олардың түрлі деңгейдегі байқауларға қатысуға жағдайы келмейді. Өйткені оларды өзге қалаларға апару шығыны қарастырылмаған. Сондықтан барғысы келгендер байқауларға өз қаржысына барады. Балғын әнші Нұрәліні әжесі апарып жүр, — деді Сәуле Жұмазарқызы.

«Балбұлақ» театры үйірмесінің жетекшісі Тыныштыгүл Хамитова шәкірттері  ән айтуымен қатар салфетка тоқуды меңгерген. «Украин халқының қолөнерін қосымша үйретудемін. Ән айтып отырып та тоқу тоқимыз», — дейді ол. Мұнда ер балаларға арналған авиамодель  үйірмесінің жетекшісі Сергей Кузнецов, ұлттық спорттық ойындар үйірмесінің жетекшісі Мәди Әліп-қалиевтар – өз істеріне шынайы берілген жандар. «Домбыра» үйірмесіне қатысушылардан «Мұрагер» ансамблі құрылған. Қазір ұлттық аспапты үйренуге 2 топта 24 бала қатысуда. «Бізге тек жақсы оқитын балалар ғана емес, сонымен қатар үлгерімі орташа оқушылар да келеді. Олар мұнда тәртіпке үйренеді, сабақтарын жақсы оқуға көңіл бөле бастайды. Бастысы, уақытты құр өткізбей, қосымша білім алады», — деді жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Серік Жақыбалиев.  Круглоозерный ауылынан Рүстем Зинуллин екінші жыл қатарынан автобуспен қатынап, домбыра үйренуге келеді. Альбина Нұрсұлтанованың «Алтын-ай» би студиясы, Светлана Гончарованың «Чуда-юдо» театр студиясының және Сәуле Тілепованың өлкетану үйірмесінің де жұмыстары ауыз толтырып айтарлық.

— Қазіргінің ұл-қызы интернетке «кіріп» алса, шықпайды. Ата-анасы жұмыста болған соң, олардың не істейтінінен көбінесе бейхабар. Бірақ балаңыздың бос уақыты болмауы керек деп жүктемені жүктей беру де дұрыс емес. Жалығып кетуі ықтимал. Балаңыз дамысын десеңіз, қабілетіне қарап, үйірмеге беріңіз. Әсілі, ата-ана ұл-қыздың өз еркімен үйірме таңдауына мүм-кіндік бергені жөн, — деді Сәуле Жұмазарқызы. Оның айтуынша, филиалда ұлдарға арнап спорттық бағыттағы үйірмелер ашу керек.

№20 мектептің маңындағы ескі ғимараттағы  аумағы ат шаптырым бөлмелердің қайсыбірі қабырғалық шкафтармен (стенка) бөлінген. «Менің анамның берген еншісі стенкам ғой. Бөлмені бөліп, түрлі үйірмелердің жұмыстарын қатар өткізуге сеп болды», — деп жымияды филиал директоры Сәуле Тілепова. Оның айтуынша, «Уральскнефтегазгеология» АҚ-ның (басшысы Олег Шараватов), «ТМГ-Орал гео» ЖШС (басшысы Қозыбаулы Оразбаев) кәсіпорындары филиалға демеушілік көрсетіп, фольклорлық ансамбльге арналған му-зыкалық аппаратура сатып алып берген. Осының барлығы балаларымыздың заманға лайық дамыған салауатты адам болып қалыптасуы үшін жасалып отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жанерке ӘЛІБАЕВА,

еңбек ардагері, Коминтерн ауылының тұрғыны:

— Немерем Ілияс филиалдағы «Балбұлақ» үйірмесіне қатысады. Былтыр «Тілашар» үйірмесіне қатысып, біраз нәрсе үйренді. Үйде кіріп-шығып бос жүргенше, ортамен, қоғаммен аралассын деймін. Ауылдан №3 автобуспен қатынаймыз. Тек қайтарда №20 мектеп аялдамасынан автобус жүрмейді, сондықтан «Престиж» дүкені алдына дейін жаяу барамыз. Аздап қан қысымым көтерілетіні бар, бірақ соған қарамастан, осы балапаным дамысын, білімді болсын деп жетектеп жүргенім.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар