19.03.2016, 6:01
Қараулар: 44
«Жауқазын – 2016» жобасы басталды

«Жауқазын – 2016» жобасы басталды

IMG_8315


Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жауқазын – 2016» жобасының ашылуы болып, Ақжайық ауданы балалар шығармашылық орталығының жас суретшілері мен қолөнер шеберлерінің «Ұлы елдің ұланымыз» атты көрмесі өтті.


Ашылу рәсіміне қатысқан Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова шараға жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, басталған іске сәттілік тіледі. Шараға Ақжайық ауданының еңбек ардагерлері, құрметті азаматтары мен азаматшалары, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Өнер көрмесіне Ақжайық ауданы балалар шығармашылық орталығының үйірме мүшелері мен жетекшілерінің кескіндеме, графика, мүсін, фотоөнер, зергерлік, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылды. Мұндағы әр туындыда қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, мәдениеті және тәуелсіз жылдардағы еліміздің жетістіктері айқын көрсетілген. Көрмеден кейін жас өнерпаздарға шеберлік сағаттары өткізілді.

Аталмыш жоба тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 25 жас талантты анықтауды мақсат етіп, желтоқсан айына дейін барлық аудандардың өнерпаздары қатысады деп жоспарлануда.

Ақжайық ауданының көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары 8 сәуірге дейін тамашалай алады.

Ләззат ШАҒАТАЙ

Суретті түсірген  Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар