19.03.2016, 6:05
Қараулар: 146
Еңбекке ынталандыратын бағдарлама

Еңбекке ынталандыратын бағдарлама

IMG_1735


Қазақстан халқының әл-ауқаты Елбасының, үкіметіміздің басты назарынан түскен емес. Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауынан туындап отырған тапсырмаларды орындау бағытында әлеуметтік қорғауға қатысты көптеген бағдарлама өмірге келуде. «100 мектеп, 100 аурухана», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өрлеу» т.с.с. бағдарламалардан жұртымыз жақсы хабардар.


Соларды жүзеге асыру нәтижесін республикамыздың жер-жеріндегідей, біздің Ақжайық ауданынан да көруге болады. Айталық, бізде бүгінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 0,5%-ды, кедейшілік  0,6%-ды құрап отыр, халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды. 2015 жылдың өзінде ғана ауданымызда 708 жаңа жұмыс орны ашылды, 960 адам түрлі жұмыстарға жолданды.

Елбасының өткен жылғы қарашадағы Жолдауында өсім, реформалар мен даму басты орынға қойылғаны мәлім. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақса-тында үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын жасау және бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту тапсырды, 2016 жылға ауданымызда халықты әлеуметтік қорғау бағытына 386,2 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 85,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 301,2 млн. теңге. Біздің салада қолданылып отырған жұмыспен қамту туралы заңға көптеген өзгеріс енгізіліп отырғаны баршамызға мәлім. Бұл өзгерістер жұмыссыз тұрғындарға, соның ішінде жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіншілік туғызып отыр.

Ұлт Көшбасшысының әлемдік күрделі жағдайларға байланысты талай қиындықтың алдын алып келе жатқаны да халқымызға жақсы аян. Елбасымыздың осы көреген саясатының арқасында дағдарыстың алдын алу шаралары әзірленді. Соның бірі – республика бойынша «Өрлеу» бағдарламасын енгізу.

Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобына көмек көрсету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2014 жылғы 28 наурыздағы №132-Ө бұйрығына сәйкес және Дүниежүзілік банктің қолдауымен, отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісімшарты негізінде аз қамтылған отбасыларына шартты ақшалай көмек (ШАК) көрсету мақсатында «Өрлеу» қанатқақты жобасы іске қосылған-ды. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру» атты 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда 2015 жылдың шілде айынан «Өрлеу» жобасы, шартты ақшалай көмек негізінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік колдайтын қанатқақты бағдарламасы біздің облысымызда Ақжайық және Бөрлі аудандарында  жүзеге  асырыла  бастады.

Осы уақыт аралығында «Өрлеу» қандай жоба?», «Оның мақсаты неде?» деген сауалдарға байланысты тұрғындар арасында ауқымды ұғындыру ісі жүргізілді. Бүгінде бұл жобаға қатысуға ниет білдіруші отбасылар аз емес.

«Өрлеу» отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында келісімшарт міндеттерін орындау арқылы мемлекеттік шартты ақшалай көмек көрсету бағдарламасы болып табылады. Осындай ақшалай көмекті енгізудегі мақсат азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға оларды ынталандыру болып табылады.

«Өрлеу» бағдарламасын халықты әлеуметтік қолдаудағы ерекше бағдарлама деп санауға болады, себебі біз бұрын атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларынан алған сол көмекті мақсатты түрде пайдалануын талап (мал алу, кәсіппен айналысу т.б.) ете алмадық. Ал «Өрлеу» бойынша тағайындалған шартты ақшалай көмек нақты мақсатқа ғана беріліп, отбасылардың  белсенділігін  арттырады.

2015 жылы маусым айында Ақжайық аудандық мәслихатының №28-5 шешімімен әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасына толықтырулар енгізілді (007 кіші бағдарламасы). «Өрлеу» бағдарламасы шартты ақшалай көмек түрімен толықтырылып, әділет органдарында тіркелгеннен кейін алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізілді. Осы қағиданы негізге ала отырып, тағайындау  жұмыстары  жүргізілді.

Былтырғы 1 шілдеден бастап «Өрлеу» бағдарламасына 15 отбасы (71 адам) қатысып, қазіргі таңда оның жемісін көріп отыр. Олар әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамтылды. Тарқатып айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға және «Жастар тәжірибесіне», тұрақты жұмысқа орналасып, еңбектенуге мүмкіндік алды. Жергілікті бюджеттен 15 отбасына 2,8 миллион теңге мөлшерінде шартты ақшалай көмек тағайындалып, төленді. Бұл көмектің орташа айлық мөлшері 6709,9 теңгені құрайды. Әр ай сайын ауылдық округ әкімдерінен бағдарламаға қатысушылардың мәліметтері жинақталып, есебі жүргізілді. Қазіргі уақытта 14 отбасы қосалқы шаруашылығына мал сатып алса (1 жылқы, 2 бас ірі-қара, 107 қой-ешкі), 1 отбасы кәсіпкер ретінде тіркеліп, шаштараз кәсібімен айналысуда.

Ел үкіметі жүргізіп отырған белсенді әлеуметтік саясат кедейлік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. 2014 жылмен салыстырғанда аз қамтылған отбасылар 32,4 пайызға азайды.

Иә, шартты ақшалай көмек азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге ынталандырады. Мәселен, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының І бағыты бойынша құрылыс жұмыстарына, әр түрлі мамандықтарға қайта даярлау курсында оқуға, басқа да ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сөйтіп, табысы көбейеді. Бұл, әрине, аз қамтылған жәрдемақы алушылар қатарындағы азаматтарға ұсынылуда.

2016 жылға жобаның насихатталуы бойынша кешенді шаралар жоспары жасалынды. Ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарының басын қосып, істі пысықтап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді және бөлім мамандары ауылдық округтерге іссапарларға шықты. Мұндай жұмыс, әрине, жалғасын табады. Аудандық уәкілетті органдарға 10 ассистент және бір  консультант қабылданды, олар қазіргі таңда бағдарламаны насихаттау жұмыстарымен шұғылдануда. Қазіргі кезде барлық ауылда тиісті жұмыс жүріп жатыр. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесе жұмыс жүргізу арқасында консультанттар мен ассистенттер 16 отбасымен консультациялар өткізді, оның ішінде бірінші кезекте жұмыс жасындағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және балалар жәрдемақысын алушыларды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының І бағыты бойынша үш  адам әлеуметтік жұмыс орнына тартылса, бір жас маман «Жастар тәжірибесіне», 14 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама алды, екі жұмыссыз тұрақты жұмысқа жолданды. Жобаға қатысуға ниеттенген өтініш беруші өз қолымен өтініш пен сауалнаманы толтырады, құжаттар топтамасын тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық округ әкіміне тапсырады. Өтініш берген айдың алдындағы 12 айда отбасының жан басына шаққандағы айлық табысы облыстарда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспаса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, табысы аз адамдар қатарындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар санатына жатқызылғандарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар көрсету үшін жолдама береді. Бұл ретте егер отбасы құрамындағы үш жасқа дейінгі балаға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж І және ІІ топтағы мүгедектерге, сексен жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын еңбекке қабілетті мүшелері үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу міндетті  шарт  болып  табылмайды.

Жалпы, бағдарлама бойынша 285-тен астам адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл салаға республикалық бюджеттен 13,7 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге бөлініп отыр.

Талғат ҚАЙРЕКЕЕВ,

жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы,

Ақжайық ауданы